COVID-19: Қатер мен қапер

758

0

Ревакцинация: Елімізде екпенің үшінші компоненті салына ма?

Мемлекет басшысы Жолдауда пандемия кезінде жоспарлы скрининг пен ота жасау кейінге қалғанын, ал бұған жол беруге болмайтынын баса айтты. Сондықтан алдағы уақытта да медицина саласына қомақты қаржы құйылады. Бұл қаражаттың инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуы бақылауда болмақ. Мұнан бөлек, Президент бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындау қажеттігін қаперге салды. Себебі, қазір екпені ем дейтіндер мен пайдасы кем дейтіндердің таласы тоқтаған жоқ. Десе де, инфекцияның алдын алу жолындағы қарекет жалғасуда.

«Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Біз оның қашан болатындығын күтіп қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүруге, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек. Бізге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет. Сонымен бірге бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн. Дерек бойынша қазір елімізде вакцинаның I компонентін 6 709 478, II компонентін 5 502 652 тұрғын салдырған», – деді Мемлекет басшысы.

Ал, ел аумағындағы екпе пункттерінде вакцина дозасы жеткілікті. Оның қатарында Қазақстанда қолдануға мақұлданған «Спутник V», «QazVac», «Vero­Сell», «Hayat Vax», «CoronaVac» бар. Бұл ретте біз әлем елдерінде жүргізілген ғылыми басылымдардың деректері мен клиникалық зерттеу нәтижесін, мамандардың пікірін саралаған едік. Тарқатып айтсақ, Ресейдегі Н.Гамалей атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «Спутник V» тиімділігі 90%-тен асатын әлемдегі үш вакцинаның қата­рында. 3,8 миллион ресейлікті вакциналаудың нәтижесінде «Спутник V» тиімділігі 97,6% құраған. Оны әзірлеушілер зерттеуге қатысушылардың 85 процентінде кері әсер байқалмағанын хабар­лады. Қалған 15 процентінде дене қызуы көтерілген, инъекция орнында ауырсыну, бас ауруы және бұлшықет ауруы тіркелген. Қазір «Спутникті» әлемнің 67 елі мақұлдады. Қазақстан биыл ақпанда жиырма жетінші болып ресейлік вакцинаны ресми тіркеп, Қарағанды фармацевтикалық кешенінде шығара бастады.

Ал, отандық «QazVac» вакцинасын Білім және ғылым министрлігі Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірледі. Шетелдік «EClinicalMedicine» ғылыми журналында оның тиімділігі 90%-тен жоғары екені айтылады. «Өлі» вирустан жасалған вакцинаның құрамында су мен тұз бар. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария клиникалық зерттеулерге 3000 ерікті қатысқанын және вакцина алған кей адамдарда әлсіздік, дене қызуының көтерілуі ықтимал екенін мәлімдеді.

– Жанама әсер үш күннен аспайды. Басқа вакциналар секілді аллергиялық реакция сирек пайда болуы мүмкін. 21 күннен соң қан құрамында коронавирусқа қарсы антидене пайда болады. Оны 18 жастан 70 жасқа дейінгі адамдарға егуге болады, – деді ол.

Бұдан бөлек, өткен аптада институт ғалымдары қолда­ныс­тағы «QazVac» вакцинасымен қатар екінші суббірлікті «Qaz Covac P» вакцинасын жасап шы­ғарды. Бұл орайда Президент кешегі Жолдауында «Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екендігіне күмән жоқ, қазір «Qaz­Vac»-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде» деген пікір білдірді.

Сонымен қатар қазір елімізде бірінші компонентін 225 594, екінші компонентін 112 846 адам алған «CoronaVac» вакцинасын Қытайдың жекеменшік биотехнология компаниясы «Sino­vac Biotech» дайындаған. Вак­ци­наның жалпы тиімділігі Бразилиядағы сынақ кезінде төмен болғанына қарамастан, ол аурудың ауыр түрлеріне күшті қорғаныс көрсетті. «VeroСell»-вакцинасы да Қытайда өндіріледі. Ал, «Hayat-Vax» Біріккен Араб Әмірлігінде шыққан. Ол 18 жастан асқандарға арналған. Президент жауапты министрлікке танымал «Pfizer» вакцинасын қолжетімді етуді де тапсырған еді. Жақында елде уақытша тіркелген вакциналар тізіміне «Pfizer-BioNTech Comirnaty» «Комирнати» вакцинасы қосылды және оған 8 ай мерзімге уақытша тіркеу куәлігі берілді. Денсаулық сақтау министрлігі ата-анасының келісімі бойынша 12 жастан асқан балаларға екпе егу жоспарланғанын хабарлайды. Вакцинация әлі басталмаған. Бірақ, мамандардың айтуынша, нақты уақыт кейін белгілі болады. Бұған дейін аталған компаниялар вакцинаның үшінші дозасын салу, яғни ревакцинация туралы мәселені алғаш болып көтерген болатын. «Тағы бір компонент адам ағзасындағы антидене санын көбейту үшін қажет» дейді мамандар. Айта кетейік, бүгінде вакцинаның үшінші дозасын салдыруды бастаған ел бар. Ол – Израиль. Бізде де вакцинаны қайталап егу жүруі мүмкін.

Денсаулық сақтау министрі «Ревакцинацияның екі түрі бар. Ұжымдық иммунитетті жалпы 60-70 процентке жеткізгенге дейінгі шұғыл екпемен қатар жоспарлы ревакцинация ескерілген. Ол жылына бір рет болады. Қазір мерзімді пысықтап жатырмыз, себебі Қазақстанда вакциналау ақпан айынан басталды. Адамдардың басым бөлігі маусым-шілде кезеңінде екпе алды. Олардың ағзасындағы анти­де­нелер әлі де бар, деңгейі жоғары. Сондықтан екінші дозаны алған соң ол 9 айдан кейін, шамамен қазан айында күнтізбеге енгізіледі» деген хабармен бөлісті.

Тағы бір айта кетерлік жайт, басқа елдерге саяхаттау үшін де вакцинаның ролі зор. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) американдық «Pfizer/BioNTech», «Jannsen» және «Moderna» вакциналарын, британ-шведтік «AstraZeneca» және оның үнділік нұсқасын, «Sinopharm» мемлекеттік корпорациясы шығарған жаңа үлгідегі қытайлық вакцинаны қолдануды мақұлдады. Соңғы ақпаратқа сәйкес, «Спутник V» әзірлеушілері алдағы уақытта ДСДҰ-ның мақұлдауын күтуде. Сондай-ақ, қазір көптеген мемлекеттер вакцинацияның электронды паспорттарын әзірлеуде. Ең танымалы – «Travel Pass». Мобильді қосымшада саяхатшылар ПТР-тест нәтижесі туралы анықтамаларды, сондай-ақ COVID-19 вакцинациясы туралы ақпаратты сақтай алады. Шекарадан өткен кезде турист инфекция жұқтырмағаны туралы электронды дәлелдер ұсына алады. Жақында eGov Mobile жүйесі «Travel Pass»-пен біріктіріліп, қазақстандықтардың осы қосымшаны пайдалануына мүмкіндік қарастырылуда.

Қыркүйекте тексеру басталады

Тағы бір мәселе, вакцина алу міндеттілігіне қатысты. Атап айтқанда, қызмет көрсету саласының жұмысшылары, сондай-ақ адам саны 20-дан асатын ұжым қызметкерлері 1 қыркүйекке дейін COVID-19-ға қарсы екпе салдыруы тиіс. Олай болмаған жағдайда жұмысшылардың жұмыс істеуіне жол берген кәсіпкерлерге ҚР Әкімшілік кодексінің 462-бабы бойынша айыппұл салынады. Бірақ, бұл ретте қарсы медициналық көрсетілімдер ескеріледі. Екпенің әрбір түріне спецификалық қарсы көрсетілім қарастырылған. Олар – созылмалы аурулар, обструктивті бронх демікпесі. Ауыр аллергиялық реакция мен жүктілік, бала емізу кезеңі де вакцинаға қарсы медициналық көрсетілім қатарында. Сонымен қатар 18 жасқа толмағандарға сыналған вакцина әзірге елімізде болмағандықтан, кәмелетке толмағандарға вакцина салынып жатқан жоқ. Алайда жаңа оқу жылына орай мектеп мұғалімдері вирусқа қарсы толығымен егіл­ді. Алысқа бармай-ақ, өңірді алайықшы.

Бүгінде облыста 1-қыркүйектегі мәлімет бойынша I компонентті 261 409 адам алса, II компонент 210 563 адамға салынған. Оның қатарында аудандық, қалалық білім бөлімінің басшылары, директорлар мен педагогтар бар.

– Білім саласында еңбек ететін ұстаздар қауымы үшін екпенің маңызы зор. Олардың 97 проценті вакцина алды. Қазір мектепке келетін балалардың денсаулығына мән беріп, 5 сатыдан тұратын дезинфекциялық тексерудің толыққанды іске асуын қадағалауда ұстаудамыз. Сондай-ақ, қарым-қатынасты шектеу, балалардың үзіліс уақытында шоғырландыруын болдырмау бағытындағы жұмыс нәтижелі, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Ал, студенттерге қатысты сауалдарға Білім және ғылым министрлігі жауап берді. Вакцинаға қарсы көрсетілімі бар студенттердің жөні бөлек. Басқалары жатақхана, кітапханаларға «Ashyq» жүйесі арқылы кіргізілмек. Бетперде тағу режимі мен басқа да санитарлық талап қатаң сақталады. Бұл ретте әр курстың сабағы әртүрлі уақытта басталатынын да ескеру керек. Бұған дейін «3-4 курс студенттеріне оқу 1 қыркүйектен, ал 1-2 курс пен магистранттар үшін сабақ қыркүйектен, бірақ бекітілген академиялық күнтізбе бойынша 30 қыркүйектен кешіктірілмей басталады» деген болатын Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев. Қорыта айтқанда, студенттердің арақашықтығын сақтау және жиналуына жол бермеу үшін каскадты әдіс қолданылуда. Бұдан бөлек, осы студенттер арасында алғаш болып вакцинаны қолдау акциясы қолға алынды. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Вакцина алып, ұтысқа қол жеткіз!» науқанын ұйымдастырды. Оған білім ордасының екпе қабылдаған қызметкерлері мен студенттері қатысты. Нәтижесінде 30 студент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге жолдама алды. Қыз­меткерлер мен студенттер үшін «Сейхун» спорттық-сауық­тыру кешенінің бассейніне 30 тегін абонемент берілді, жазғы лагерьлерге 30 жолдама, фитнес залға 30 тегін абонемент қарастырылды. 30 студентке бір оқу жылына жатақханаға тұруға 50% жеңілдік те ұсынылған. «Университет қызметкерлері мен профессор-оқытушылардың 87%-і, білім алушылардың 51%-і вакцина алды. Жаңа оқу жылын оффлайн форматта бастау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды» дейді университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова.

«Коронавирус тұмау секілді вакцинамен реттелетін ауруға айналады»

Жерлесіміз, «100 жаңа есім» қатарына енген белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, вирусты бір адамнан екі немесе одан көп адам жұқтырады. Мұның қауіптілігі де осында. Коронавирус инфекциясы 3,5 процент жағдайда адам өліміне алып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері 2 қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан бір тәулікте 114 адам көз жұмғанын мәлімдеді. Қазір 493 пациенттің жағдайы өте ауыр деп бағаланған. Дәрігерлер реанимацияда жатқандар мен өкпені жасанды желдету құрылғысына жалғанғандардың 95 проценті вакцина алмаған тұрғындар екенін айтуда.

Бұл кеселдің жолын тезірек кесу керектігін көрсетеді. Оның үстіне жақында ресейлік ғалым Александр Гинцбургтың «Пока живы – будем жить» деректі фильмін тамашалағаннан кейін індеттен қорғанудың жолын үйренетін кез келгеніне тағы бір көз жеткіздік. Тәжірибелі маман «Адамзат бұл инфекцияны індет тізімінен ығыстырып, қызылша, тұмау, қызамық сияқты вакцинамен реттелетін ауру санатына енгізеді. Қолданысқа енгізілетін шаралардың арқасында ол да тұмау сияқты өтетін болады» деген пікір білдірді. Айтуына қарағанда, коронавирусқа қарсы вакцина адамды екі жылдан астам мерзімге дейін инфекциядан қорғай алады. Эволюция процесінде антиденелердің орнына жады бар жасушалар пайда болатын механизм қалыптасады. Мәселен, вакцина алмай тұрып сіздің ағзаңызда жады бар 100 жасуша болса, вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін оның саны 10 мыңға жетуі мүмкін. Бір рет екпе алудың арқасында 3-5 ай бойы жады бар жасушалардың қорғауында болатыныңызды ескерсек, екінші рет екпе алу арқылы екі жылдан астам уақыт ағзаңыз жасушалардың қорғауында болады. Қалай десек те, таңдау мен ерік сізде! Бастысы – саулықтың қадірін, сақтықтың мәнін уақытында түсіну.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<