Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда. Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік» деген болатын.

Расымен қандай игілікті істерде жетістікке жетсек, оның бәрі ел бірлігінің арқасы екені сөзсіз. Бүгінгідей құбылмалы заманда көпұлтты мемлекеттерде этникалық топтар не өзге этнос өкілдері арасында татулық пен бірлікті, тұтастық пен ынтымақты сақтауда сан түрлі қиындықтар туып жатқанын көріп отырмыз. Бұл тұста еліміз мұндай қиындықтардың шешімін әу бастан түбегейлі реттестіріп қойған. Себебі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы этностардың бірлігін қамтамасыз етіп, келісімді нығайтуда айрықша рөл атқарып отыр. Биыл бейбітшілік пен тұрақтылықтың жаршысы болған құрылымның құрылғанына 30 жыл толды. Осы жылдар аралығында ҚХА халықты бір арнаға тоғыстырып, олардың бірлігін арттыру жолында қолға алынған бастамалардың орталығына, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықтың алтын көпіріне айналды.
ТАРИХҚА КӨЗ САЛСАҚ…
ҚХА 1995 жылы 1 наурызда құрылып, әуелгіде Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган болып бекітілді. Одан соң Ассамблея аталған мәртебеден де мықты құқықтық негізі мен қоғамдық-саяси мәртебесі бар конституциялық органға дейін өсті. Басты мақсаты – Қазақстанда тұратын түрлі этникалық топтар арасында сындарлы диалог, ынтымақтастық және өзара түсіністік үшін жағдай жасау.
Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын Тұңғыш Президент Н.Назарбаев алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады.
Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалады. Бұл – этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт.
2008 жылғы 20 қазанда «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға қол қойылды. Бұл заң – этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті. Ұлтаралық қатынастар субъектілері жұмысының елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси бағытпен үндес жаңа жүйесін қалыптастырды.
Сондай-ақ мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындады.

Бүгінде құрамында 350-ден астам ұлттық-мәдени орталық бар. Аймақтардағы әрбір орталық еліміздегі жүзден астам этнос өкілін, тағдыр табыстырған бауырлас халықтарды Қазақстан деген алып шаңырақтың астына топтастырып, тәуелсіз мемлекетімізде ынтымақтастық пен татулық туының желбіреуіне, ішкі саяси тұрақтылықтың сақталып, баянды бірліктің салтанат құруына оң ықпалын тигізіп отыр.
Осы бірліктің арқасында еліміз дамыды, өсті, іргелі мемлекет болып қалыптасты. Ал 30 жылдың ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.
ДОСТЫҚ МЕКЕНІ
Қазір Сыр өңірі халқының 96,2%-ы қазақ ұлты, 3,8%-ы түрлі этностық топтан құралады. Облыстық ҚХА құрамында 11 этномәдени бірлестік, аудандарда 4 этнобағытталған үкіметтік емес ұйым және 9 қоғамдық құрылым жұмыс атқарады. Этностардың басым бөлігі Шиелі, Қармақшы ауданы «III Интернационал» ауылында және Байқоңыр қаласында тұрады. Олардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауына барлық жағдай жасалған.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аймақтағы қоғамдық келісімді, саяси тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда жүйелі жұмыс атқа¬руда. Мәселен, өткен жылы өңірде «Бейбітшілік пен келісімнің мекені» жобасы шеңберінде ҚХА мен ЭМБ құрылымдарының қатысуымен этнос өкілдері тығыз орналасқан аудандар мен ауылдарда көш керуен акциясы өтті. Этномәдени бірлестіктердің атаулы мерекелері аясында Хон Бом Доның мемориалдық кешені қайта жаңғыртылды және «Славяне» этномәдени бірлестігінің 25 жылдығы, татар этномәдени бірлестігінің 30 жылдығы, «Алекс» би өнері мектебінің 25 жылдығы, республикалық «Корё ильбо» газетінің 100 жылдығы, Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға қоныстанғанының 80 жылдығы, «Славяне», татар, корей, неміс бірлестіктерінің мәдени күндері аталып өтті. Сондай-ақ облыстық корей этномәдени бірлестігінің құрылғанына 35 жыл толуына орай гала-фестиваль өткізілді.

Бұдан бөлек, аймақта Қорқыт ата университеті мен Сеул Ұлттық Ғылым және технология университеті арасындағы келісім бойынша жасанды интеллект институты ашылды. Осының негізінде облыс әкімдігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінен арнайы 100 грант бөлінді. Алдағы уақытта білім алушылар қос диплом бағдарламасын жүзеге асырады. Бұл мамандықтарды игеру арқылы өңіріміздің жастарына IT саласындағы барлық мүмкіндіктерге жол ашылады. Басты жетістік – жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастырған «Ассамблея жастарының» ЮНЕСКО-ның жаһандық қоғамдастығының мүшелігіне енуі еді.
– Бүгінде біздің облысымызда этнос өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешуде. Елдің ынтымағы мен бірлігін арттырып, достықтың бесігін тербетіп отырған 11 этномәдени бірлестік нәтижелі де белсенді жұмыс атқарып келеді. Биылғы 30 жылдық аясында да қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау бойынша облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов.
БҮГІНГІ КҮН
Жыл басынан бері облыстық ҚХА түрлі форматта 116 іс-шара ұйымдастырды. Оның бастауында 30 жылдық мерекеге орай ұйымдастырылған «Қазіргі Қазақстандағы этносаралық келісім мен тұрақтылық» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция тұр. Одан басқа «Ассамблея жастары» өңірлік ұйымы түрлі шаралар мен акциялар ұйымдастырып келеді. Корей этномәдени бірлестігінің «Солналь» корей жаңа жылы, корей барабанымен самульнори ойнаудан шеберлік сағаты, «Славяне» этномәдени бірлестігінің «Масленица» мерекесі, «Рождестволық көрме» шаралары аталып өтті.
Кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Мерейлі 30 жылдық аясында өңірімізде 100-ден аса іс-шара ұйымдастырылмақ. Әрбір этно-мәдени бірлестіктің онкүндігі өткізіліп, ұлттық мәдени құндылықтары насихатталады. Барлық этномәдени бірлестікке ұлттық нақышта жаңадан тігілген киімдер табысталады.
– Өздеріңізге белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында 7-8 сәуір күндері «Сыр елі – достық мекені» атты республикалық Ассамблея жастарының форумы өтті. Форумға «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев бастаған еліміздің бірқатар өңірінен 30-дан астам көшбасшы жастар келіп қатысты. Барлық өңірден келген қонақтар өз лебіздерін білдірді.
Алдағы уақытта да ғылыми-сарапшылық топ мүшелерімен республикалық ғылыми-танымдық конференция, «Достық әуені» атты республикалық әншілер байқауы, «Анаға тағзым» республикалық форумы, жақын өңірлер арасында шағын футболдан «Достық» кубогіне арналған турнир және тағы да басқа облыстық деңгейдегі шаралар өткізу жоспарда тұр, – дейді басқарма басшысы.
Өңірде этносаралық қатынастың өзіндік үлгісін қалыптастыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыс жүйелі әрі қарқынды.

Жалпы Ақпарат және мәдениет министрлігінің мәліметінше, Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастыру және кемінде 1,5 млн адамды қамту жоспарланып отыр. Өткізілетін шаралардың барлығы елдегі ынтымақ пен бірлікті нығайтуға бағытталған.
– Осы жылдары Ассамблеяның бастамалары елімізде бейбітшілік пен өзара түсіністік орнап, әрбір этностың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, жалпыұлттық мүдде жолында өркендеуіне мүмкіндік жасады. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалған этносаралық татулық пен бірліктің бірегей үлгісі. Халықаралық аренада «қазақстандық модель» тұрақтылық пен келісімнің сәтті тәжірибесі ретінде жоғары бағаланады. Бұл – бірлік пен достықты бағалай білетін халқымыздың ортақ жетістігі. Біз осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек. Біздің басты байлығымыз – халқымыздың татулығы мен ел ішіндегі тұрақтылық, − деді ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.
Түйін: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Біз, Қазақстан халқы, өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек. Біздің идеологиямыздың тірегі – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі. Ең бастысы – дұрыс сөйлеп, жақсы ниет білдіру ғана емес, нақты жұмыс істеп, игілікті іске күн сайын күш жұмсау. Бізге бос сөз емес, нақты іс керек. Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз», «Қазақстанның халқы біртұтас» деген қағидаттар көрініс табуға тиіс. Бұл – мызғымас әрі берік қағидаттар. Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік» деген болатын.
Бүгінде мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Қалай десек те ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Осы ретте ҚХА әлі де түрлі бастамалар мен жобалардың өтуіне ұйытқы болып, ел ішіндегі бірліктің нығаюына, тұрақтылық пен келісімнің берік орнығуына атсалыса береді.
Фото: Н.Нұржаубай
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<