БОКСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТІП ЖАТЫР

325

0

Арал ауданы əкімдігі мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен бокстан 2004-2005 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Арал ауданының белгілі азаматы, меценат, облыстық маслихаттың екі шақырылым депутаты Тоғыс Махамбетжанұлы Жұмашевты еске алуға арналған республикалық турнир жалауын көтерді.
Аталмыш турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі М.Оразбаев қатысып, ауданымызға белгілі азамат Т.Жұмашевтың өмір жолына және көзі тірі кезінде атқарған игі істеріне тоқталып, турнирге қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. Дәрежесі жылдан жылға өсіп, биылғы V  мəрте өткізіліп отырған жарысқа еліміздің Қарағанды, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан барлығы 10 команда құрамында 80-нен астам спортшылар қатысуға ниет білдірді. Спортшылар 14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.
Жарыс нəтижесі ағымдағы жылдың 18 маусымы күні белгілі болады.
Саналы ғұмырында жақсылық атаулыны жанына серік еткен Тоғыс Махамбетжанұлы қай ортада болмасын өз ісінің шебері екендігін танытып, талай мәрте абырой биігінен көрініп, ауданның «Жыл демеушісі», «Үздік салық төлеушісі» атанды.
Еңбек жолын қала мектептерінде мұғалім мамандығынан бастаған ол, кейіннен «Арал» кеңшарында бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, аудандық комсомол комитетінің бюро, пленум мүшесі, Октябрь ауылдық кеңесінен депутат болып та сайланды.
Сонымен қатар, 1983-1987 жылдар аралығында аудандық ауыл шаруашылық басқармасында инспектор, қалалық құрылыс жөндеу мекемесінде шебер болды. 1987 жылдан «Қызылорда отын»  мекемесінің Арал бөлімшесінде меңгеруші қызметін атқарған ағамыз 1998 жылдан өмірінің соңына дейін «Аралотын»  ЖШС директоры қызметін атқарды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<