Қазақ күресінен жарыс өтті

1670

0

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы Ерболат Мустафаевты еске алуға арналған қазақ күресінен қалалық ашық біріншілік өтті. Жарыстың мақсаты – жастар арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау, ұлттық спорт түрімен айналысатын жас спортшылардың үлесін арттыру.

Салтанатты шараның ашылуына Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, іскерлік әкімшіліктендіру докторы Жандос Базартай қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Ерболат Тоқтаболатұлы өте еңбекқор, талантты, нағыз патриот азамат болатын. 2001 жылы өзі дәріс алған кафедраға оқытушылық қызметке келді. Университет қабырғасында оқытушы-тәлімгер қызметінде әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын, бастаған ісінің нәтижелі болуына қол жеткізбей тынбайтын, еңбекқор азамат еді. Білікті маман ретінде шәкірттері мен әріптестерінің құрметіне бөленді. Оның кәсібилігі көпке үлгі. Сондықтан еңбегі мәңгі есімізде қалары анық. Бүгін міне, оқу орны тарапынан еске алу турнирі ұйымдастырылды. Біз әрдайым қызметкерлеріміздің еңбегін бағалап, оны дәріптеу жұмыстарын одан әрі жалғастыратын боламыз», – деді әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай.

Дүбірлі додаға 60-қа жуық балуан қатысып, тартысты сайысқа университеттің аға оқытушы Серік Ержанов төрелік жасады. Жарыс халықаралық «Қазақ күресі» федерациясы бекіткен ереже бойынша өтті.

Балуандар 55 кг, 60 кг, 66 кг, 74 кг, 82 кг және 90 кг салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Жарыс нәтижесі бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің балуандары 3 алтын, 4 күміс, 10 қола жүлде алды. Тартысты додада «Болашақ» университеті 3 алтын, 1 күміс медальмен марапатталды. Ал М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің қоржынында 1 алтын және 2 қола. Шара қорытындысында әр салмақ дәрежесiндегi жеңiмпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және арнайы сыйлықпен марапатталды.

Қазіргі таңда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде 50-ден аса студент қазақ күресімен айналысады. 15 спортшы республикалық додаларда облыстың намысын қорғап, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

7 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткерлер саны 30-дан асады.

Университетте студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында спорттың 11 түрінен 21 спорт секциясы жұмыс жасайды. Оған 1-2 курстың 3 мыңнан аса білім алушысы қатысады.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

университетінің медиа орталығы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<