Біле жүріңіз!

735

0

Үй тірлігінде жүріп түрлі жағдайға тап болуымыз мүмкін. Ас үйде жүретін әйелдер қауымы мұны жақсы біледі. Күтпеген жерден келеңсіздіктер пайда бола қалады. Тамақ әзірлеп немесе жеміс-жидекті пышақпен аршыған кезде абайсызда қолды қанатып алуымыз мүмкін. Бұл жағдайда не істеу керек? Бақажапырақ пен жолжелкеннің жапырақтарын қайнаған сумен жақсылап жуып,сілкіп алып, қан ағып тұрған жерге басса , бірден басылады. Егер жара іріңдеп кетсе, оны тазалау үшін календула тұнбасын пайдалану керек. Пышақ кескен тілікті ұмыт қалдыруға болмайды. Жараға кір, топырақ енсе сумен жуа салу аздық етеді. Тілік жараны сутегі тотығының ерітіндісімен сүртіп тазартқан жөн. Жара айналасындағы теріні йодпен сүрту керек. Үй жағдайында спиртпен, арақпен, жасыл дәрімен, тіпті болмаса әтірмен де сүрте беруге болады. Жараның бетін микроб түспейтіндей 4-5 күнге орап тастау керек. Инфекцияның түсуі өте қауіпті. Сондықтан барынша сақ болу қажет.

Тікен. Егер саусаққа тікен кіріп кетсе, оны сол күйінде қалдыруға болмайды. Оның үстіне оны дұрыстап ала білу қажет. Кактус инелері, ұсақ жоңқа, балық сүйектері өте қауіпті. Оларды алып шығу да оңай шаруа емес. Одан іріңдеген жара баяу жазылады. Үй жағдайында қолыңызға тікен кірсе, кір сабынмен мұқият жуып, киім тігетін ине немесе маникюр пинцетін спиртпен дезинфекция жасай отырып тікенді ала аласыз. Тікенді алғаннан кейін, орнына йод немесе әтір жаққан дұрыс. Инені жара бойымен дұрыс қолдана білу керек. Өте тереңдетудің қажеті жоқ.

Күйік. Кез келген дүниеден күйік алуыңыз мүмкін. Үтіктен, ыстық, қайнаған су, техникалық құрылғылардан. Күйік болғанда адам температурасы жоғарылайды. Оның салдарынан тері жасушалары өледі. Сол үшін де күйген жерді салқындату қажет. Ағып тұрған суық судың астына 10-15 минут ұстаған жөн. Сонымен қатар таза дәкені немесе маталы майлықты орауға, салфеткаға мұзды орап басып қоюға да болады. Тері қызарып, күлдіреу пайда болса, арақпен сүрту қажет. Ең дұрысы: фурацилин антисептигіне матаны малып алып, соны 1-2 сағатқа орап қойған дұрыс.

Көгеру. Адам денесі бір затқа соғылып көгерсе, оны бақылаған дұрыс. Егер көгерген түс қызылдан ақшыл көкке, кейін шие түсіне, содан соң сарыға айналып тараса, бәрінің қалыпты болғаны. Түсін өзгертпей, одан әрі қызара түссе дәрігерге көрінген дұрыс. Ол – іріңдей бастағанның белгісі. Көгерген жерге көмекке бірден келетін мұз немесе суық су. Десе де, алма сіркесуының пайдасы өте зор. Ерітіндімен компресс жасаған да артық етпейді.

Теріскен. Көзіңіз қызарып, жасаурай бастаса, теріскеннің алғашқы белгілері деп біліңіз. Дәріханалық түймедақтан тұнба дайындаған дұрыс. 1 ас қасық түймедақ гүлін қайнаған суы бар стаканға салып қою керек. Жарты сағаттан соң тұнбаны сүзіп алып, дәкені малып теріскенге басу керек. Көз-қабақтың маңайын сарымсақтың бір бөлігімен сүртіп қойсаңыз болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<