Жаңашылдыққа ұмтылған білім ұясы

923

0

Жаңақорғандағы №110 мектеп-лицейі – аудандағы іргелі білім  ошақтарының бірі. 1200 орынға арналған мектепте қазір 1700 бала оқиды. Білім ұясы облыстағы 50 инновациялық мектеп қатарында.

1996 жылы 420 оқушымен орталау мектеп болып ашыл­ған білім беру мекемесі  2012 жылы мектеп-лицей статусын алды. Бүгінде мұнда жаратылыстану бағытында химия, биология пәндері тереңдетіліп оқытылады.

Мектеп-лицей директоры Әділмырза Тәждиновтің айт­уынша, мекеменің мате­риалдық-техникалық ­базасы талапқа сай жасақталған.  Мұнда  58 оқу кабинеті, 2 шеберхана, биология, физика, химия кабинеттерінде зертхана құрал-жабдықтары бар. Оған қоса 500 орындық акт залы мен 400 орындық асхана да қызметін атқаруда. Мектептегі типтік спорт залы да талай өреннің спортқа деген құлшынысын арттырып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беруде. 

Мектеп ұжымы да көпке үлгі. Мұндағы жарасымды, жүйелі тірліктің орын алуына ұжым мүшелерінің де үлесі зор. Жаңашылдыққа ұмтылған мұғалімдер қауымы үнемі ізденіс үстінде.

Ұжым демекші, мұнда 158  жоғары білімді мұғалім еңбек етеді. Олардың 34-і жоғары санатты педагог-зерттеуші болса, 38-і І санатты сарапшы мұғалім, ал 47-сі ІІ санатты педагог-модератор.

– Педагог кадрларымыздың барлығы түгел түрлі бағыт­тағы курстардан өткен. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 100%, пән бойынша 95%  қамтылды. Деңгейлік курстан өткен 21, үш тілділік бойынша оқыған 5 мұғаліміміз бар, – дейді мектеп директоры.

Мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі білім жарыстарына белсенді түрде қатысады. Пәндік олимпиадалар, ғы­лыми-зерттеу жобаларына қа­тысып, мектеп абыройын асырып жүр.

Атап айтқанда, химия, биология және геогра­фия пән­дерінен мектеп оқу­шы­ларының «Жас зерттеуші» облыстық ғылыми-зерттеу жо­балар бай­қауында химия бағыты бойынша 10 сы­нып оқушысы  Дилназ Қалкөз І орынды жеңіп алса, республикалық олимпиаданың облыстық кезе­ңінде 5 сынып оқушысы Айзере Дәуренбек І орынды иеленді. Ал рес­публикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде «Биология» секциясы бойынша мектеп оқушысы Айда Нұрлах І орыннан көрінді. Осы конкурстың Математика секциясында Зарина Қалкөз ІІ орын алып, мектеп мерейін өсірді.

Тек пәндерден ғана емес, мектеп шәкірттері шығар­машылық байқаулардан да талай­ларды шаң қап­ты­­рып, жүлделі орындарды қан­жыға­ларына байлап жүр. Мысалы, 8-11 сынып оқу­шылары арасында қашық­тан өткізілген «Абай әлемі» шығар­машылық байқауының облыстық ке­зе­ңінде Асылзат Сатыбалды ІІІ орынды иеленді.  ІІІ халықаралық «ART BASTAU» байқауында көркем сөз номинациясы бойынша үздік өнер көрсеткен 11 сынып оқушысы Біржан Ролан мен 6 сынып оқушысы Шахназ Саяуышқызы бас жүлдені жеңіп алды.

Жалпы мектеп шәкірт­терінің жетістіктерін сау­сақпен санамалау мүмкін емес. Толағай табысқа жетіп, білім ұясының беделін көтеріп, атағын аспандатып жүрген  алғыр, өнер-білімге құштар шәкірттер жетерлік.

Оқушылармен қатар мектеп мұғалімдерінің де жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.  Мәселен, рухани-адамгершілік тәрбие жұ­мыстары мен өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің аудандық «Үздік өзін-өзі тану мұғалімі -2020» байқауында пән мұ­ғалімі Әйгерім Қалдыбаева І орын иеленді. Аида Абдул­лаева – «Шығармашыл ұстаз» төсбелгісімен марапатталған шығармашыл ұстаз. Математика пәнінің мұғалімі Бағила Рүстемова мен биология пә­нінің оқытушысы Рыскүл Абдразақова – ҚР Білім және ғылым министрінің «Алғыс хатымен» марапатталған мерейлі жандар.

Ұстаздардың білімі мен білігі мұнымен ғана өл­шенбесі белгілі. Әр­дайым шы­ғармашылық, кәсіби ізденісте жүретін, жаңа­шылдыққа жаны құмар ұстаз – ұжым мақ­танышы.

Ұстаздардың, жалпы, ұжым­­ның бағы сыналып, ең­бегі көрінетін кез бұл – ҰБТ екені белгілі. Білім безбенінде шәкіртінің бағы жанып, жоғары бал жинаса, білім ошағының да беделі артары сөзсіз. Бұл жағынан келгенде №110 мектеп-лицейінің еңсесі биік деп айта аламыз.

Биылғы оқу жылы да аяқталды. Мектепті 40 бала бітіріп отыр. Олардың 38-і ­ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Түлектердің арасында 4-еуі Алтын белгіге, біреуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Өткен оқу жылында 41 бала бітіріп, 5 оқушы Алтын белгі иегері атанған еді. Биылғы «Алтыннан» үмітті түлектерге де алдыңғы буынның жолын берсін дейміз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<