Жедел желі: үйлестік үзілмеуі керек

594

0

Америкалық кинолардың бәріне  ортақ  бір сценарий бар. Қиындыққа тап болып, кез келген штатының елсіз мекенінде   қалып қойған адам, телефон соғып әлдебіреулерден көмек сұрайды. Артынша ізін суытпай жедел жәрдемі бар, шерифі бар, құтқару қызметі бар тайлы -тұяғы қалмай бірінен кейін бірі көмек көрсетуге келіп жетеді. Ол мейлі таудың ұшар басы болсын, не жердің асты болсын, не суда қалсын, келеді, көмек көрсетіледі. Бұл сюжеттер 911 жедел  желісі жайлы.

Құтқару қызметінің жедел желісі АҚШ-та алғаш 1968 жылдың 16 ақпанында Алабама штатында, Хейливилл қаласында жұмысын бастаған.   Кішкене қалада пайда болған жүйені 1972 жылы Федералды комиссия  911 номерін барлық штаттарда іске қосуды ұсынған.

Дегенмен, 1980 жылдары ғана америкалықтар атаулы номерге үйренісіп, пайдалана бастады.

Канадада 1959 жылдан бастап британдық құтқару қызметіне ұқсас 999 бірыңғай жедел жәрдем номері бар болатын.  1972 жылы Канада билігі америка экспериментінің маңыздылығын мойындап, 911 номерін пайдалана бастады.

Осылайша жедел желі халықаралық мәртебеге ие болып, әлем елдері арасында таныла бастады. Қазіргі таңда 911 құтқару қызметі – мүмкіншілігі жоғары жүйе. Алты мыңнан астам басқару орталығы бар желіге қоңырау шалып, көмек сұраған адамның телефон номері, қоңырау шалған мекен-жайы немесе тұрған жері оператордың дисплейінде автоматты түрде көрсетіледі. Бұл құтқару қызметін жеделдетуге мүмкіндік береді. Тіпті жәрдем сұраушы адам сөйлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда да, операторға керек көмек түрінің (жедел жәрдем, полиция, құтқару қызметі және т.б.) реттік номерін теру де жеткілікті.

Қазақстан Республикасында  2018 жылдан басталған «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі» пилоттық жобасы 2023 жылға дейін сынақтан өтеді деп күтілуде. Бұл пилоттық жоба өз өміршеңдігін дәлелдеген жағдайда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап  республика көлемінде толық енгізілуі керек. Жедел желі жұмысына қатысты қоғамда сан түрлі пікір бар. Бірі қолдайды, кемшілігін тізе айтатындар да жеткілікті. Көрсетілген кемшіліктер мен олқылықтар назарға алынды ма? Пилоттық жоба  барысында қордаланған мәселелер ендігі бес ай мерзімде өз шешімін тауып, жоба күтілген нәтижені ақтай ала ма?

112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А.Қ.Жұмағалиевтің төрағалығымен өткен 2018 жылғы  14 мамырдағы Кеңес хаттамасындағы ҚР Ішкі істер министрлігі,  облыстық ішкі істер департаменті, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп қауіпсіздік саласындағы пилоттық жобасын жүзеге асыру бойынша тапсырмасына сәйкес сол кездегі облыс әкімінің орынбасары цифрландыру саласына жетекшілік ететін Е.Г.Кимнің төрағалығымен  «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет» пилоттық жобасын іске қосу үшін жұмыс тобы құрылып, тиісті іс-шаралар қолға алынды.

Сонымен қатар, «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі» пилоттық жобасын өңірлерде ендіру үшін Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігі, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрліктері арасында 2019 жылы бірлескен бұйрық бекітілген болатын. Аталған пилоттық жоба еліміздің Батыс Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Атырау және Қызылорда облыстарында жүзеге асырылуда. «112 – БКДҚ» пилоттық жобасының  негізгі мақсаты  – 101, 102, 103, шұғыл қызметтерін 112 бірыңғай қызмет номеріне біріктіру.

Пилоттық жобаны іске асыру мақсатында Сыр өңірінде  2018-2019 жылдар аралығында кезең-кезеңімен облыстық бюджет есебінен жалпы сомасы 271 559 000 теңге қаражат бөлінген болатын.

Оның ішінде 2018 жылы 165 309 000 теңге қаражат пилоттық жобаны әзірлеуге, серверлерге арналған бөлмелермен жарақтандыруға, компьютерлік және серверлік жабдықтарға, SIP-телефондарға, гарнитураларға, бейне қабырға және БКДҚ-112 жүйесі үшін резервтік үздіксіз қоректендіру сатып алуға және демалыс, ас ішу бөлмелерін жабдықтауға жұмсалды.

2019 жылы 106 250 000 теңге қаражатқа облысқа «Коmek-112» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі алынды.

Пилоттық жобаны іске асыруда орын алып отырған келеңсіз жайлар облыстық қоғамдық кеңес мүшесі С.Теңізбаевтың бастамасымен облыс әкімдігінде өткен отырыста қаралды. Облыстық  қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Хожбанов төрағалығымен өткен жиында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Б.Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Смағұл, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, ҚР ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің басшылығы, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқарма басшысы, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері және  аталған салаларға жауапты облыстық басқарма, мекеме басшылары қатысты. Сонымен қатар кеңес отырысында пилоттық жоба іске асырылғандағы күтілетін нәтижелер жайында сөз етілді.

«Біріншіден, қазірде Қызылорда облысы бойынша шұғыл қызметтерде шоғырландырылған 27 диспетчер саны 15-ке қысқартылып, жұмыс тиімділігі арттырылады. Екіншіден, азаматтар 112  желісіне қоңырау шалу арқылы әрбір қызметке жеке-жеке қоңырау шалуды қажет етпейді. 101, 102 номерлеріне қоңырау түскен жағдайда автоматты 112 қызметіне түседі. Үшіншіден, келіп түскен қоңыраулардың қажеттілігіне қарай бір мезетте автоматты жүйе арқылы барлық қызмет түрін оқиға орнына кешенді жіберуге мүмкіндік туады. Төртіншіден, GPS арқылы қоңырау шалушы орналасқан орынға ең жақын экипажды немесе бригаданы жолдауға мүмкіндік туады. Бұл көмек көрсету уақытының тиімділігін арттырады. Бесіншіден, автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы шұғыл  қызметтердің  қоңырауларды қабылдау процесі орталықтандырылып, есептік цифрландырылды. Сондай-ақ әр шұғыл қызметтің жұмыстары ашықтыққа әкеледі» делінген ұсынылған ақпаратта.

Пилоттық жоба жұмысымен танысып, процесті көзбен көру үшін облыс әкімі аппаратының «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-де болдым. Көзге бірінші  түскені  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 13 тамызындағы №555 қаулысына сәйкес Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жедел әрекет ету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметінің «Komek-112» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі «Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері» тізіліміне енгізілген болса да есік алдында арнайы мамандандырылған күзет қызметінің болмауы. «Кіремін, шығамын» деген адамға ешқандай тосқауыл жоқ, емін-еркін. Ақпараттық қоғамда ақпараттан артық ресурс жоқ екенін ескере отырып,  стратегиялық маңызы бар, террористік актілерге осал  объектілер қатарына жатқызып,   арнайы күзет қызметімен қамтамасыз етілу қажеттілігін ұсынамын. Жыл басында орын алған белгілі Қаңтар оқиғасы барысында атаулы мекемеде орналасқан бірнеше диспетчерлік қызметтерден 102 желісіне жауапты бірнеше ғана азаматтар жұмыс орнында қалғаны және содырлар мен басбұзарлар ішке еркін кедергісіз кіріп, жараланып ауруханаға түскен және мәйітханаға жеткізілген жақтастары жөнінде қажетті ақпаратқа қол жеткізді деген мәлімет бар. Қандай да болмасын төтенше жағдай кезінде ақпарат орталығы қорғауда болуы тиіс.

2022 жылдың 5-7 қаңтар күндері аралығында көмек сұраған облыс және қала тұрғындарынан 4,5 мыңнан аса әртүрлі  қоңырау  түсіп, қоғамдық тәртіп, жедел жәрдем және төтенше жағдайларға жауапты мемлекеттік қызметтердің ешқандай шара көрмей, тұрғындар тарапынан түскен ақпараттарға  жауапсыз қалғаны бәрімізге белгілі.

Қауіпсіздік жайлы «Жедел әрекет ету орталығы» КММ директоры О.Өтебеков: «Бүгінгі күні аталған бағыт бойынша «Жедел әрекет ету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан жүргізілген талдау нәтижелеріне сәйкес Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығын құру штатта ақпараттық қауіпсіздіктің жоғары білікті мамандарының болуымен және ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығын қымбат бағдарламалық, аппараттық қамтамасыз етумен жарақтандыру қажеттілігімен ұштасатын, бюджет үшін күрделі, шығынды жұмыстардың бірі болып табылады. Осылайша «Транстелеком» АҚ және «Ұлттық Ақпараттық Технологиялар» АҚ және т.б. мекемелермен жұмыс жүргізіліп, коммерциялық ұсыныстар алынды. Аталған ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығын құру үшін облыстық бюджет есебінен қаржыландыру мақсатында тиісті бюджеттік өтінім берілді», – деді.

Одан бөлек «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-нің облыстық «Медициналық жедел жәрдем стансасы» мекемесі ғимаратының бір бөлігінде отырғаны да көңілге қаяу салады. Бұл мәселеге қатысты қазіргі облыстық экономика және қаржы басқармасына бірнеше мәрте хаттар жолданған. Алайда, басқарма тарапы бүгінгі күні бос ғимараттың жоқтығын алға тартады.

«Ішкі заңдарын» да көзбен көрдік. «103» диспетчерлік қызмет мамандарына біршама жағдай жасалса, қалған қызмет салалары операторларының тынығу, тамақ ішу бөлмелерінің жағдайы сын көтермейді. 2021 жылдың қаңтарынан бастап шұғыл сипаттағы қоңырауларды қабылдау және өңдеу үшін «БКДҚ-112» қызметінің 36 диспетчері төрт ауысыммен 24/7 режимінде 101, 102, 112 шұғыл қызметтердің қоңырауларын қазіргі уақытқа дейін қабылдауда. Алайда, 112-БКДҚ қызметі 103 желісі бойынша 01.12.2021 жылдан бастап қоңырауларды қабылдауды уақытша тоқтатқаны белгілі болды. Бұл жайлы мекеме басшысы Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы ШЖҚ КМК 2022 жылғы 7 қаңтардан бастап жаңа «АДИС» ақпараттық жүйесіне көшуіне байланысты, «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі» жобасының «Кomek-112» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен ықпалдастығы болмауына сәйкес «Бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметі – 112» пилоттық жобасы толыққанды жұмыс жасамай тұрғанын хабарлаған. Аталған мәселе «Коmek-112» ақпараттық жүйесі мен «АДИС» ақпараттық жүйесі арасындағы ықпалдастығын (интеграция) жасау арқылы шешілетіндігін жеткізген.

Енді сандарды сөйлете отырып, пилоттық жобаның кемшілігін көрсетейік. Пилоттық жоба аясында сараптамадан өткен жылдық, тоқсандық есеп көрсеткіштері Smart City тұжырымдамасының «ақылды қалалар» эталондық стандартының «қауіпсіздік» саласы бойынша жыл, тоқсан сайынғы есептіліктердің Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жолданған статистикасына сүйенсек, 2021 жылы 101 желісі бойынша 1217, 102 желісі бойынша 41540, 103 желісі бойынша 505469, 112 желісі бойынша 1623, жалпы 112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне 2021 жылы барлығы 549849 қоңырау келіп түскен. Енді осы тұста жедел желіге түскен 550 мыңдай қоңыраудың  500 мыңнан астамы 103 қызметіне келіп түскенін ескере отыра, пилоттық жобадан тыс жұмыс істеуге жол бергендердің әрекеті пилоттық жоба жұмысын ілгерілетуге қосқан үлесі ме, әлде басқалай себебі бар ма? Биылғы көрсеткішті қоса назарыңызға ұсынсақ. 2022 жылдың қаңтар-маусым аралығында 112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет шұғыл қызметіне барлығы  68476 қоңырау түсіп, өңделген. Оның ішінде өрт сөндіру қызметі бойынша (101) 993 шақырту, құқық қорғау органдарына (102) 58533 шақырту, төтенше жағдайлар қызметіне (112) 277 шақырту түскен. Сондай-ақ 112 желісіне медициналық сипаттағы жедел жәрдем қызметі бойынша 8673 қоңырау болған. Аталған мекемені барлық қауіпсіздік шаралары мен тиісті техникалық жабдықтары бар ғимаратпен қамтамасыз ету және 103 желісін біріктіру мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппағанын облыс басшылығының назарына ұсынуды жөн санаймын.

112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне қабылданған инспектор операторлардың орташа жалақысы жөнінде сұрағанымызда, «Жобаны тиімді іске асыру мақсатында мекемеге диспетчерлік қызметке жұмысқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1193 қаулысына сәйкес «С-3» (орта буынды медициналық білімі бар қызметкерлер айлық лауазымдық жалақысы – 72050 теңге) санатымен қабылданатынын білдік. Бұл өз кезегінде БКДҚ-112 қызметіне медициналық білімі бар азаматтарды жұмысқа қабылдауда қиыншылық тудыруда. Себебі, 112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне қабылданған операторлардың орташа жалақысы 100-120 мың теңгені құраса, осы қызмет типтес Жедел жәрдем стансасының оператор-диспетчерлерінің орташа жалақысы 250-280 мың теңгені құрайды.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі БКДК-112 қызметіне қатысты «Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік 112 қызметі туралы үлгілік ережені бекіту туралы», «Бірыңғай кезекші-диспетчерлік 112 қызметі мен Қазақстан Республикасының аумағындағы кезекшілік диспетчерлік қызметтердің қызметін үйлестіру қағидаларын бекіту туралы» құжаттарды дайындауда.

Осыған орай медициналық білімі бар жоғары дәрежелі, тәжірибелі мамандарды БКДК – 112 қызметіне тарту және №1193 қаулысының №5 қосымшасына сәйкес жалақыны 1,5 есе арттыру мақсатында «Медициналық қызметке лицензия» (консультациялық-диагностикалық көмек, дәрігерге дейінгі кеңес беру) алу қажет етіледі» деп жауап берді «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-нің директоры О.Өтебеков. 

Осы тұста бастаманы қолдай отыра, қалған операторлардың да жалақы жағдайын арттыру керек деп санаймыз. Жалақы көлемі артуымен қатар жауапкершілік деңгейі артатыны да адами фактор. Сондай-ақ  операторлардың кәсіби ерекшелігін де ескерген абзал секілді. 112, 101, 102, 103 желілерінде қызмет ететін диспетчерлердің кәсіби біліктілігі туралы жолдаған сауалыма «Қазіргі уақытта 112 қызметінің диспетчерлерін арнайы даярлау бағдарламасы болмағандықтан, персоналдың біліктілігін арттыру қажет етіледі. Осыған сәйкес, шұғыл қызметтердің қоңырауларын қабылдау барысында орын алатын қателіктерді жою, инспектор операторлардың 103 желісі бойынша қоңырауларды қайта қабылдау және мамандардың тәжірибелерін арттыру үшін  Нұр-Сұлтан қаласындағы Медициналық университет жанындағы Оқыту орталығы тарапынан «Мамандарды кешенді даярлау 101, 102, 103, 112 бағдарламасы әзірленді. Әзірленген оқу бағдарламасына сәйкес, аталған кешенді даярлау орталығынан коммерциялық ұсыным алынып, облыстық бюджет есебінен қаржыландыру мақсатында тиісті бюджеттік өтінім берілді. Сондай-ақ, облыстық полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің әріптестері тарапынан 112 диспетчерлерімен жиі тәжірибе алмасу ұйымдастырылуда», – деген жауап берілді.

Осы тұста адам өміріне жауапты жедел қызмет саласы операторларының білімі мен біліктілігі, өмірлік тәжірибесі өте маңызды рөл атқарады. 

Жоғарыда көрсетілген олқылықтарды ескере отырып, «112 – Бірыңғай кезекшілік- диспетчерлік қызметі»  пилоттық жобасы  жұмысының жүйеленуіне ықпал ету үшін әр қызметтік сала бойынша жауапты мамандар бірігіп жұмыс істеу қажет. Халқымызда «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөз бар. Өзге өңірлердің тәжірибесін ала отырып, адам өміріне тікелей байланысты, маңызды жобаны іске асыруда Үкімет тарапынан қатаң бақылау, ұтымды үйлестіру болуы қажет деп ойлаймын. 

Әмір-Бек ШАЙМАҒАМБЕТОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

ҚР ІІО құрметті қызметкері, отставкадағы полиция полковнигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<