Жұмысшы мамандар кез келген саланың қызметін үздіксіз жалғастыруға мүмкіндік береді. Биыл елімізде оларға ерекше көңіл бөлініп, мәртебесін көтерудің маңызы артты. Жұмысшы мамандықтарды насихаттау және олардың мәртебесін көтеру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан оқу орындарының бірі – Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі.
Колледжде 300-ден астам жас теміржол саласының түрлі мамандықтары бойынша білім алып жүр. 9-11 сыныптар негізінде 16 мамандық оқытылып, бітіруші түлектердің дипломына қосымша 42 біліктілік жазылады. Оқу бітірген соң жастардың жұмысқа орналасуы туралы мәлімет ұлттық бірыңғай деректер қорына енгізіледі. Соған сүйенсек, өткен жылы түлектердің 91,2 пайызы екі қолға бір күрек тапқан немесе жоғары оқу орнында білімін жалғастырған. Колледж «Қазалы локомотив жөндеу зауыты», «Қазалы Қамқор» вагон депосы, «СЧ-40» белгі беру байланыс дистанциясы, «ДН-10» Қазалы станциясы, ірілендірілген теміржол станциясы сияқты серіктес мекемелермен тығыз байланыста. Оқу орны 2016 жылдан бастап дуальды оқыту жүйесіне көшкен болатын. Жаңа жүйе оқу базасында теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Жұмыс істеген мерзімі білім алушының еңбек өтіліне қосылады.
– 2025-2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау бойынша жол картасы қабылданған болатын. Еліміздің барлық өңірінде жұмысшы мамандықтар беделін және кадр даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жоспарлар бекітілді. Онда жаңа кәсіпорындар құру, жұмыс орындарын ашу, жұмысшылардың біліктілігін арттыру, кадр даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою жүктелген. Қазақстанда кәсіби білім беру жүйесі жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған. Жұмысшылар даярлау кәсіптік колледждер мен жоғары оқу орындары арқылы жүзеге асырылады. Бұл жұмысшылардың біліктілігін арттыру мен еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға ықпал етеді, – дейді инженер-педагог, колледж директорының міндетін уақытша атқарушы Анар Ахметова.
Ол сондай-ақ колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту, жаңғырту бағытында біршама игі бастама қолға алынғанын атап өтті.
– Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалды әлеуетті және цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді. Елімізге мыңдаған білікті жұмысшы қажет. Сонымен қатар жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болуда. Қалай болғанда да өз саламыздың, ел экономикасының күретамыры саналатын алып теміржолдың тоқтаусыз жүйткуіне, заман ағымынан қалмай өркендеуіне үлес қосу – кәсіби парызымыз, – дейді колледж басшысы.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<