Ауылды қолдау – келешекті ойлау

1801

0

Тамақ табу кез келген тіршілік иесі үшін әрқашан бірінші орында. Солай болған, бола бермек. Адамзаттың да  барлық іс-әре­кетінің жеме-жемге келгенде осы төңіректе болуын заңды құбылыс десек, әлемде қалыптасып отырған қазіргі жағдай үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Баршамыз жұдырықтай жұмылып жұмыс жасайтын сәт туды. Көпшіліктің көкейінде жүрген «не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

Елімізде ауыл шаруашылығына әрдайым мемлекеттік қолдау көр­сетіліп келеді. Нәтиже де бар­шылық, жетістік те аз емес. Жеміс-жидек, көкөніс-бақша, т.б. мәдени дақылдар өнімдері қала мен ауыл тұрғындары дастархан мәзірінен берік орын алды.  Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты. Алайда, бұларды өндіретін өндірістер бизнестік бағытта болғандықтан, бүгінгі әлем­дік дағдарыс жағ­дайын­да, азық-түлік қауіпсіздігін нақты қам­тамасыз ете алмайтыны байқа­лып қалды. Мысалы, жылыжай шаруашылықтарын алайық, мемле­кеттен қаржылай көмек алса да, өнімдерінің сату бағасы  өте қымбат. Азық-түлік – жалпы ұғым, ал олардың қатарында халықты тамақтандыру ісінде алдыңғы орынға шығатындары барын ұмыт­пағанымыз абзал. Нақтылай түссек – бидай, күріш, арпа, жү­гері, картоп, пияз, қызылша, т.б. ауыл­шаруашылық дақылдары мен мал және балық шаруашылығы өнімдері. Бұлардың еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету­дегі орны айрықша маңызды.

Жалпы, азық-түлік қорын мо­лайтуда қарапайым заттар эко­номикасын басшылыққа алғанымыз дұрыс. Ол үшін ауылдық округтар әкімдерінің жұмысын жаңаша ұйымдастыру мәселесі туындайды. Себебі, ауыл әлеуетінің шамасы мен ауқымын жақсы білетін солар.

Бір ауылда орташа есеппен 200-300 түтін тұрады деп, ал олардың есік алдындағы егіске жарамды жерін 20 сотық деп алсақ, әр ауылдан кемінде 50-60 гектар егістік жер шығады. Көпшілік ауылдарда, аудандар мен облыс орталығында аяқсу мәселесі шешілген. Қызылорда облысындағы елді мекендердің 80 проценттейі (шамамен 200 елді мекен) есік алдындағы жерді игерсе, көкөніс-бақша дақылдарын өсіретін қосымша 8-12 мың гектар жер пайда болады. Орташа есеппен әр гектардан  5-6 тонна өнім жинағанда, 50-60 мың тонна сапалы, дәрумендерге бай өнім өндіруге, тұтынуға немесе сатуға мүмкіндік туады. Аталған эко­логиялық таза азық-түліктер ау­ладағы жерқоймаларда еш шы­ғынсыз ұзақ сақталады. Орташа сату бағасы 100 теңге болған жағдайда өнімнің құны  5-6 миллиард теңгені құрайды. Шамамен 60-70 мың адам жұмыспен қамтылады және әрқайсысы 100 мың теңгеден аса табыс таппақ. Бұл – әрине, күніне 1-2 сағат қана айна­лысып, орындауға болатын шаруалар.

Сондай-ақ сүт өндіру мәселесін ше­шуге де мүмкіндік бар. Әр ауылдан кемінде 20 отбасы шыққанда, 40 сиырдан күніне 200 литр, 8-9 айда 50-60 тонна сүт сауылады. Демек, ау­дандар орталығында бұрынғы сүт зауыт­тарын қайтадан қалпына келтірудің болашағы зор. Ал, ұйым­дасқан сүт фермалары, шаруа қожа­лықтары оларды шикі­зат­пен толық қамтамасыз ете ала­ды. Жалпы сүт өнімдерін дайын­дау саласында үлкен өндіріске ұм­тылудың еш қажеттігі жоқ, шағын зауыттардың қуаты жеткілікті. Экономикалық жағы­нан да тиімді. Өйткені, әр ауылдан жылына 500-600 тонна сүт жинауға болады әрі сүтті тасымалдау қа­шық­тығы 100 шақырымнан ас­пайды.

Сүттің тазалығы, майлылығы секілді көрсеткіштерді портативті құралдармен анықтап, бағаларын белгілеп отырса, су қосу сынды ке­леңсіз құбылыстар өзінен-өзі жойылады. Мысалы, майлылық көр­сет­кіші 3,5%-дан жоғары болса, қосымша ақша қосып, ынталандыру сүт сапасын одан әрі арттыруда өз жемісін береді.

Ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу оңай емес. Ал экономиканың даму заңдылықтары бойынша қай жерде де тауар өндірісі болуы шарт. Осындай жұмыстардың ұйымдастырылу деңгейін қоғамдық саралау – ауылдық округ әкімдерінің жұмысын бағалаудың бір жолы. Статистикалық мәліметтер мен алғашқы ақпараттарды жинақтау да ауыл әкімдерінің құзырында болғаны дұрыс. Себебі, мемлекеттік бағдарламаларды жасауда негізге алынатын  ақпараттар қателіктерге ұрындыруы мүмкін, 60 мың тонна етті экспорттау бағдарламасы – айтылғанға нақты мысал.

Дақылдардың өнімділігі, т.б. сол іспеттес көрсеткіштер әкімдердің жұмысын бағалаудың сенімді критерийіне жатпайды, себебі оларға тікелей қатысты емес.

Өз басым келешекте ауыл әкім­де­рін халық сайлайтынына сене­мін. Сол кезде экономикалық үр­дістерді сауатты іске асыра ала­тын, парасаты биік, елжанды, іскер азаматтардың аренаға шы­ғатындығы сөзсіз.

Жеке ауланың шаруашылық әлеуетіне жеткілікті мән бермей жүрміз. Бес-алты қой, ешкі өсіру, тауық, қаз асырау – ұйымдастыруға болатын шаруа. Сүті, еті, жұмырт­қасы ағзаға азық болса, жүні, терісі, асығы, қауырсынына дейін кәдеге жарайтыны күмәнсіз. Ауыл іргесіндегі егістіктерде мал азықтық шөптердің мол қоры жеткілікті.

Жұмыс, табыс көздері ізденсе, баршылық. Нақты мысал келтірсек. Біздің аймақта кәдімгі Бұқар жидесі мен сары өрік өте жақсы өседі, яғни, табиғат сыйы. Осы жиденің денсаулыққа пайдасы ұшан-теңіз. Базарда Өзбекстаннан әкелінген жидені саудаласаңыз, бір келісі  600-700 теңге. Ал, бізде құсқа жем болып жиналмай қалады. Өріктен курага жасауды үйрену оп-оңай. Дәнін бөлек шақсаң, қып-қызыл ақша. Міне, ағайындар пайда қайда  жатыр.

Ойдан ой туады. Ауылдарда ақша тігіп, ит төбелестіру көрінісі белең алғандай. Төбелесетін иттерді сапалы қорекпен қамтамасыз ету үшін қомақты қаржы жұмсалатыны да түсінікті. Ойланайық, ағайын! Дарақылықты тоқтатайық. Одан да әлгі иттерге арналған құнарлы тамақ қалдықтарын үй малы мен құсына берген пайдалы. Мал-құстың қиларын дереу жинап, қамбаларда шірітіп, егістікке пайдалансақ, топырақ жақ­сарып, өнім көбейетініне әлемдік тәжірибе кепіл. Базарда бір қорап көң 20-25 мың теңге, есептей беріңіз ақша қайда жатыр. Экономикалық әсерден бөлек экологиялық әсері тағы бар.        

Бұрынғы тұтынушы коопе­рациясы жүйесінің тәжіри­белерін қолдану (агенттер), бүгінде далаға тасталып, қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқан мал терілерін, жүнді, макулатураларды жинақтап, қарапайым престерді қолданып фор­маларда қалыптап, өңдеу зауыттарына өткізу қолға алынса, сапалы да арзан жеңіл өнеркәсіптік шикізат тұрақты табыс көзіне айналады.

Есік алдындағы жерлерді өңдеу көп қол күшін қажет етеді. Сол себептен қолжетімді кішігабаритті тех­никалар мен құрал-жабдық­тар­ды шығару – мемлекеттік дең­гейдегі өткір мәселе. Қажетті ауыл­­­шаруашылық техникаларды алу­ға жеңілдетілген кредиттер не­месе қабылдау пункттері арқылы өнім­дермен төлеу механизмдерін қарас­тыруға болады. Бұл бағытта ауыл әкімдерінің белсенділігіне көп нәрсе байланысты.

Аталған жұмыстарға балалардың қатысуы, олардың ата-ана, бауырлары, туысқаны, көрші-көлемі, сыныптастары, достары алдындағы жауапкершіліктерін көтеріп, Отанға, елге, ұлтқа, жалпы адамзат баласына деген ізгі ниеттерінің қалыптасуына әсері тиеді. Құс өсіріп жұмыртқа, уақ мал бағып, ет пен сүт сатуға ерте бастан атсалысу – жас өскінді дүние қадірін бағалауға үйретіп, бизнеске бейімдейді.    

Қазақстан жағдайында «бола­шағы жоқ  елді мекендер» деген ұғым мүлде болмауы керек. Ойымды оқырманға түсінікті ету үшін Жалағаш ауданындағы Аққолқа (Қышбөгет) ауылының тағдырына тоқ­талғым келеді. Жаңадария өзе­нінің суға бай, шабындықты, та­би­ғаты  керемет, шаруаға қолайлы Сыр мен Қызылқұмның тоғысқан жерінде орналасқан ауылдың бастауыш мектебі, фельдшерлік пункті мен поштасы бар еді. Әрбір жан ба­сына шаққандағы мал басының үле­сі жоғары, мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік  құны төмен  әрі өнімі сапалы болатын. Міне, осы ауыл болашағы жоқ елді мекендер бағдарламасы аясында таратылып тынды. Не ұттық, кім ұтылды деген сұрақтар бүгінде өткір күйінде қалуда. Егер «болашағы жоқ» ауылға мемлекет тарапынан жол мен электр желісі мәселелері шешілгенде, облыс және аудан орталығы тұрғындарын мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде үлкен септігін тигізетін еді. Не нәрсені де бұзу мен құрту оңай, ал қайта қалпына келтіру қиынның қиыны.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі – табыс табудың жыл­ғасы. Ауыл тұрғындары эколо­гиялық таза, жаңа ғана егіс алаңдарында өндірілген бау-бақша (қауын-қар­быз, жеміс-жидек, т.б.) және сүт (шұбат, қымыз, айран, қатық, т.б.) өнімдерін, жеңіл тағамдар, қол­өнер туындыларын (кеудеше, жүн­шұлық, т.б.) сатуға шығарып, күнкөріс жағдайларын жақсарта алады. Тек жол бойындағы ауылдар тұсында маусымдық сауда жасау орындарын ашуға  рұқсат берілсе, жеткілікті. Бұған арнайы мау­сымдық өнімдерді сатуға ашыл­ған қаланың «Шұғыла» шағын ауданындағы базардың тыныс-тіршілігі дәлел.

Күзде су тартылған кезде күріш атыздары мен каналдардың құрғаған табандарында қалған миллиондаған шабақтар іріп-шіріп, қоршаған  ортаға зиянын келтіруде. Құзыретті органдар шабақтарды құтқару шараларын атқармаған шаруашылықтарға көп жағдайда айыппұл салумен шектеледі. Меніңше, аталған күрделі мәселенің күрмеуін тарқатудың бірден-бір амалы – тауарлы балық өндірісін ұйымдастыру. Ол үшін біріншіден, жыл бойы суы тартылмайтын көлдерді анықтап, телінген су көздерінен оларға күзде немесе ерте көктемде еселеп су құйып отыру қажет. Екіншіден, балық өсіру мақсатында әрбір елді мекен аумағында арнайы жасанды көлдер қазып, солардағы балық қорын күріш алқаптарынан жиналған шабақтар есебінен көбейтіп отыру жақсы нәтиже бермек. Балық ша­бақтарын көлдерге жіберу­ді ұйым­дастыруды айыппұл салу арқылы емес, керісінше, ынта­лан­дыру шаралары арқылы жүргізген дұрыс. Балық қорғау инспекциясы, экология, орман, су шаруашылығы мекемелерін жұмылдыру немесе тұрғындарды қатыстыру жұмыстары жергілікті ауыл әкімдерінің ұйымдас­тыруымен жүргізілуі тиіс. Балық қорын көп шығынсыз көбейту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосылатын қомақты үлес болмақ.

Қазіргі күні Қазақстанада құ­рылыс қарқынды жүруде. Оған қыру­ар қаржы жұмсалуда. Құрылыс жұмыстарына еліміздің барлық ай­мақтарында гастарбайтерлер (шет­­елден келген жұмысшылар) тар­­тылуда. Өз азаматтарымыз жұ­мыс­сыз жүр. Басқа жағдайларды айт­пағанда (салықтан жалтару, қо­­сымша шығындарды азайту, т.б.), жұмыс берушілер арасында «қа­зақтар жалқау, жұмыс істей алмайды» деген орынсыз пікір қа­лып­тасып, жергілікті мамандарды шет­тету орын алған. Қаншама қаржы сыртқа кетуде. Құрылыс ма­мандарын пайдалануда заң талаптарын күшейту – пісіп-жетілген мәселе. Мұнай-газ саласындағы шетелдік компанияларға қойылған талаптар қазіргі күні өз нәтижелерін беріп, отандық мамандар үлесі де, айлықтары да көтерілуде. Ендігі кезек – құрылыстыкі.

Өзбек ағайындардан үйренетін мәселелер де бар. Біздің құрылыс ны­сан­дарын үлкен тәжірибе алаңы­на айналдырған олар тіпті кәмелетке толмаған балаларын да ертіп келіп, бірнеше жылда маман қылып шығаруда. Ал бізде сылақшы, кірпіш қалаушы, т.б. құрылыс ма­ман­дарын мемлекет қыруар қаржы бөліп дайындай алмай жатыр. Кол­ледж­дерде жұмысшы мамандар даяр­лаудың дуальді жүйесін енгізу­дің әлеуметтік-экономикалық маңы­зы зор. Дуальді жүйе маман­дар­дың бәсекелік қабілетін артты­рып, жұ­мысқа орналасуына ықпал ете­тін бірден-бір фактор десек, қате­леспейміз.

Өңір экономикасын өркен­дету­­дің тиімді көздерінің бірі – ту­ризм. Оны дамытуда тарихи артық­­шылықтарымызды оң­тай­лы пайда­ланудамыз ба? Мы­са­лы, темір­жол бойында сонау пат­ша заманынан қалған вокзал, тұр­­ғын үйлер, көпірлер, су мұ­на­ра­лары, су алу құбырлары, қа­сиетті жерлер, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Аралдың кепкен табаны, гидро­техникалық нысандар, сәулет-құ­рылыс ескерткіштері – туристік маршруттарға кіруге сұранып тұрған дүниелер. Енді шамалы уақытта бәрін жоғалтып алуымыз ғажап емес.

Кейбір мамандардың сапалық деңгейі төмен немесе біліктіліктері атқарып жүрген қызметтеріне сай келмейді. Тапсырмаларды орын­дауды ғана біледі. Креативті ойлар, өміршең ұсыныстар, жаңа бас­тама­лар жоқтың қасы. Қорқыт ата уни­верситеті, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты база­сында және өңірдің озық өндірістерінде арнайы курстар ұйымдастырып оқыту – олардың біліктілігін көтеретіні талассыз.

Иә, қазір ауыл жастары қалаға жаппай көшіп жатыр. Мемлекет тара­пынан осынау үрдісті тоқтату бағы­тында қабылданған бағдар­ла­малар ойдағыдай нәтиже бер­меу­де. Сондықтан, өмір сүруге қо­­лайлы жағдайлар туғызу (өр­кениет жетістіктерін жеткізу, тұр­мыс сапасын жақсарту), шағын кәсіп­­­­орындар ашып, табыс көз­дерін көбейту халықтың ауылда тұрақ­­­­тануына қызмет етеді. Ал, ауыл­дың ұлтымыздың рухани құн­ды­­лықтарын, мәдениетін сақтап, қайта түлетудегі айрықша маңызы бар­шамызға белгілі.

Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,

техника ғылымдарының докторы,

 ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары

академиясының академигі,

«Ауыл» ХДПП

облыстық филиалының төрағасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<