Жаңа оқу жылына дайындық пысықталды

594

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаладағы бірқатар білім мекемелеріне барып, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын бағамдады.

Аймақ басшысы алдымен Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейге барды. Білім ошағында 230 педагог қызмет істесе, оның 99 проценті коро­на­вирусқа қарсы екпенің толық курсын алған. Қазір мектепте оқитын 2200-ден аса оқушының ата-анасына екпе­нің маңыздылығы, «Ashyq» қосым­шасы туралы түсіндірме жұмыс­тары жүргізіліп жатыр.


Биыл мектепте 1-сыныпқа 258 бала қабылданбақ. Олардың қауіпсіздігі үшін «бір сынып – бір кабинет» жүйесі сақталған. Өңір басшысы оқушылардың толыққанды, кедергісіз білім алуы үшін карантиндік та­лаптарды қатаң сақтауды назарға салып, дәстүрлі форматта білім алуға оралған әрбір оқушының денсау­лығына жете мән беру керектігін қатаң тапсырды.


«Дәстүрлі форматта бала­ларымыз мек­теп­ке келіп оқитын­дықтан балалардың карантин талаптарын нақты орындап, сақтық шараларын сақтауына көңіл бөлінуі тиіс. Оқушылар арасында түсіндірме жұмыстарын күшейту қажет. Ал, әрбір педагог балалардың денсаулығы үшін екпенің толық курсын алуы маңызды» – деді облыс әкімі.


Мұнан кейін облыс әкімі Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектептің оқу жылына дайындығын көрді. Бұл мектепте 2000-нан аса оқушы білім алады. Өткен оқу жылында 287 оқушы дәстүрлі форматта, 1875 оқушы онлайн форматта білім алған. Биыл бұл мектепте 1-сыныпқа 785 бала қабылданады. Жаңа оқу жылындағы тағы бір жаңалық – қазақ сыныбының ашылуы.


Гүлшара Әбдіқалықова қалып­тасқан жағдайды ескере отырып, мектепке оралатын оқушылардың қауіпсіздігі үшін мұғалімдер мен ата-аналардың жауапкершілігі аса маңызды екенін тілге тиек етті.


Білім нысандарын бақылауға алған облыс әкімі С.Толыбеков атындағы №3 мектеп-лицейінде де болды. Мұнда екі мыңнан аса бала білім алады. Ұстаздардың 100 проценті екпе салдырған. Оқушы санының көптігіне байланысты мектеп үш ауысымға көшу қаупінде тұр. Бұған байланысты облыс әкімі білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымоваға аталған мәселені шешу тетіктерін қарас­тыруды және адам шоғырын шектеу үшін жаңа оқу жылында барлық мектептерге «бір сынып – бір кабинет» жүйесін қолдануды тапсырды.


Оқудың дәстүрлі форматта өтуіне байла­нысты барлық мектептер «Ashyq» қосым­ша­сына қосылған. Сонымен бірге, маска­лық режимнің сақталуы, кварцтау, желдету, дезин­фекциялау шара­ларын қатаң сақтауы тиіс.


Айта кетейік, аймақтағы 177 196 оқушының он проценті мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Яғни 18 мыңнан аса оқушы үшін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығы беріледі.
Облыс әкімі жаңа оқу жы­лына дайындық барысын осылай тағы бір пысықтап, санитарлық-эпи­демиологиялық жағдайды толық бақылауда ұстау қа­жетті шараларды уақытылы қабылдау керектігін қатаң ескертті.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<