Бұған дейін Қармақшы ауданына қарасты Төретам кенті мен Ақай ауылына газ барып, көпшілікті қуантқан еді. Тұрғын саны мол елді мекендерді газдандыру жұмыстарына 1,2 млрд теңге бөлінгенін білеміз. Одан бөлек, Сырдария өзенінің екінші бетіндегі ауылдарға газ тарту жобасы қолға алынды. Өткен жылы Дүр Оңғар ауылын газдандыруға 7,1 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылысы толық аяқталды. Нәтижесінде қармақшылықтардың 75,2 пайызы табиғи газбен қамтылып отыр.
Ал осы жылы Иіркөл мен Төребай би ауылына газ желілерін тартуға жоба-сметалық құжат әзірленіп, құрылысы басталып кетті. Екіншіден, Дүр Оңғар ауылына газ тартылған соң әрі қарай Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Ақжар және басқа да ауылдарға газ құбырын жүргізу көзделіп отыр. Тек бұл жұмыстар өз кезегімен, жоспарлы түрде атқарылады.
– Қазір «Төребай би ауылына газ құбыры мен кварталішілік газ тарату желілерін салу» жобасы басталды. Оның құны 480 млн теңгеге жуықтайды. Осы жоба барысында мердігер компания «Asia story KZ» ЖШС газға арналған 21,26 шақырым полиэтиленді және 16 метр болат құбырын орналастыруы тиіс.
Қазір құбыр тарту жұмыстары өз уақытымен жүріп келеді. 98 тұрғын үйге газ нүктесін орнату қарастырылған. Бүгінде 45 тұрғын үйге газ нүктесі барып тұр, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытбек Жылтыров.
Бөлім басшысының айтуынша, осындай игі жұмыс Иіркөл ауылында да жалғасын тапқан. Елді мекенге газ құбырын жүргізуге бюджеттен 378 млн теңгеден астам қаржы қаралыпты. Жоба бойынша «Aral Qurylys» серіктестігі 16 шақырымға жуық полиэтиленді газ және 389 метр болат құбырын жүргізеді. Қазір Иіркөлге «көгілдір отын» тарту үшін қажетті техникалар өз жұмысын бастап та кеткен.
Газдандырудан бөлек, жалпы инфрақұрылымды дамыту, жол сапасын жақсарту, ауызсу, электр желілері мен түнгі жарықтандыру, қажетті әлеуметтік нысандар – тұрғындардың жиі көтеретін мәселе екені белгілі. Ал Қармақшыда халық өміріне тікелей әсер ететін мұндай мәселелерге басымдық берілген. Сонымен қатар, аудан экономикасының негізі саналатын ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу да назардан тыс қалған жоқ.
Ал жоғарыда айтқан қос елді мекенді толық газдандыру жұмысын алдағы жылыту маусымына дейін аяқтап, халық игілігіне табыстау жоспарланып отыр.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





