«Қайсарға» – 55 жыл

506

0

Биыл жергілікті «Қайсар» футбол командасының құрылғанына 55 жыл толады. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде жергілікті команда жанкүйерлерін қуантып келеді. Команда құрамында қаншама ойыншы жасыл алаңға шықты, бапкерлік тізгінді тәжірибелі мамандар ұстады.

1968 жылы қазіргі Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион пайдалануға берілген еді. Онда жергілікті клуб тұңғыш ресми кездесу өткізді.  Төл командасында жиырма жылдан астам уақыт бойы табан аудармастан тер төккен футболшы, марқұм Әбіл Қалымбетов көзінің тірісінде бұл жайында қысқаша айтып берген болатын.

– Сол уақытта қызылордалық өрендер футболға ерекше қызығушылық танытты, – деген еді Әбіл ағамыз бізбен әңгімесінде. – Қызылорда топырағында тұңғыш рет кәсіби клуб құрылған кезде мен жиырма жасқа жақындап қалған едім. Оған Петр Боголюбов, Виктор Шишин, Юрий Дедиков сынды білікті мамандар бапкерлік жасады.  Команда атауы алғашқы жылда үш мәрте өзгерді. Әуелгіде «Қызылорда» атанған ұжым мамыр мен шілде аралығында «Волна» деген атаумен ел біріншілігінде облыс намысын қорғады. Сол жылдың шілдесі мен 1973 жылдың соңына дейін «Автомобилист» клубы ретінде бәсеке көрігін қыздырды. Біздің ұжым 1974-1978 жылдарда «Орбита», 1979-1989 жылдарда «Мелиоратор» атанды. Бас-аяғы жиырма жылға жуық уақыт ішінде команда атауының бірнеше мәрте өзгеруіне оған қаржылай көмек көрсеткен мекеменің ауысуы себеп болған.

Еліміз бостандық байрағын бекем ұстаған тоқсаныншы жылдардан бері «Қайсар» жергілікті жанкүйердің сүйікті клубына айналып отыр.  1968 жылы командамыз сәтсіз ойын көрсетті. Себебі командаға тәжірибесі аз жастар көптеп тартылған еді. Футболшылардың орташа жасы жиырманы құрайтын. Соның салдарынан жерлестеріміз 40 ойыннан кейін небәрі 13 ұпай жинады.  1970 жылы жергілікті клубқа бас бапкер қызметіне белгілі спортшы Тимур Сегізбаев келді. Жерлестеріміз барлығы 16 команданың арасында алтыншы орынға тұрақтады.

«Орбита» 1972-1976 жылдар аралығында алғашқы ондықтан көрінсе, одан кейін он жылдай соңғы орындарда жүрді. 1987 жылы өз тарихында тұңғыш рет төртінші орынға көтерілді. Команданы мұндай жетістікке белгілі маман Юрий Хакимов жетеледі. 1988 жылы «Мелиоратор» КСРО кубогының 1/64 финалдық кезеңінде өз алаңында Тюменьнің «Геолог» клубын қабылдап, олардың қақпасына жауапсыз бір доп соқты. Соның нәтижесінде жарыстың келесі сатысына шығып, сырт алаңда ойнағанына қарамастан Ферғананың «Нефтяник» клубын орта жолда қалдырды. Бұл кездесудің негізгі кезеңінде қос қарсылас бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Жеңімпаз ойын соңынан кейінгі пенальти тебуден анықталды. Кубок ойындарының келесі кезеңі екі ойыннан тұрды. Бізге Украинаның Харьков қаласының «Металлист» клубы қарсылас болды. Украиналық ұжым сол кезеңде КСРО-ның жоғары лигасында ойын көрсететін. Харьковтегі ойынның бірінші кезеңінде қақпа құлпы ашылған жоқ. Келесі кезеңде алаң иелері екі доп соқса, қонақтар оған бір доппен жауап қайырды. Одақтың белгілі футбол мамандары «Мелиоратордың» жігерлі ойынын жоғары бағалап, олардан үлкен үміт күтті. Өйткені, біздің команда келесі кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жетсе, жарысты жалғастыру мүмкіндігі бар еді. Өкінішке қарай, барлығы керісінше өрбіді. Қарымта ойында харьковтік футболшылар бір доп соғып кетті.

1991 жылы тағы да жерлестеріміз одақтың екінші төменгі лигасында төртінші орын алды. 1992 жылы Қазақстан алғаш рет өзінің төл біріншілігін өткізді. Жоғары лиганың финалдық кезеңінде барлығы 14 команда жүлдені сарапқа салды. Олардың қатарында сол жылдан бастап «Қайсар» атауын иеленген біздің команда да болды.

Команда 1998 жылы жоғары табысқа кенелді. Ел біріншілігінде төртінші орынға табан тіресе, сол жылы Қазақстан кубогінің финалдық кезеңіне шықты. Дегенмен, аталған кездесуде Павлодардың «Ертісіне» 1:2 есебімен есе жіберіп қойды. Есесіне 1999 жылы жерлестеріміз осы кубокты төбесіне көтерді. Соның нәтижесінде 1998, 1999 жылдарда Азияның кубок иелері кубогында сынға түсті. Одан кейін команда мұндай жетістікке 2019 жылы қол жеткізіп, Еуропа лигасында сынға түсуге мүмкіндік алды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<