ДАМУ ДӘНЕКЕРІ

393

0

Елбасы Н.Назарбаев жыл сайын Қазақ­стан халқына Жолдауында мем­лекеттің келешегін айқындап, атқарылатын істерді көрсетіп ке­леді. Дамы­ған 30 елдің қатарына қо­сылу мүм­кіндіктері де жылдан жылға артып, арманымыз шын­дыққа айналып, алға қойған мақсат­тарымыз жүзеге асуда.

Елбасының биылғы «Төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан жаңа заманның лебі мен жаңа заман талабы байқалуда.

Биылғы Жолдауда Қазақстанның жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін, 10 басты міндетті атап көрсетті. Он міндеттің қоғамдық денсаулық сақтау саласы үшін ең маңыздысы ол жетінші басымдық болып отыр. Олай деуге негіз бар. Себебі, барлық 10 міндетті де осы жетінші міндетте атап көрсетілген заман талабына сай білікті де білімді, дені сау адами капитал ғана жүзеге асыра алады. Адами капиталдың – жаңғыру негізі,  жаңа сапасы, бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені де даусыз.

Денсаулық сақтау – дені сау ұлтты қалыптастыратын  негізгі көрсеткіштің бірі. Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуі мен медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныстың да көлемі арта түсетіні белгілі. Сондықтан, тұрғындар үшін қымбатқа түсетін стационарлық емге емес,  аурудың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жетілдіруіміз қажет. Яғни, Елбасы осы орайда саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керектігін атап өтті. Сонымен қатар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеуді тапсырды. Ұлт денсаулығы – ел байлығы. Осы қағидаға сүйене отырып,  ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын табуға бар жағдайды жасау әрбір азаматтың басты міндеті, ал мемлекет тарапынан  ол үшін барлық  жағдайлар  жасалған.

Бүгінде жұқпалы аурулармен қатар, соматикалық аурулардың да белең алып отырғаны белгілі. Осы орайда, Елбасы жас­тардың репродуктивті денсаулығын қор­ғауға және нығайтуға ерекше назар ­аудару керектігін, онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, халық­аралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігін қамтамасыз ете отырып,  ғылыми онкологиялық орталық құру қажеттігін атап өтті.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшу және тегін медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемінің жаңа моделін әзір­леу, ақпараттық жүйелерді біріктіру, мо­бильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын ен­гізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетім­ділігі мен тиімділігін арттыру, медицинада генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізу және медицина саласының  білікті кадрларын дайындау маңызды мәселе болып қала бермек.

Жоғарыда атап көрсетілген Жолдаудағы міндеттердің  басты мақсаты – тұрғындарға сапалы да қолжетімді медициналық көмек беруді жетілдіру, еліміздің әлеуметтік-демо­графиялық өсімін қалыптастыру. Денсаулық сақтау жүйесінің барлық дерлік қызметі іс жүзінде саланың ең басты көрсеткіші болатын өмір сүру ұзақтығын арттыруға арналған.

Халықты сапалы және қолжетімді меди­ци­налық қызмет түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.

Осы орайда, қоғамдық денсаулық сақтау саласы мамандарының уақытылы, әрі сапалы қолданылған шаралар нәтижесінде есепті жылы Қызылорда облысында жұқпалы аурулардан эпидемиологиялық «қолайлы» жағдай қалыптасты.  Инфекциялық сырқаттардың көрініс беруі тұрақты болып қалыптасып,   туляремия, күйдіргі,  сал, тырысқақ, іш сүзегі, ботулизм, қылау, оба,  қызылша, қызамық, көкжөтел, сіріспе, малярия, құтырма, дифтерия,  трихинеллез, т.б. аурулары тіркелген жоқ. Жұқпалы аурулардың 18 түрі бойынша аурушандық көрсеткішінің төмендеуі  орын алды. Нақты атап кетсек, сальмонеллез жұқпасы – 4,6 есеге, ротовирусты энтериттер – 2,6 есеге, тұмау ауруы – 4,6 есеге, жедел респираторлы вирусты инфекциялар – 31,8%, туберкулез – 9,6%, жіті вирусты гепатит А түрі – 4, геморрагиялық қызбалар 3 жағдайға азайды.

Ұлт денсаулығы – біздің табысты бола­шағымыздың негізі. Жолдауды іске ­асыру және денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақ мерзімді жаңғырту аясында, біз облысымыздың барлық аумағында саламатты өмір салтын қалыптастыру, бала­бақша мен мектеп табалдырығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында профилак­тикалық медицинаның орны мен маңызын айқындай отырып, ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізуге баса ден қоямыз. Тұрғындардың денсаулығын қамтамасыз етуде жаңа тәсілдер енгізу мәселесімен жұмыс жүргізуді басымды бағыттарымыздың бірі ретінде айқындай отырып, жұмыс жасауды қолға аламыз. Бұл қадам облыс тұр­ғындарының денсаулығын қамтамасыз етуде маңызды үлес болары сөзсіз.

 

Ұлбосын АХАНАЕВА,

облыстық қоғамдық денсаулық 

сақтау департаментінің 

басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<