Облыста 18 кене шағу фактісі тіркелді

572

0

Қызылорда аймағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Өңірдегі 113 елді мекен қолайсыз аймаққа енген. Жыл басынан бері 288 тұрғын кене шағу бойынша медициналық көмекке жүгінген. Күдікті деп 18 жағдай есепке алынса, оның 11 жағдайы нақтыланды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.

Эпидмаусымның басталуына орай қолайсыз елді мекендерде аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы энтомолог мамандардан тұратын 3 арнайы жұмысшы топ зоологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Қызылорда қаласы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі аудандары бойынша ошақтар белсенділігінің артуы байқалуда. «Осы жылы 288 тұрғын кене шағу бойынша медициналық көмекке жүгінген, бұл былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 30 жағдайға көбейген. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 11 фактісі тіркелді. Атап айтқанда, Қармакшыда – 1, Сырдария, Шиелі аудандарында-3 жағдайдан және Қызылорда қаласында 4 дерек», – деді Әлия Мүтәліпқызы.

Айта кету керек, бүгінде облыстағы медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және т.б. қажетті құрал-жабдықтар қоры жеткілікті.Дегенмен, эпидмаусымның басталғанына қарамастан тұрғындар мал шаруашылығымен айналысқанда сақтық шараларына мән бермейді, кене шағу жағдайында дер кезінде меициналық көмекке жүгінбеу салдары аса ауыр жағдайға соқтыруы мүмкін. Әр адам өз денсаулығына барынша мұқият болуы тиіс.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<