ӘЧ: Ресей мен Хорватия командалары 4-ші рет кездеспек

341

0

Бүгін ширек финалда Ресей мен Хорватия құрамалары кездеседі. Бұл ойын Ресейдің Сочи қаласындағы «Фишт» стадионында өтеді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Доп додасы басталардан бұрын жанкүйерлер Ресей құрамасы топтық кезеңнен шыға ала ма деген сауал төңірегінде пікірталас жасағанын білеміз. Олар соңғы жылдарда бұрынғы ойын өрнегін көрсете алмай келеді. ФИФА рейтингінде қазір 70-орында тұр. Осының өзі құраманың қаншалықты деңгейде құлдилағанын көрсетеді. Доп додасының қожайыны ретінде Ресей іріктеу кезеңіне қатысқан жоқ. Көптеген құрамамен жолдастық кездесу өткізді. Дегенмен олардың нәтижесіне жергілікті жанкүйерлердің көңілі тола қоймады. Сол себепті жұрттың көкейінде олар топтық кезеңнен әріге бара алмайды деген сенбестік орын алды. Доп додасының топтық кезеңінде олар екінші орын алды. Уругвайдан жеңілгенімен Египет пен Сауд Арабиясынан басым түсті. Жарыстың 1/8 финалдық сатысында Испаниямен жолы түйіскен орыстар бұл жолы да үміттен гөрі күдікке көбірек бой алдырды. Ойынның негізгі кезеңінде 1:1 есебімен тең түскен Испания мен Ресей жеңімпазды пенальти арқылы анықтады. Бұл жолы Ресейдің айы оңынан туды. Хорватия қай кезде де мықтылығын дәлелдеп келеді. Қазір ФИФА рейтингінде 16-орында тұр. Хорваттар іріктеу кезеңінде алдына Исландияны жіберіп алып, екінші орынды қанағат тұтты. Плей-офф кезеңінде Грекияны өз алаңында 4:1 есебімен жеңіп, сырт алаңда 0:0 есебімен тең тарқасты. Қос ойынның қорытындысымен финалдық кезеңге жолдама алды. Финалдық кезеңде D тобында сынға түскен хорваттар бірде-бір ұпайды шашау шығармастан 9 ұпай жинады. Өз тобында Аргентина, Нигерия, Исландияны сүріндірді. Жарыстың келесі сатысында Данияны ойын соңындағы пенальти тебу арқылы жеңді. Енді хорваттар Ресейді айналып өте ала ма? Екі құрама бұдан бұрын 3 мәрте кездескен. 2008 жылғы Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңінде Е тобында шеберлік байқасқан қос құраманың екі кездесуінде 0:0 есебі тіркелді. Ал 2015 жылы Ресейдің Дондағы Ростов қаласында болған жолдастық кездесуде хорваттар 3:1 есебімен жеңіп кеткен еді. Ендеше, Ресейге есе қайтаратын уақыты келді. Оны ойын барысында бағамдайтын боламыз. Қазіргі таңда Ресей жанкүйерлерінің 56 пайыздан астамы өз құрамасының жеңісіне сенетінін білдіріп отыр. Ал хорваттар өздерінің құрамасы бұл кездесудің басты фавориті деп санайды. Әрине, Хорватия әлемдік футболда өте жоғары бағалана қоймайтыны белгілі. Сондықтан бұл кездесу аса тартысты өтеді деген сенім бар. Бұл тартысты кездесуде басым түскен құрама бүгін өткізілетін Швеция мен Англия арасындағы ойын жеңімпазымен жартылай финалда жұп құрайды. Ол бәсеке 11 шілде күні Мәскеудің «Лужники» стадионында өтеді. Ойынды сағат 00.00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирден көрсетеді. Сондай-ақ, кеше ширек финал ойындарында Франция Уругвайды  2:0, Бельгия Уругвайды 2:1 есебімен жеңді. 


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<