Футболдан ӘЧ: Англияға Тунис тойтарыс бере ала ма?

409

0

Бүгін түнде Волгоград қаласында G тобында Тунис пен Англия командалары өзара кездеседі, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл ойынның фавориті, әрине, 1966 жылғы әлем чемпионы Англия екені анық. Жеті бірдей ойыншысы Франция чемпионатында өнер көрсететін Тунис құрамасы оған тойтарыс бере ала, мұны ойын көрсетеді. Англия футболшыларының дені жас. Өткен жылғы 1 қыркүйектен бері 10 кездесу өткізіп, соның жетеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде тең ойнаған ағылшындардың бабы мен бағы келіссе, біраз жерге барары хақ. Команда көшбасшыларының бірі Деле Аллидің өзі 22 жаста. Шабуыл өтінде Харри Кейн мен Джейми Варди жасындай жарқыраса, олардан әлдеқайда жас Маркус Рэшфорд пен Джесси Лингард та кез келген қорғанысты бұзып өте алады. Жартылай қорғаушы мен білікті қорғаушылары да жеткілікті. Команда бапкері Гарет Саутгейтяны қақпашы мәселесі мазалауы мүмкін. Оған шеберлік деңгейлері шамалас, Джордан Пикфорд, Джек Батланд және Ник Поуптың біреуін таңдауға тура келеді. Набиль Мааул жаттықтыратын Тунис құрамасының бас жұлдызы – Вахби Хазри. Еуропа командаларында доп теуіп үлгерген Хазри командаластарын табысқа бастай алады.  Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде жеңіліп көрмеген Тунис құрамасы тәжірибелі, тісқаққан ойыншылардан құралған. Биылғы 9 маусымда өткен матчта 2010 жылғы әлем чемпионы Испанияға ғана 0:1 есебімен есе жіберген тунистіктер дүниежүзілік доданың ширек финалына дейін жетуді мақсат етіп отыр. Айта кетейік, G тобында сондай-ақ Бельгия мен Панама командалары ойнайды. Бельгия  құрамасы да – чемпионат фавориттерінің бірі. Бұл топтан плей-офф бәсекесіне Бельгия мен Англияның шығуы мүмкін, бірақ Тунис пен Панама да қарап қалмайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<