Халықтың батасын алған азамат

986

0

Дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылыми академиясының корреспендент-мүшесі Болатбек Бимендіұлы Баймахановтың есімі еліміздің дәрігерлері арасында кеңінен таныс. Өйткені оның кәсіби шеберлігі қазіргі отандық медицинада орынды, әділ бағаланып, әріптес-замандастары ортасынан өз орнын ойып алған «қолы жеңіл» оташылардың бірі ғана емес, бірегейі десек, қателеспейміз.

Әрине, мұндай сый-абырой, құрмет жастайынан алдына биік мақсат қойып, кездескен қиындықтардан тайсалмай, табандылықпен жанын аямай, уақытпен санаспай жасаған еңбегінің нәтижесі екеніне күмән жоқ. Ол, сірә, бала кезінен еңбектің қадірін біліп өскендіктен болар. Осы жолдарды қағаз бетіне түсіре отырып, біз қолдан тұлға жасаудан аулақпыз. Бірақ, батырды батыр, ақынды ақын, жақынды жақын дегеніміз жөн. Болатбекпен біздер, қолына қандауыр ұстаған еліміздің ақ халатты абзал жандары, яки оташылар қауымы, мақтанамыз, мақтан тұтамыз.

Ол оған әбден лайық жан.

Б.Баймаханов Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Ақсу ауылында дүниеге келді. Орта мектепті үздік бітіріп, 1980 жылы жүрек қалауымен Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсті. Әр сәтті ұтымды пайдаланып, уақытты бос жібермеуге, терең білім алуға, медицинаның қыры мен сырын барынша терең меңгеруді мақсат етті. Жоғары курста бала кезінен армандаған хирургия саласын таңдап алып, оны игеруге барын салды. Оның еңбегі бос кеткен жоқ. Алтыншы курста хирургтар тобына өтіп, білгір оташы-дәрігерлер, доценттер Сапар Орашев пен Тұрар Көкеевтен көп дүние үйренді.

Табандылықпен талпынып жүріп, оқудың жетінші жылы интернатураға жолдама алды. Біржылдық оқу-тәжірибе қалыптастыруды Қызылордадағы облыстық медициналық орталықта өткізіп, өңірдегі белгілі хирургтардан (Ш.Абдуллаев, Т.Маханов, С.Құлсартов, А.Шүленбаев) тәлім-тәрбие алып, мамандығын игеріп, білімі мен шеберлігін жетілдірді. Сөйтіп, бірер жыл тәжірибе жинап, оташы ағаларының ақыл-кеңесіне құлақ асып, оңы мен солын танып, ғылымға бет бұрғанды жөн санады.

Клиникалық ординатураға «еліміздің хирургиясының қара шаңырағы» атанған Алматыдағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына қабылданып, білімін жетілдірді. Оның еңбекке деген жанып тұрған қабілетін, ізденімпаздығын, алғырлығын, іскерлігін байқаған Ш.Жураев, М.Сейсенбаев, Ж.Досқалиев сынды ұстаздарының кеңесімен аспирантураға қабылданды. Содан ғылымға алып барар дара жол басталып кетті. Елімізге белгілі ғалым-хирург, қазақстандық хирургтар мектебін қалыптастырған ұлтжанды азамат, Халық Қаһарманы, академик Мұхтар Әлиевтің жетекшілігімен кандидаттық, докторлық диссертацияларын сәтті қорғап шықты.

Өмірлік ұстазына айналған Мұқаңның Болатбекке деген көңілі, ойы, көзқарасы, мейірімі ереше болды. Оның болашағынан үлкен үміт күтіп, қанатын қатайтып, жауапты қызметтерді батыл сеніп тапсырды. Оңтүстік Қазақстан және сәл кейін Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармаларының басшылығы қызметіне ұсынып, тәжірибе жинап, еңбекке ысылтты, жұмысқа шыңдады. Қандай қызметте болмасын, талапшыл Б.Баймаханов хирургияны «көлеңкеге» тастамай, жұмыстың ауырлығымен, уақытпен санаспай, шеберлігін әрі қарай жетілдіруден, ізденуден шаршамады. Ерте, таңғы 6-да жергілікті ауруханаға барып, 2-3 сағат ота жасап, сағат 9-да жұмыс орнынан табылып жүрді. Мұндай жанкештілік, табандылық кез-келген дәрігердің, басшының бойынан табыла бермейтінін мойындауымыз керек.

Өмірдің өзі Болатбекке көп нәрсені үйретті. Тәжірибе жинақтай келе басқару ісіне барынша төселіп, әбден ысылып, шебер ұйымдастырушы дәрежесіне қол жеткізді. Жүрген ортасында сыйлы болды, елі құрметтеді. Оның барлығы адал еңбектің, озық ойдың, адами жақсы қасиеттерінің арқасында деп ойлаймын.

2011 жылы астанадағы «Шұғыл медициналық жәрдем орталығын» басқарды. 2012 жылы әсем Алматыға қайта оралып, 1000 төсектік қалалық №7 клиникалық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалды. Қызметтің ауырлығына, уақыттың тапшылығына қарамай, бұл жерде де хирургия саласын дамытуға көп күш салды. Алматыда алғашқылардың бірі болып трансплантологиямен (ағзаларды алмастырумен) айналысып, шетелдік белді клиникаларға арнайы дәрігер-трансплантологтар тобын жіберді. Шеберлігін жетілдіріп, сол жылы бауыр, бүйрек, ұйқы безін алмастыру оталарын күнделікті іске батыл енгізді. Сөйтіп, қиналып жүрген көптеген науқастардың өмірін ұзартуға себепкер болды, ел-жұрттың батасын алып, құрметіне бөленді. Атап өткеніміз жөн, еліміздегі бірде-бір аурухана ұжымы осыншама ағза алмастыру отасын жүргізуге қол жеткізген емес. Сол кездері бір ұшырасқанымызда Болатбек Бимендіұлының мына сөзі есімде:

– Экономикасы дамыған елдерде трансплантология саласы жақсы дамуда. ТМД елдері арасында Украина, Белоруссия ағза алмастыруда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстанда жыл сайын органдарды ауыстыруға байланысты шамамен 300 операция жүргізіледі, мұндай операция жасалуға тиіс адамдар саны бүгінгі күнде 3,5 мыңға жетіпті. Жағдайды қиындатып отырған донорлар тапшылығы. Бізде негізінен науқастың жақын туыстары, әке-шешесі донор болып тұр. Бұл бағытта әзірше көп қиындықтар туындап отыр. Өкініштісі, біз халыққа бұл мәселені толығымен мәнді түсіндіріп, саналарына жеткізе алмай отырмыз. Халық арасында кереғар пікірлер аз емес. Соларды реттеп, көпшілікке трансплантологияның пайдасы, оның сауабы жайлы мәліметтерді жеткізе білгеніміз жөн, – деген еді.

Ой таразысынан өткізсек, елімізде трансплантология ісі әлі де мәз емес. Тіпті, соңғы жылдары көрсеткіштер төмендеп кеткен сияқты. Оған себептер аз емес: қаржы тапшылығы, пандемия зардабы, донорлардың жоқтығы және т.б.

2016 жылы Б.Баймаханов Алматыдағы «А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Сонымен бірге оған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас хирургі міндетін қоса атқару тапсырылды. Ғылыми орталықтың қыр-сырын бұрыннан білетін ол ұжымның ісіне жаңа леп берді. Көптеген жағымды өзгерістер енгізді, елімізде хирургия саласын жетілдіруге, білікті мамандар дайындауға бар күш-қуатын бүгінге дейін жұмсап келеді. Оның түбегейлі қызметі мен ерен еңбегі жайлы көпшілік әркез жылы лебіз білдіріп отырады.

Сардар азаматтың адал еңбегі мемлекет тарапынан орынды бағаланып келеді. Ол «Құрмет», «Отан» ордендерімен, бірнеше мерекелік медальдармен, «Алғыс» хаттармен марапатталды. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері мен мақтау грамоталары тағы бар. Жоғары санатты, қолы шебер хирург атағы берілген. Ол үшін бәрінен қымбаты – ел аузындағы «Алтын қолды оташы» деген құрмет. Мұнан асқан атақ, абырой жоқ.

Б.Баймахановтың жетекшілігімен 4 докторлық, оннан астам кандидаттық диссертациялар сәтті қорғалған. Ол отандық және әлемдік баспаларда 300-ден астам ғылыми-практикалық мақала жариялап, 45 патенттің авторлық иесі атанды. Халықаралық хирургтар конгресстеріне, конференцияларына қатысып, тартымды баяндама жасап, еліміздің хирургия саласындағы жетістіктерін дер кезінде үзбей көпшілікке жеткізіп отырады.

Профессор Болатбек Баймахановпен кейінгі бір кездескенімізде еліміздегі медициналық көмектің қазіргі жағдайы, дәрігерлердің біліктілігі жайлы сөз болды. Содан көптен ойда жүрген біраз мәселелер қозғалды.

– Дәрігерлік мамандық  аса жауапкершілікті, терең біліктілікті талап ететін жауапты қызмет екенін білеміз. Оның жұмысында ұсақ-түйек болмайды. Оның басты міндеті – адамның денсаулығы мен өмірін сақтау. Түптеп келгенде, оның қолында адам өмірі, болашақ тағдыры тұр. Алдыңа үміт артып келген науқастың көңілінен шығу, сенімін ақтау – үлкен жетістік. Ендеше, көпшілік арасында білгір маман ретінде бағаланып, абыройға бөлену – әрбір дәрігердің басты мақсаты екені рас. Жалпы, дәрігер өмір бойы оқумен, білімі мен шеберлігін жетілдірумен айналысуға міндетті. Сонда ғана ол жақсы маман, сұранысқа ие абзал дәрігер болады. Әйтпесе, қандай мамандық иесі болмасын тоқырауға ұшырайды. Өйткені, қазіргі инновациялық технология мен емдеу процесі күн сайын жетілдірілуде, диагностикалық, емдік мүмкіншіліктер кеңейе түсуде. Тіпті, бүгін қолданылып отырған дәрі-дәрмек ертең керексіз болып қалуы да әбден мүмкін. Мысалы, ертеректе жиі пайдаланылған  «гемодез» дәрісін қазір дәріханалардан, стационарлардан көрмейсіз, ол емдік шаралардан алынып тасталып, ешкімге керек болмай қалды. Емдеу, хирургиялық ота жасау тактикасы да біраз өзгерістерге ұшырады. Уақыт бір орнында тұрмайды, тоқтаусыз зымырандай зулап өтіп жатыр.

Дәрігер этиканы сақтай отырып, пациентпен және оның туыстарымен әңгімелесе білуі керек. Байқап жүрміз, қазіргі кейбір жастар пациенттермен, оның туыстарымен жөнді сөйлесе де білмейді. Олардың сөзінен, жүзінен жылылық, кішіпейілдік, зиялылық, білімділік білініп тұруы керек. Алдыңа жаны қиналып келген пациентпен орынды сөйлесіп, оның сұрақтарына дұрыс жауап беру де дәрігерге деген сенімді арта түсіреді, ризашылығына бөлейді. Иә, дәрігер – қазіргі зиялы қауымның алдыңғы толқынында болып, өзінің жоғары қабілетімен, мәдениетімен, ақжарқын мінезімен ерекшеленіп тұруды талап ететін жауапты қызмет. Сондықтан жастар мамандық таңдар алдында мың ойланып, жүз толғанып барып дәрігерлікке барғаны дұрыс. Әйтпесе, бар өмірін зая кетіріп, дәрігерлердің беделін түсіреді, қоғамда теріс пікір-түсінік туғызады, – деп ой түйді Болатбек әріптесім.

Онысы рас, бүгінгі ел-жұрт базбір дәрігерлерге сенімсіздікпен қарайды. «Олардың басым көпшілігі пациенттерге жүрдім-бардым қарайды, жауапкершілік деген жоғалып барады. Тіпті, қолында табақтай дипломы болғанмен, білімі таяз, тәжірибесі жеткіліксіз, бір кабинеттен екінші кабинетке, бір зертханадан тағы екіншісіне, бір маманнан екінші-үшіншісіне жұмсап табаныңды тоздырып, уақытыңды бос алады, жүйкеңді жұқартады, қалтаңды қағады» деген пікірді жиі естуге болады. Бұл шырылдаған шындық екенін мойындауымыз керек.

Медицина саласына өз қабілетіне қарамай, біреудің айдауымен барған жандар жоқ емес. Дәрігердің беделін түсіріп жүрген де солар. Оларға қарайсың да бетіңнен от шыға ұялып, көңілің жабырқайды. «Қайран да бос кеткен шіркін, уақыт-ай!», деп бармағыңды тістеп, күмілжисің.

…Міне, Ұлттық ғылыми хирургия орталығында әдеттегідей тағы бір жұмыс күні басталды. Лездеме өткізіліп, туындаған проблемалар талқыланып, кезекті жоспарлы оталар жасалу қарбаласы басталды. Халық денсаулығын қорғауға елеулі үлес қосып, шипасы мол іске бір кісідей, жұдырықтай жұмылған, ырысы мол айтулы ұжымның бұл күнделікті іс-әрекеті. Көптің алғысына бөленіп жүрген жеңіл қолды оташы, профессор Болатбек Баймаханов ақ желеңін жамылып, тағы бір күрделі ота жасау мақсатымен, ішкі дүниесін тастүйін жиып алып, үлкен сеніммен, аяқтарын нық басып ота бөліміне аяңдап бара жатты. Біз оған: «Әр жасаған отаңыз сәтті болсын, Бөке!» деген тілек білдірдік.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<