Сақтандыруға салғырт қарамайық

264

0

Жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп, шілде айына дейін барлық азаматтар шартты түрде сақтандырылған болатын. Соның негізінде тұрғындарға  тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесіндегі медициналық пакеттер теңдей көрсетілді.

Бүгінде облыс көлемінде 143 653 адам МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған.  Шағын және орта бизнес субъектілерін өзектендіру көрсеткіші бойынша облысымыз 70 процентті құрап, республикада 7-ші орында тұр. Нақтырақ айтқанда, қазіргі кезде 8427 шағын және орта бизнес субъектісі болса, соның 5810-ы өзектендіріліп, 2617-сі өзектендірілмеген. Ал бұл өз кезегінде келер жылдан бастап тұрғындардың медициналық көмек алуына әсерін тигізетін болады. МӘМС жүйесіндегі осы және басқа мәселелер туралы облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың төрағалығымен өткен МӘМС мәселелері жөніндегі өңірлік штаб отырысында  «ӘМСҚ» КЕАҚ облыс бойынша филиал директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.

Жиынға тиісті сала басшылары және селекторлық режимде  аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Филиал директорының айтуынша, 7 мыңға жуық тұрғын және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 4600-ге жуық адам өзектендірілмеген.

–    Мемлекет басшысы Жолдауда шағын және орта бизнес қызметкерлерінің медициналық көмек алу құқығын жыл соңына дейін ұзартуды тапсырды. Осыған орай  Үкімет қаулысымен 8427 шағын және орта бизнес субъектісінің 12 мыңнан астам қызметкері МӘМС жарналары мен аударымдарын төлеуден босатылды.  Қазіргі кезде 2617 ШОБ субъектісі қызметкерінің тізімі өзектендірілмей отыр. Жұмыс берушілерге қызметкерлерін «Saqtandyry» ақпараттық жүйесіне тіркеу қажеттігі туралы айтылып келеді. Жүйеге мемлекеттік кірістер департаменті сайты арқылы немесе «Qoldau-24/7» мобильді қосымшасы арқылы тіркелуге болады, – дейді филиал директоры Бақыт Торғайбайұлы.

Осы орайда ол «Qoldau-24/7» қосымшасына тіркелу жұмысының өте баяу жүргізіліп жатқанын алға тартты.  Қосымшадан қолданушы керекті кеңес алып, шағым жолдай алады, сонымен бірге сақтандыру мәртебесін тексере алады және МӘМС жүйесінде сақтанушының уақытша мәртебесін ала алады. 

–    Алайда мобильді қосымшаны жүктеу мониторингі көрсеткендей, біздің өңір соңғы орында тұр. 20-59 жас аралығындағы 395237 тұрғынның 3026-сы ғана жүйеге тіркелген,– деді ол.

Сондай-ақ мәжілісте аймақтағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің өзектендірілуі жайлы айтылды. Қазан айында қор филиалы 145 студентке уақытша сақтандырылған мәртебесін берген. Әрі қарай Білім және ғылым министрлігіне хабарлануы керек. Бұдан бөлек электронды үкімет порталында шетелде оқитын студенттерді тіркеу үшін мемлекеттік қызмет түрі пайда болды. Бұл өз кезегінде студенттердің әлі де болса электронды базаға толық енгізілмегенін көрсетеді.

Бүгінде аймақта 475-тен астам тұрғын  15 жеңілдік санатына кіреді. Олардың қатарында зейнетақы төлемдерін алушылар, соның ішінде ҰОС қатысушылары  мен мүгедектері бар. Бірақ Байқоңыр қаласындағы Ресей Федерациясынан зейнетақы алатын зейнеткерлерге сақтандыру мәртебесін беру мәселесі өзекті болып отыр.

Штаб отырысында  сала өкілдері сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауап берілді. Көтерілген мәселелерге байланысты облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз