«…Алтын, күміс тас екен»

1037

0

тұтынушылардың тәбеті тыйылар емес

Жалпы, тұтыну нарығы қызық. Ол әдетте төңірегіндегі өзгерістерді жылдам қабылдайды. Соған сәйкес болмыс-бітімін тез өзгертеді. Айталық, кешегі пандемияның ауыр кезеңінде қалыптасқан қымбатшылық тізбегі әлі кідірместен, сипатын бұрынғыдан гөрі күрделендіре түсуде. қымбатшылық туралы ай сайын емес, күн сайын айтатын болдық.

Тұтынушылардың есінде болар, осыдан екі жылдай уақыт бұрын әлемде алтын бағасы күрт қымбаттады. Соған сәйкес бағалы металдардың барлығының құны өсті. Лондон, Нью-Йорк, басқа да биржаларда бағалы заттардың құны қауырт саудаға түсті. Сәл бәсеңсігенімен, бүгінгі  жағдай осыған ұқсас. Әлемде бұл құбылыстың табиғатын әркім әрқалай түсіндіреді. Жай тілмен айтқанда, ақшаның құны жоғалып барады. Қазақша түсінікке салсаңыз, осыдан екі жыл бұрынғы 100 теңгенің құны қазір сатып алу қабілеті бойынша 30 процентке төмендеген. Екінші бір қызықты оқырмандар назарына салғымыз келеді. Әдетте қымбатшылық кедейдің соры, әлемдегі ауыздықтауға келмейтін инфляция бүгінде дәулеттілердің несібесін молайтып тұр. Байлар қымбатшылықтан үстемелеп жиған-тергенін молайта түсуде.

Әлемде қанша кедей бар? Жаһандағы 200-ден астам елдің тұрмыс-тіршілігін сараптап көрсек, дәл анығына жету қиын. Жалпы кедейшілік пен орта тұрмыстағылардың деңгейін өлшеп пішу әр жерде әртүрлі. Бізде де солай.

Сол қазақ әлі тойын дүркіретіп жатыр. Қыз ұзатып, ұлын үйлендіріп дегендей, әлгі алыс-берісте алтын-күмістің берекесі тасып-ақ тұр. Бірақ қымбат алтынды ауырсынып жатқан қазақты тағы байқамадым.

Ертеден келетін «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген сөз бар. Қазақ басынан өткізгесін айтады. Талай ашаршылықты, дүниенің астан-кестеңін көріп, бір үзім нанға зар болғанда шындықтан туған ғой. Біз осылай демесек те, жан қиналғанда бағалы бұйымдардың түкке тұрғысыз екенін жақсы білеміз. Үндістанның тәуелсіздігін қорғап, кейін премьер болған Индира Ганди «Аш адамның түсіне нан құдай түрінде енеді» депті. Айта берсеңіз теңеу сөздер толып жатыр. Бірақ бүгінгі нарық ауыздықтауға көнбейді, қымбатшылықты қанша сарсылып тауысқанымызбен, тұтынушылардың тәбеті әлі тыйылмай отыр. Қазақ байып кетті ме, әлде оның басқалай себептері бар ма?

Бірақ бір айқындық барын жасырғымыз келмейді. Халықтың 70 проценті айлықтан айлыққа дейін өмір сүреді. Осыған қарамастан тәбеті тыйылмайды. Арғы жағын өзіңіз пайымдай беріңіз.

Неліктен? Шамамыз келгенше талдау жасап көрелік. Соңғы жылдары халықтың тұтынушылық несиеге деген тәбеті тым артты. Президенттен бастап  төлем қабілеті жоқ тұрмысы төмен адамдардың несиесін кешіргеніне, Мемлекет басшысының соңғы ескертуіне қарамастан, тұтынушылық несие елімізде еселеп өсе түсті. Тіпті кейбір деректерге сүйенсек,  мұның соңы тұтынушылардың жаппай қайтару қабілетін жойып, техникалық сипаттағы дефолт тудыруы мүмкін деген қауіпті әңгімелер туғызуда. Басқаша айтқанда, әлемді 2008 жылы дүр сілкіндірген ипотекалық дағдарысты бүгінгі жағдаймен байланыстыратындар көп.

Барлығы ақшаға, дұрысы несиеге, қарызға сатып алынады. Алтын-күміс, басқаларыңыз да сондай. Бүкіл жүйе әлгі тойымсыз тұтынушылар үшін жұмыс істеп жатыр. Нақты мысал келтірейін. Қаласаңыз, алтын-күмісті қарызға беретін банктер оны жыл үлесіне бөліп тастайды. Уақыт өткенде тұтынушы оның еселенген бағасын төлейді. Мұны жай тілмен айтқанда «рассрочка» дейді. Біз қызылордалықтардың төлеу қабілеті қандай деңгейге жеткенін білмейміз, бірақ проблема республика бойынша ушығып тұр.

Жыл басында Ұлттық Банктің төрағасы Ерболат Досаев халықтың банктер алдындағы қарызы шектен асып бара жатқанын, сондай-ақ оның көлемін азайтудың тетіктерін қарастыруға кірісетінін айтқанда, сарапшылар халықтың несиесіз өмір сүре алмайтынын жеткізіп, дабыл қаққан еді. Демек, халықтың несиеге тәуелділігі Үкіметтің қалауымен емес, жеке басының қажеттілігіне тәуелді болып қалғанын аңғартады. Ойланасың, бәлкім әлгі сарапшылар банктердің мүддесін қорғайтын шығар?

Биыл екінші тоқсанның қорытындысы бойынша әрбір қазақстандықтың орта есеппен 450 мың теңге көлемінде несиесі бар екені анықталды. Несиелендірудің ең жоғары динамикасы мамырда байқалып, жеке тұлғаларға берілген жалпы несие портфелінің (7,9 трлн теңге) үштен бірі тұрғын үй заемдарына тиесілі болса, жартысынан көбі тұтынушылық несиелердің үлесіне тиген.

Сарапшылар пікірінше, адамдар өз қалауын басқара алмайтын деңгейге жетті. Тағы бір есеп былай дейді. Бұл жалпы әлемдік үрдіске тән. Кейбір адамдар әл-ауқаты неге жететінін бағамдай алмай, несие арқылы қымбат көлікті тізгіндеп, зәулім үйлерде тұрғысы келеді. Мамандардың пайымдауынша, несиелік тәуелділікке әкелетін бірден-бір фактор осында жатыр.

Дамыған елдерде жылжымайтын мүлікті, автокөліктерді, электр энергиясын, азық-түлік өнімдерін сатудан және медициналық сақтандырудан түскен ақша капиталы қор нарығына қатысушыларға үлкен пайда әкеледі. Бұл халықаралық нарықтағы қаржы айна­лымының еселеп көбеюіне алып келген. 1983 жылдарға дейін халықаралық нарықтағы қаржы айналымы 2,3 млрд доллар болса, 2001 жылы 130 млрд доллар, 2020 жылдың аяғында 72 трлн долларға дейін жетіпті. 2007-2021 жылдар аралығында әлем бойынша несиелендіру 51 трлн долларға жетті. Мұның 80 проценті банк пен салымшылар арасындағы несиелендіру интеграциясы арқылы жүзеге асты, дейді бірқатар сарапшылар.

Кейбір сарапшылар философ Маурицио Лаццараттоның: «Әлемдік экономиканың күретамырына қан жүгіртіп тұрған сала – қарыз экономикасы» теориясын келтіріп, адамдар көлікті, пәтерді, тұрмысқа қажетті заттарды банктерден несие алу арқылы қол жеткізіп, бұл құрылыс компанияларының да, сол тех­нологияларды айналымға шығарып отырған зауыттардың да жұмысын жүргізеді деген пікірін алға тартады. Қарыз экономикасы қоғамды несие берушілер мен қарыз алушыларға бөліп, әлеуметтік қатынастардың жаңа моделін қалыптастырды, яғни іздің қаржы саясатындағы ұстанымымыз М.Лаццараттоның тұжырымдамасымен үйлеседі.

Бірқатар сарапшылар «қазір банк саласына ғана емес, экономикаға жаңа саясат керек. Ол ең алдымен тұрғындардың табысын көтеруге бағытталуы тиіс. Банктен несие алудан шеттетілгендер микро қаржы ұйымдарының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Адамдардың несиеге деген тәбетін енді тежеу мүмкін емес. Біз халықты бұл дерттен айлық табысын көтеру арқылы ғана құтқара аламыз» дейді. Олардың ойына құлақ түрсек, еліміздің қаржы секторындағы несиелендіру мәдениеті – Батыстағы тиісті нәтижеге жеткізбеген олқылықтың салдарынан болды. 90-жылдары Батыс елдері, оның ішінде АҚШ-тағы қаржы дағдарысы проблемалы несие тасқынын туғызды. Адамдар тұрмысын жақсартып, әдемі өмір сүруді еңбегі мен табысы арқылы емес, банктің несиесімен шешуге тәуелді болып қалды.  Ал біз Батыстың қаржы жүйесін құрдымға алып кете жаздаған түйткілдің себеп-салдарын зерттемей, қолданысқа енгізіп жібердік.

Біздің пайымымызша проблеманы жалақыны көтеру арқылы шешу қисынсыз. Ол кейбір жағдайда онсыз да жөн-жосықсыз көтеріліп жатыр. Ойымызды жалғастырайық. Қазір «Инфляция шектен тыс тұтынудан туады» деген ұстанымға басымдық беретіндердің қарасы көп. Мұндай көзқарасты Ұлттық Банк те құп көреді. Несиемен өмір сүру кейбір замандастарымыз үшін үйреншікті құбылысқа айналып кетті. Тіпті өзі о дүниелік болып, артында қалған несиесін әйеліне немесе 10 жастағы баласына мұраға қалдырып кеткендер де бар.

TeleTrade ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі Сергей Лысаковтың сөзіне сенсек, отбасылық кірістің басым бөлігін несиені төлеуге жұмсау – біздің қоғам үшін қалыпты жағдай. Бұл құбылыс тереңдеген сайын несиеге деген тәуелділік те артып, жалқылық сипаттан жалпылық сипатқа айналып барады. 2020 жылдың соңында халықтың мой­нындағы несие ішкі жалпы өнімнің 10,9 процентін құраған. Былай қарағанда бұл үлес – тым қорқынышты емес, қалыпты жағдай. Ресейде бұл көрсеткіш 20,2, Қырғызстанда 5,7, ал Өзбекстанда 3,2 процентпен шегеріліп тұр.

Еліміздің алтын-валюта қоры биылғы сәуір айында 700 млн дол­ларға өсіп, барлығы 34 миллиард долларды құрады. Бұл қымбат металл құнының көтерілуімен байланысты болды. Ал еркін конвертацияланатын валюта активтері азайып, 635 миллион долларды құрады. Соңғысы Ұлттық банкке екінші деңгейлі банктер салымдарының төмендеуімен байланысты болды.

Біздің бүгінгі тіршілігіміз «жаяудың аттыға ерем деп таңы айырылыпты» дегенге саяды. Сөз басында айтқан алтын саудасына оралайық. Қазір қымбат бұйымдарды кейінге шегеріп төлеу көлемі артты. Тұтынушылар саны еселей түсуде.

Әншейінде көп нәрсені статистикалық мәліметтен біліп алғымыз келеді. Сөйтсек, «алтын, әшекей бұйымдары» деген түсінік сол статистикада болмай шықты. Бірақ бір нәрсе айқын, Қызылорданың сауда нүктелерінде әшекей бұйымдарының саудасы толассыз жүріп жатыр. Кәдімгі «рассрочка» сауда үйреншікті дағдыға айналды. Банк сауда айналымына мүдделі, базардағы сатушылар да солай.

Алтын өндіру бойынша Қазақстан әлемдегі ауқатты елдердің қатарына қосылады. Оның қоры жөнінен алғашқы ондықтың қатарында жүргенін айту тағы ләзім. Бай шикізат қоры бойынша еліміздің әлеуеті мықты. Бір әріптесім халықтың жағдайы жақсы дегенді жиі айтады. Қаншалықты жақсы, ол жағы мен үшін жұмбағы көптеу түйткіл. Әйтеуір өз басым күмәнмен қараймын.

Бірақ бір анығы, тұтыну нарығы қарбалас. Сауда қызу жүріп жатыр…

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<