ӘЧ-2018: Хорватия 20 жыл бұрынғы жетістігін қайталай ала ма?

390

0

   Футболдан әлем біріншілігіндегі бүгінгі ойындар тізбегін D тобындағы  Хорватия мен Нигерия құрамалары түйіндейді. Бұл ойын түнгі 00.00-де Калининград қаласында жалауын көтереді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қос құрама да жанкүйер қауымына жақсы таныс. Алдымен Хорватия жайында айта кетелік. Олар әлем біріншілігі финалдық кезеңіне алғаш рет 1998 жылы келді. Талай талантты тоғыстырған құрама бірден-ақ жүлдегерлер қатарынан көрініп, үздік үштікке ілікті. Дегенмен Еуропа біріншілігінде мұндай жетістігімен мақтана алмайды. 1998, 2008 жылдары ширек финалға дейін жетті. Одан жоғары жетістікті әзірге бағындыра алған жоқ. 2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде қиын топқа түсті. Бұл топта өздері деңгейлес Украина, Түркия секілді құрамаларды артқа қалдырды. Топта екінші орын алды. Алдыңғы орында соңғы жылдарда жанкүйерлер сенімінен шығып жүрген Исландия тұр. Өз тобында екінші орын алған Хорватия Грекиямен плей-офф кезеңінде сынға түсті. Сырт алаңда олармен тең ойнаған хорваттар өз алаңында Грекияны 4:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Осылайша жолдаманы соңғы сәтте қалтаға салды. Құрама сапында Мадридтің «Реалында» ойнайтын 32 жастағы Лука Модрич және «Барселонаның» үздігі 30 жасар Иван Ракитич бар. Олардан өзге де Еуропаның алдыңғы қатарлы клубтарында доп тебетін мықтылар аз емес. ФИФА жариялаған соңғы рейтингте Хорватия 20-орында тұр. Бұдан бұрынғы әлем біріншіліктерінде талай мәрте сенсация жасап үлгерген Нигерияға да жанкүйерлер көз тігіп отыр. Африка құрлығының өкілдері бүгінге дейін 5 мәрте дүбірлі доданың осы кезеңіне келген. Олар 1994, 1998, 2014 жылдары жарыстың 1/8 финалына дейін жетті. Африка кубогында 17 мәрте бақ сынаған 1980, 1994, 2013 жылдары чемпиондық атаққа қол жеткізген. 1998 жылы жазғы Олимпиада ойындарында талайды таңғалдырып, алтыннан алқа тақты. Осылайша Африка құрамалары арасында мұндай табысқа жеткен тұңғыш құрама болды. 2018 жылғы әлем біріншілігі финалдық кезеңіне жолдама алу олар үшін қиынға соққан жоқ. Бірде-бір мәрте жеңіліс таппаған күйі Замбия, Камерун, Алжирді артқа қалдырып кетті. Мамандар Нигерияның көшбасшы ойыншысы ретінде 31-жастағы Джон Оби Микелді айтады. Ұзақ жылдар бойы Англияның «Челси» командасы жейдесін киген футболшы бүгінде Қытайдың «Тяньцзинь Тэда» клубының намысын қорғайды. Нигерия ФИФА-ның соңғы рейтингінде 48-орында келеді. Бұл кездесу бүгін «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі. Ойын 01.00-де басталады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<