Шетелден артып керегі не?

1250

0

Таңғалып жатамыз кейде. Сапа дейміз ғой. Әдетте бір затты көріп құмартсақ, оны шығарушы компания не мемлекет атына бірден назар аударатынымыз бар. Мәселен, жиһазды алайық. Италия, Түркия немесе Украина елдерінен келген түрлі үй жиһаздарын тамсана айтып жүргендер көп. Тіпті, бергісі Белоруссия мен Ресейдің өніміне аямай теңге шашатын да біздің халық. Дегенмен, соңғы жылдары бұл сеңнің шетін ептеп бұза бастағандаймыз.

Қазақта ұста көп. Әсіресе, тұр­мыстық затты тиянақты бітіре­тіндер жеткілікті бізде. Жиһаз жасау ісі дамып келеді. Көз көрген жерде көңіл сүйсінетіні бар емес пе?! Кәсіпкерлікке қолдау жасалғалы, қол жұмысын жандандырып жүрген сырбойылық жігіттер аз емесін айтқымыз келеді.

Қармақшылық Әзиз Дүкенбай жасынан ағаш жонуға құмар. Басында үй ішіне түрлі тұрмыстық заттар жасап жүрді. Кейіннен отбасылық кәсіп ашуға бел буған.

– Жиһаз жасау кәсібі қызы­ғушылықтан басталды. Қазақ да­на­лығында «Әке көрген оқ жонар» деген сөздің жаны бар. Әкем Дүкенбай – тумысынан ұста адам. Бұл енді қаннан берілген қасиет шығар. Ағам да, мен де осы кәсіпке жақын болдық, – дейді біздің кейіпкер.

Төрт жыл бұрын өз үйінде қалған-құтқан ағаш қиындыларын іске асырып, түрлі тұрмыстық заттар құрастырыпты. Содан бері Жосалы кентіндегі ағайын-туыс, дос-жаран жас жігіттің ісмерлігіне сүйсінген. Тапсырыс беріп, тіпті аудан орталығына ағаш ұстасы ретінде тез танылғанға ұқсайды.

Әзиздің «қамданған қапы қалмайды» дейтін тәмсілді берік ұстанғанын бірден байқадық. Мемлекет тарапынан берілген көп мүмкіндіктерге жергілікті атқарушы орындардың көмегімен қол жеткізді. Грант ұтты. Кәсіп ашуға ниеті орындалды. Жары Гүлнұрмен бірге «Атамекен» ҰКП үйлестірген  «Бизнес Бастау» жобасы арқылы оқу курсын тәмамдағаны бар. «Жиһаз жасау» жобасы сәтті қорғалды. Аз уақытта 505 мың теңге қайтарымсыз қаржыға қол жетті.

– Ол ақшаны шашау шығар­мастан бірден қажетті құрал-жаб­дықтарымызды алып, жиһаз цехын аштық. Оған да бір жылдан астам уақыт өтті. Қазір қармақшылық тұрғындардың сұранысын орындап келеміз. Тапсырыс көп. Бастысы ерінбеу керек, – дейді ұста жігіт.

Айтпақшы, қармақшылық ұстаның бұдан өзге қуанышты жаңалығы бар. Былтыр осы кәсібін кеңейту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен өз жобасын ұсыныпты. «Ағаш өң­деу цехы» деп аталатын бизнес жоба сәтті қорғалған. Бұдан 2 млн теңге мемлекеттік грант алған Әзиздің цехы кеңіп қана қоймай, жұмысқа қосымша жігіттер де тартыпты. Бүгінде ас үй, кеңсе немесе тұрмыстық жиһаздарына сұраныс жетерлік.

Шетелдік дүниеге қыруар қаржы жұмсайтын өзіміз. Сондай-ақ, өзіміз­ден шығатын өнімге кей-кейде мұрын шүйіретініміз де жасырын емес. Отандық өнімге жол ашу керек. Қазақ жігіттерінің мұны істей алатынын байқап та, көріп те жүрміз. Шетелден артып керегі не?

Ержан ҚОЖАС

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<