Даңқты дәрігердің өнегесі ұлықталды

536

0

 Кеше облыстық медицина орталығында ҚР еңбек сіңірген дәрі­гері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Шәдібай Абдуллаевтың 90 жасқа толуына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараны облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жүргізді.

– Сыр өңірі – тұнған тарих, қасиетті мекен. Бұл өлкеден кейінгі ұрпақ үлгі тұтар қаншама тұлғалар шыққан. Біз соңғы жылдары елге еңбегі сіңген азаматтарды жастарға насихаттау, олар­дың үлгілі еңбек жолын өнеге ету шараларын ұйымдастырып келеміз. Сондай шараның бірі бүгін белгілі дәрігер, елі­міз­де хирургия саласының негізін қалаушылардың бірі – Шәдібай Абдуллаевтың 90 жасқа толуына арналып отыр,– деді Руслан Рүстемов. 

Шараға дәрігердің шәкірттері мен әріптестері, балалары  медицина ғылымдарының докторы Марат, Қуаныш Абдуллаевтар қатысты.

Медицина саласының майталманы Шәдібай Абдуллаев 1928 жылы туған. 1950 жылы Алматы медицина институтының емдеу факультетіне қабылданып, оны 1956 жылы үздік бітіріп шығады. Еңбек жолын Қызылорда қаласында дәрігер-хирург болып бастаған ол 1957 жылы облыстық ауру­хананың бас дәрігері қызметіне келіп, оны 19 жыл басқарады. Кейін Алматы қаласы №12 орталық аурухана бас дәрігері, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті хирургия кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Ол он мыңнан астам ота жасаған. Оның 250-ге жуық терең мазмұнды ғылыми еңбегі қазақстандық медицинаның жетіс­тігі саналады. Профессор қазақ топырағында тұңғыш  мемлекет­тік тілде «Хирургия аурулары» оқулығын дайындап, ұлттық маман­дардың көптеп шығуына аса мән берген.

Шәдібай Нұрғазыұлы ғалым­дығымен қатар ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы бола білді. Ол облыстың денсаулық сақтау саласын өркендетуде талай ауқымды істердің бастамашысы болған. Оның басшылығымен 1967 жылы 340 төсек-орынға арналған типтік жобадағы жаңа облыстық аурухана және 1969 жылы қалалық перзентхана салынып, пайдалануға берілген. Осы жылдары облыста жаңадан 11 медициналық мекеме ашылған. Шәдібай Абдуллаевтың медицина саласын дамытудағы еңбектері бағаланып, бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болған. Ол шәкірт дайындауға да аса мән берген. Шәкірттері, облысқа белгілі дәрігерлер – Тұрғанбай Маханов, Сағымбай Құлсартов, Базарбай Атабаев, Сапар Майлыбаев және Абдулла Шүленбаевтар ел алғысына бөленген мамандар.

Шәдібай Абдуллаев 2007 жылы 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Конференцияда белгілі дәрі­гердің шәкірттері Тұрғанбай Маханов, Абдулла Шүленбаев, әріптесі Ернияз Омаров конференция кейіпкері жайлы, оның азаматтық болмысы, ұстаздық ұлағаты, ғалымдық дарыны, мамандығына деген адалдығы жөнінде естеліктер айтып, жан-жақты әңгімеледі. Сонымен бірге жиында «Облыстық медицина орталығында хирургия саласының даму кезеңдері» жөнінде облыстық медицина орталығы директорының хирургия саласы бойынша орынбасары Нұриддин Әмитов, «Облыстық медицина орталығында анестезиология-реанимация сала­сы­ның дамуы» тақырыбында облыстық медицина орталығының реаниматолог-анестезиолог дәрі­гері Жақсылық Сәрсенбаев баян­дама жасады.

Шара соңында Шәдібай Нұрғазыұлы­ның ұлы, белгілі дәрігер Марат Абдуллаев конференцияны ұйым­дастыруға қолдау білдірген облыс әкімдігіне, облыстық денсаулық сақтау басқармасына, әріптес аға буын өкілдеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<