Вакциналау паспорты: Құжатымызды қай елдер мойындады?

539

0

Елімізде 18 қазан күнгі мәлімет бойынша бір тәулікте 1642 адамның коронавируспен ауырғаны ПТР арқылы расталса, 1459 адам аурудан айықты. Өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы жарияланып, «Қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары «сары аймаққа» орналасса, «жасылда» Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше,  коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін 8 029 779 адам салдырса, II компонентін алғандар саны 7 128 454 адамды құрады.

Біздің елде эпидахуал біршама тұрақталғанымен, өзге мемлекеттер күресті күшейтуге кірісті. Мәселен, Грузия коронавирустың таралуының бесінші толқыны басталғанын мә­лімдеді. Республиканың денсаулық сақтау министрлігі жергілікті тұр­ғындарды вакцина алуға тағы да үндеді. Әзірге коронавирус вакцинасының екі компонентін 900 916 адам алды, бұл рес­публика халқының 24,2%-ін құрайды.

Ал Вьетнам халықты COVID-19-ға қарсы вакциналау үшін «Спутник V» қолдана бастады. Препарат Хошиминдегі үш егу пунктіне жеткізілді. 2022 жылдың маусымына дейінгі кезеңде Вьетнамға Ресей тікелей инвестициялар қоры мен екі вьетнамдық компания арасындағы үшжақты келісім бойынша «Спутник V» вакцинасының 40 млн дозасы жіберіледі.

Осы орайда Қазақстанның вакциналау паспортымен қай елдерге кіруге болады? Біле отырсақ.  Egemen.kz мәліметіне сүйенсек, осы уақытқа дейін елде 13 мемлекеттің вакциналау паспорты танылды. Еліміздің вакциналау паспортын мойындаған мемлекеттердің ішінде Армения, Аргентина, Беларусь, Венгрия, Грузия, Иран, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Сан-Марино, Таиланд, Түркия мен Эстония бар. Осылайша қазақстандықтар да, осы елдердің азаматтары да мемлекеттік шекараны карантиндік шектеусіз өте алады. Ол үшін коронавирусқа қарсы вакциналау паспортын көрсетсе жеткілікті. ПТР-тест тапсырып, карантинде отырудың да қажеті жоқ. Қазақстан азаматының қандай екпе салдырғаны да маңызды емес. Ең бастысы, вакциналау паспорты болуы шарт. 

Ал Мысыр мен Оман қазақстандықтардың вакциналау паспортын біржақты ретпен таныды. Ол жаққа барған отандастарымызға да ПТР-тест тапсыру және карантинде отыру талабы қойылмады.

Қазіргі кезде Ресей, Әзербайжан, Иордания, Индонезия, Марокко, Өзбекстан, Филиппин және тағы басқа мемлекеттермен вакциналау паспортын өзара тану бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Қазақстан мойындаған елдерде коронавирусқа қарсы вакцинаның түр-түрі егіледі. Соның ішінде QazVac (қазақстандық вакцина), «Спутник V» (ресейлік вакцина), «Спутник Лайт» (ресейлік вакцина), Vero Cell, CoronaVac (қытайлық вакциналар), Astra Zeneca (ағылшын-швед вакцинасы), Novavax, Pfizer, Moderna, Johnson&Johnson (америкалық вакциналар), COVIran Barakat (ирандық вакцина).

Айта кетері, вакциналау паспортын өзара тану шараларымен Сыртқы істер министрлігі айналысады. Алдымен келіссөздер жүргізіледі. Одан кейін екі мемлекет нота алмасып, вакциналау паспортын тануға келіседі. Бұдан бөлек, бас мемлекеттік санитар дәрігер өзге елде берілген вакциналау паспортын тануға рұқсат бере алады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<