Дизель отыны тапшы. Оны нарық реттей ала ма?

1295

0

Әдетте нарықтағы тапшылықты сұраныс пен ұсыныс реттейді. Біз жылдар бойы армандап жеткен нарық енді оны реттей алмайтынына көзіміз жетті. Соңғы деректерге жүгінейік. Міне, кейінгі екі-үш ай көлемінде Қазақстанда дизель отыны тапшы. Бұл тапшылықтан халық әупіріммен өтті. Астық жиналды. Жылу маусымына дайындық әйтеуір іркіліспен, қиындықпен өтетін сыңайлы. Бірақ жағдай тұрақталған жоқ, нарықта әлі абыр-сабыр.

Әр жерден алаңдатарлық мәліметтер түсуде. Дизель отыны күн санап қымбаттап барады. Бір қызығы, қымбаттаудың жөні бөлек, оны беру көлемі шектеулі, яғни, шағын бизнес жанармайдың тапшылығынан зардап шегуде. Үлкен жолдың бойында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген таныс жігіттермен хабарластым. Соңғы күндері жағдай біршама тұрақтала бастаған. Сол жолдың бойындағы жанармай құю бекеттерінде дизель отыны литріне 230 теңгеден сатылуда. Бірақ көлемі шектеулі. Елу литрден артық босатпайды. Біздегі деректер бойынша осындай жағдай Қазақстанның бірқатар облыстарына тән.

Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департамент директоры Ерсін Орынбаевқа телефон шалдым. Ол департамент тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Облыстың барлық жанармай құю бекеттері бақылауда. Олардың жұмысы жіті тексерілуде.

– Біздің тарапымыздан әлі тексеру жұмыстары 15 күнге дейін созылады. Бірақ бағаны қасақана өсіру мақсатында теріс әрекеттерге бару тіркелген жоқ. Бар болғаны ірі деген бекеттерде 500-1000 тоннаға дейін қосалқы жанармай қоры бар. Олар өз кезегінде тиісті ұйымдармен жыл басында келісім-шартқа отырғандықтан, осының барлығы заң шеңберінде атқарылып жатыр, – дейді біздің сауалымызға орай Е.Орынбаев.

Сонда басты түйткіл неде? Бұл орайда әртүрлі пікірлер айтылуда. Біздіңше тапшылықтың себебін әріден іздеу қажет сияқты. Нарықта шектеу шараларын енгізу әдетте нәтижеге жеткізбейді. Біз бұл жолдан бұрын өткенбіз. 

Энергетика министрлігінің дерегі бойынша биыл елімізде дизель отынын тұтыну көлемі едәуір артқан. Сол сияқты  тамыз-қыркүйек-қазан айларында жағдай осындай болды. Мәлімет бойынша тұтыну көлемі бір айда 519 мың тоннаға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 84 мың тоннаға артық. Нарықтың заңы бойынша сұраныс жоғары. Неліктен? Біздіңше жанармай көлемі сыртқа тасылып жатыр деген уәжге сенуге болады. Себебі Қазақстанда дизель отыны көрші елдерге қарағанда арзан. Ресеймен салыстырғанда 90 теңгеге, Өзбекстанмен салыстырғанда 77 теңгеге төмен. Қырғызстанмен алғанда едәуір төмен екенін және байқаймыз. Бұл – Еуроазиялық кеңістіктің әлі жетіле қоймаған заңдылықтарының зардабы. Өкінішке орай, оны реттеудің тетіктері сол елдерде тұрып жатқан халықтың мүддесіне және қайшы келеді. Әйтеуір таусылмайтын түйткілдер толып жатыр.

Сөзіміздің растығына көз жеткізу үшін мен «Компьютер лизион технология» ЖШС филиалының Қызылорда учаскесінің бастығы Нұрбол Абызбаевпен хабарластым. Ол алдағы уақытта біздің облыс көлемінде өтетін көліктерден ақылы қызмет үшін төлем алатын бөлімшені басқарады. Нұрболдың айтуынша, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолымен біздің облыс аумағынан тәулігіне 5-6 мың көлік өтеді. Соның тең жарымын үлкен салмақтағы жүк көліктері құрайды. Сыр өңірі – қысқасы, үлкен халықаралық транзит дәлізі. Демек, жанармайға деген сұраныс жоғары.

Кейінгі уақытта Еуропаның көптеген елдерінде энергетикалық ресурс бағасы күрт өсті. Әсіресе, Батыс Еуропада газдың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 3-4 есеге шарықтады. Проблеманың ушыққаны соншалық, Еуропадағылар дәстүрлі отынның болашағы жоқ дегенді енді ауызға алмайтын болды. Әзірге алдағы 40-50 жыл көлемінде жерасты ресурстарының сұранысы азаймайтын сыңайлы. Бұл бүгінгі өмірдің шындығы ғана емес, ақиқатына айналды.

Дизель отынының қоры мен бағасы туралы журналистерге арналған брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев бұл жағдай Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс тоқтауы және көрші елдердегі бағаның жоғары болуына байланысты деп түсініктеме берді.

Оған қоса, 1 қазаннан Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) жоспарлы жөндеуге тоқтатылды. Дизель отынының жетпейтін көлемі Ресей Федерациясынан (100 мың тонна) импортталуда.

ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен АИ-92 маркалы бензині, дизель отыны бағасына мемлекеттік реттеу алынып тасталып, бүгінде олардың бағасын нарық реттейді.

Облыста 145 жанар-жағармай бекеті бар. Қыркүйек айының басында дизель отынының орташа бағасы 196 теңгені, 13 қазандағы мониторинг мәліметтері бойынша 210,9 теңгені (ең жоғары бағасы 235 теңге) құрады (өсім 14,9 теңге немесе 7%).

Кешегі күннің мәліметтеріне қарағанда облыста дизель отынының қоры – 1411,5 тонна (6 күнге жетеді).

Айта кету қажет, жыл сайын егін науқаны кезінде дизель отынына сұраныс жоғарылайды, яғни тамыз-қыркүйек айларына дейін күнделікті қажеттілік 170-180 тонна болған, қазір 245 тоннаға дейін көтерілді.

Ірі жанармай құю станциялары желілерінде («Компас», «Гелиос», «Қазақ-Ойл») дизель отыны лимитпен бір машинаға 50-100 литрден босатылуда. «TS», «СиноОйл» АЗС-терінде талонмен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында бір машинаға 100-200 литр лимитпен берілуде.

Сонымен Қазақстанның жанармай нарығын қалай реттейміз? Бұл – республика атқарушы билігінің төл міндеті.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<