«БАЙТАБЫННЫҢ» ЖАҢА БИІККЕ БЕТАЛЫСЫ

1370

0

Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 14 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 100-ден аса шаруа қожалығы, жұмыс жасайды. Соның бірі – жиырма жылға таяу жемісті еңбек етіп келе жатқан, Сапар Мыханов басқаратын «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өткен жылы ауданда көш бас­тап, «Үздік шаруашылық» атанған ұжым биыл да табысқа жетуге бел буып, осы сәттен көктемгі дала жұмыстарына кірісіп кетті. 

Еңбеккерлер бүгінде 228 гектар жаңа жоңышқа, 475 гектар ескі жоңышқа, 50 гектар мақсары, 80 гектар бидай егу жұмыстарын аяқтап, күріш егісіне қам жасап жатыр. Шаруашылықта биыл 1327 гектар күріш егіледі деген жоспар бар. Оған қажетті техника толығымен дайын. Себебі, мұнда соңғы бес-он жылда 1,5 млрд теңгеге жаңа маркалы ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Жылдағы дәстүр бойынша, шаруашылық механизаторлары көктемгі егіс жұмыстарын ерте аяқтап, көрші шаруашылықтарға көмек береді. Байқап қарасақ, бұл да қосымша табыс көзі. Серіктестік төрағасының айтуынша, техникаларды жалға беруден түскен табыстың 80 проценті механизаторлардың еңбекақысына қосылып отырады. Одан бөлек, екпінді еңбек қарқынына қарай берілетін сыйақылары өз алдына. Жалпы, өткен жылы серіктестік жұмысшыларына 150 млн шамасында еңбекақы беріліпті.

– «Байтабын» серіктестігінің құрамында төрт шаруа қожалығы,125 адам жұмыс жасайды. Оның ішінде үш бригаданы басқарып келе жатқан Б.Ділдабеков, Д.Төреқұлов, А.Берістенов сияқты көп жылдық тәжірибесі бар, білікті де іскер азаматтардың еңбегі ерекше. Соның нақты дәлелі, шаруашылық құрылғалы осында еңбек ететін, бүгінде 1-ші бригада жетекшісі Болат Ділдабеков өткен жылы «Еңбек даңқы» орденін иеленді. Біле білсек, бұл шаруашылықтағы барша еңбекші қауымның берекелі ісінің үлгісі, – дейді серіктестік төрағасы. Сондай-ақ, ол қаржы-шаруашылық жұмыстарының жүйелі жүргізілуінде есеп бөлімі қызметкерлерінің еңбегі зор екенін атап өтті. Расында, қандай бір мәселенің де шешімі қаржыға келіп тірелетіні жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда, олардың өз саласы бойынша жеткен жетістіктері бір төбе екен.

Ел алдында еңбегімен қадірлі Сапар Мыханов – осы Бұқарбай батыр ауылының тумасы. Жастайынан дала жұмыстарының дүбіріне ілесіп, ауыл тірлігінің жай-жапсарын жадына түйіп өсті. Сондықтан болар, еңбек жолында жиған мол тәжірибесін туған ауылының тұрмыс-тіршілігін нығайтуға бағыттады. Ауылдың әлеуметтік саласын көтеруге атсалысты. Қазақ Ауыл шаруашылығы институтын бітірген ғалым-агроном елдегі егін шаруашылығының табысын еселеуге аянбай күш-жігерін жұмсап келеді.         

Биылғы жылы «Байтабын» ЖШС ауылдың әлеуметтік саласын көтеруге 50 млн теңге қаржы салуды жоспарлап отыр. Оның аясында ауыл орталығын абаттандыру, көшелерді жөндеу, көрнекті арка орнату, сондай-ақ серіктестікке жаңа ғимарат салу жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Иә, байтабындықтардың бастамасы осындай. Біз барғанда  ауылдағы тазалық жұмыстарына қызу кіріскен еңбеккерлердің байыпты тірлігінен берекелі істің белгісі байқалды.

                                        

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<