95-ке толарда…

307

0

Президент пәрмен бергеннен көп ұзамай қолымызға Наурыз мейрамын атап өтудің жаңа тұжырымдамасы тиді. Соның алғашқы қанатқақты бетінде Абай мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бір-бір ауыз түйін сөзі таңбаланған екен.

Ұлы Абай: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, Наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен десе, ойшыл Мәшһүр Жүсіп: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама… Қайда атақты, асқан бай бар болса, Наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді екен» – дейді.

Ескіден жеткен екі ауыз сөздің тұжырымдамаға тірек болуы тегін емес. Мұның астарында Тәуелсіз елдің тілеуі, онан қалды табиғатпен саналы түрде үндесе алу үрдісі бар.

Бәрі де жаңарып жатыр. Наурызнама аясында он күннің олжасы толығып, әрбір күнге ұлт дәстүрін ұлықтайтын атау беріліп, қазақтың ескі де жаңа әдеп-ғұрпы жаңғырып жатыр.

Арғысын айта алмаймын, бірақ биыл жарық көргеніне 1-ші шілдеде 95 жыл толатын «Сыр бойы» газеті өз тарихында осы бір Ұлыс күнін насихаттауда ұлтқа тән ұстанымы нық үнпарақ болғанына ешкімнің дауы жоқ. Жаңарудың Жыл басынан, яки, әз Наурыздың биыл ерекше екпінмен салтанат түзеуінен біз де жігер алып, бөркімізді (газеттің атау-айдары) бір қомдап қоюды жөн санадық. Бұл сірә, шілдеге дейін шыдамағандық емес, Жыл басымен бірге 95-ке қадам басқандықтың белгісі деп білерсіз.

Өңірлік баспаны тарихы ғасырдан асқан, елге түгел тарайтын «Егеменмен» еншілестіруге болмайды. Әйтсе де, деректер сөйлегенде алды 100 жылдан асқан облыстық газеттер сапында «Сыр бойының» жалпы жарыққа шығу саны артық болмаса, ешбірінен кем түспейді. Ғасырға бір қадам жолда өңірдің аға басылымы елдің сөзін сөйледі, барына қуанды, жоғына жасыды, рухани қолдаушысына айналып, тарихын таңбалады. Бәрінен бұрын «қазір осы газеттің қажеті қанша?» дейтін базбір сыңаржақ көзқарастағыларға тосқауыл болатын парасатты оқырманның ықыласы.

Биыл газеттің мерейтойы қарсаңында БАҚ өкілдері арасында шығармашылық байқау, спорттық жарыстар, аудандарда оқырмандармен кездесулер өткізу жоспарда бар.

Оның бастауы Ұлыстың ұлы күнінде газет жүзінен желкен көтерсе деген игі мақсат еді…

Қуат Шарабидинов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<