Қарағандылық кәсіпорын вакцина алған қызметкерлеріне сыйақы беріп жатыр

523

0

Қарағанды облысының бизнесмендері коронавирусқа қарсы вакцинацияны насихаттауға қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» вакцина алған қызметкерлеріне 10 мың теңге сыйақы береді. Сондай-ақ Қарағанды және Абай ауданының вакциналанған тұрғындарына кейбір дүкендерде, дәмханаларда және шаштараздарда тауарлар мен қызметтерге жеңілдіктер қолжетімді.

Екпе алғанын растау үшін егудің электрондық паспортын және жеке куәлігін көрсетсе жеткілікті.

«12 ай» құрылыс заттар дүкенінде «Коронавирусты бірге тоқтатайық!» акциясы басталды. Вакциналанған адамдарға мұнда 10% жеңілдік қарастырылған. Сыйлық ретінде сатып алынған тауарды Қарағанды бойынша тегін жеткізу және жоғары қабаттарға көтеріп беру жүзеге асырылады.

«Бүгін – акцияның бірінші күні. Ол сондай-ақ 4, 10 және 11 маусым күндері өтеді. Біздің облыс «қызыл» аймақта орналасқан және біз адамдарға екпе алу керектігін айтып жеткізуіміз керек деп шештік. Қарағандылықтар өз денсаулығына ғана емес, айналадағы адамдардың денсаулығына да жауапкершілікпен қарауы керек. Айта кетейік, біздің дүкеннің барлық ұжымы екпе алды», – деді «12 ай» дүкендер желісінің Қарағанды филиалының директоры Елена Бочень.

Абай ауданында вакцинацияны насихаттау мақсатында «Денсаулыққа – Иә, Covid-ке – Жоқ дейміз!» акциясы өтуде. Вакцинация паспортын ұсына отырып, абайлықтар кейбір дүкендер мен дәмханаларда 5-10% жеңілдік ала алады. «Абай сити» және «Атриум» сауда үйлерінің қолдауымен вакцинациядан өткен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін азық-түлік пакеттері жоспарланған.

«Біз акцияға барынша көп кәсіпкерді жұмылдырғымыз келеді. Шаштараздар мен фитнес-клубтар біртіндеп қосылуда. Кәсіпкерлерді акцияны қолдауға шақырамыз. Адамдар неғұрлым көп вакцинацияланса, соғұрлым тезірек ұжымдық иммунитетті қалыптастырамыз. Қарағандылықтарға да жүгінгім келеді. Әрқайсымыздың болашақ салауатты өмірімізге қолымыздан келгенше үлес қосып, қауіпті вирус туралы ұмытып, өмірдің қалыпты ағымына оралған сәтті жақындатайық!», – дейді «Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ басшысы Ләззат Ақылжанова.





 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<