Нұрлыхан Шархан, дзюдошы: Ел абыройын асқақтатар додаларға дайынмын

2638

0

Сырбойылық спортшылардың жеткен жетістігі мен шыққан белесі аз емес. Соның бірі, әлемнің небір мықтыларымен түрлі додаларда бақ сынасып, ел мерейін асырып жүрген дзюдодан Азия ойындарының қола жүлдегері – Нұрлыхан Шархан. Қазақстан және Әлем чемпионаттарында қарсыластарына дес бермей, биік тұғырдан көрініп жүрген спортшы Ханчжоуда 100 келі салмақтағы бәсекеде қола жүлде иеленді.

– Осы кезге дейін талай додада топ жарып келесіз. Жалпы осы спорт түрін таңдауыңызға біреудің ықпалы болды ма? Спортпен қай кезден бастап айналыстыңыз?

– Мен қаламыздағы Жалаңтөс Баhадүр мектеп-интернатының түлегімін. Негізінен спортпен мектеп жасынан айналыса бастадым. Өзім о баста футболшы болсам деп армандадым. Алайда, үлкен ағамның айтуымен самбоға қатыстым. Алғашқы кездері оған икемім келе қоймады. Кейін дзюдоға ден қойдым. Солай дайындалып, республикалық және облыстық жарыстарға қатысып, жеңіске жете бастадым. Бапкерімнің көмегі көп тиді. Тоқтаусыз дайындықтың арқасында бірнеше рет ел чемпионатында жеңімпаз атандым. Соңғы 3-4 жыл көлемінде шетелдердегі үлкенді-кішілі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген сәттерім бар.

– Кейде тәжірибенің жетіспеушілігі сенімсіздік тудырады. Қарсыластан тартынып немесе соның сесі басатын кездер бола ма?

– Спортқа енді кірісіп жүргенде кәдімгідей қорқасоқтайтынмын. Өйткені небір Әлем чемпионы, спорт шебері атағын алған мықтылармен бетпе-бет келетінмін. Бірақ кішкентайымнан мінезді, рухты болғасын ба ешкімге иліге қоймадым. Сөздің ашығы, бозкілемге шыққанша жүрек дүрсілдеп, терлеп-тепшіп біраз тартыну болады. Алайда, оның бәрін күрес үстінде жеңемін.

Ал Қытайдағы бәсекеге келсек, бәрі шетінен Әлем не Азия чемпионаттарында топ жарған саңлақтар. Бірқатар спортшымен бұған дейінгі додаларда жолым түйіскен. Сондықтан толқу болған жоқ. Әуелі Олимпиада және Әлем чемпионы Аарон Вольфты жолынан ығыстырдым. Жартылай финалда өзбек балуаны Музаффарбек Туробоевқа шамам жетіңкіремей қалды. Қола медаль үшін күресте Оңтүстік Корея спортшысы Вон Джон Хунның өзі біраз қарсылық көрсетті. Тек оңтайлы сәтте, өз мүмкіндігімді пайдаланып үлгердім. Ханчжоуға кола емес, алтын алам деп барғанмын. Бірақ бұйырғаны осы болды.

– Жыл санап жетістіктеріңіздің саны артуда. Кейінгі нәтижелермен бөлісе кетсеңіз…

– Кейінгі бірнеше жыл мен үшін табысты болды. Ел чемпионатында топ жардым. Ал басынан бастап түгендесек, былтыр Азия чемпионатында қола медаль алдым. Тек «Grand Slam» жарыстарында медальға сынық сүйем жетпей қалатынмын. Бұл жолы Азия ойындарының қоласын иелендік. Оған қоса, дзюдодан спорт шебері нормативін орындадым. Мұның барлығы үздіксіз жаттығу мен бапкерлеріміздің ерен еңбегі арқасында келген дүние дер едім.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазіргі күні Қызылорда спортшыларының ішінде үздіктер қатарына қосылып келе жатырмыз.  Себебі ірі турнирлердегі жеңістермен қоса, облыс бойынша өз бағытымда бірнеше номинация алғанмын. Ал бапкерім Қытайдағы нәтиже үлкен жетістік екенін айтты. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Енді осы дәрежемді одан әрі көтеруге және өзімді дамытуға бар күшімді саламын. Алда әлі талай ел абыройын асқақтатуға мүмкіндік алатын үлкен додалар тосып тұр. Сәтін салса, сол жарыстардан жүлделі оралсам деймін. Әзірге мақсатым да, жоспарым да – осы.

– Сұхбатыңызға рахмет! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<