Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев «Қайсар» футбол клубының базасында жергілікті жанкүйерлермен кездесті. Жүздесу барысында команданың биылғы доп додасындағы нәтижесі мен алдағы жоспары таразыланды.
Биыл «Қайсар» шетелдік ойыншылардан түбегейлі бас тартты. Негізінен қазақстандық және жергілікті түлектерге сенім артты. Дегенмен қазірге дейін бес тур өтсе де, қызылордалық футболшылар жеңістің кілтін таба алар емес. Төртеуінде тең түссе, бесеуінде қарсыласына есе жіберді.
– Жанкүйерлердің өкпе-назын түсінеміз. Команда елімізде алғашқы болып легионерсіз ойнауға шешім қабылдады. Әрине, барлығы бірден бола бермейді. Жеңіліс те, жеңіс те тіркеледі. Көпшілік тарапынан ұзақ жылдан бері қазақстандық футболшыларға сенім арту жөнінде ұсыныс жасалып келген еді. Сондай-ақ жақында мемлекет қаржысы есебінен шетелдік ойыншыларға жалақы төлемеуге қатысты арнайы заң шықты. Көршілес Өзбекстанды алайық. Бұл елде жергілікті клубтар өз түлектеріне қолдау білдіреді. Нәтижесін білесіздер. Қаншама мықты футболшылар шықты. Оған қоса Өзбекстан құрамасы енді Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алуға жақын тұр. Жаңа заң бойынша елімізде енді барлық клубтың қаржылық жағдайы бірдей болады. Бюджеті 1,2 млрд теңге шамасында бекітіледі. Қосымша қаржы тартамын десе, оны демеушілік есебінен қарастырады. Біз алдағы трансферлік кезеңде шеберлігі шыңдалған тағы 3-4 футболшыны қатарға қосуды ойластырып отырмыз. Биыл «Қайсар» Премьер-лигадан түсіп қалмайды деген сенімдемін. Барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын, – деді басқарма басшысы.
Ұзақ жылдан бері жергілікті командаға жанкүйерлік жасап келе жатқан Ислам Кәрімов демеушілік есебінен 3-4 легионерді қатарға қосу жөнінде өтінішін жеткізді. Ол әлемдік тәжірибеде бұрыннан қалыптасқан.
– Елімізде футбол академиясы тек алматылық «Қайрат» командасында ғана бар. Сондықтан тәжірибелі ойыншыларды табу қиын. Осыған байланысты мен командаға легионер тартуға қарсы емеспін. Алдағы уақытта осы жағын қарастыруымыз тиіс. Ол бәсекелестікті арттырады, – деді И.Кәрімов.
Көпшілік тарапынан басқарма, команда және жанкүйерлер арасында осындай жүздесу жиі ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Бұл ұсыныс қолдау тапты.
«Қайсар» командасының басшысы Талғат Әбдіғаппарұлы, спорттық директор Мақсат Байжанов команданың алдағы жоспары, балалар футболын дамыту жөніндегі ой-пікірін білдірді.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»