Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Кипр Республикасының Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті. Іс-шара аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Кипрдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Кипр Президентіне ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапарының тарихи мәнін атап өтті.
– 2019 жылы Сыртқы істер министрі лауазымын атқарып жүргеніңізде елімізге келіп, Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді досы әрі қолдаушысы ретінде әрекет ететініңізді мәлімдеген едіңіз. Бүгінде біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттеріміздің астаналарында елшіліктерімізді аштық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды, басқа да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Дегенмен екіжақты ықпалдастықты кеңейту үшін әлеуетіміз жеткілікті деп ойлаймын. Өз тарапымнан көптеген бағытта ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға күш салуға дайынмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Никос Христодулидис Қазақстан Президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.
– Сіздің еліңізге Кипрден тікелей қатынайтын алғашқы рейс арқылы іскерлік делегация өкілдерімен бірге ұшып келгеніме өте қуаныштымын. Елдеріміздің әлеуеті мол. Бүгінгі келіссөздер өзара ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сондай-ақ Қазақстанға басқа лауазымда келіп отырмын. Қазіргі уақытта еліміз Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатыр. Аталған өңірдің маңызын және Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты одан әрі ілгерілету жолдарын талқылауға әзірмін, – деді Кипр Президенті.
***
Мұнан кейін екі ел президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Кипр Республикасының Президенті дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған сәттен бері елімізге алғаш рет тарихи сапармен келгенін атап өтті. Сондай-ақ, Никос Христодулидиспен бірге ауқымды бизнес делегация келгеніне тоқталды. Бұл кипрлік компаниялардың елімізге қызығушылығы артып келе жатқанын байқатады. Осы орайда цифрландыру мен жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы кооперацияны кеңейтуге баса мән беру қажет екені айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі бизнес-форум мен Сауда палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою іскерлік топтардың тікелей диалогын жолға қоюға септігін тигізеді.
Никос Христодулидис Астанаға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды кезеңі саналатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы нәтижелі экономикалық күн тәртібіне қол жеткізу үшін үкіметтер күшін үйлестіру маңызды деп санайды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынды. Президент Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру, сондай-ақ сауда делегацияларымен тұрақты алмасу жөнінде бастама көтерді.
Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрлық коммуникация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасын талқылады. Сонымен қатар мәдениет, білім, спорт және туризм бағыттарындағы байланысты кеңейту мүмкіндігіне назар аударды.
***
Мемлекет басшысы Кипр Президенті Никос Христодулидисті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Президентінің Қазақстанға алғашқы тарихи сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі саналатынын атап өтіп, Никос Христодулидистің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Кипр Президенті жоғары награданы табыстағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
***
Қазақстан мен Кипр президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы Кипр Республикасын еліміздің Еуропадағы сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі деп атады.
– Екі ел арасындағы саяси диалог жыл өткен сайын күшейе түсуде. Қадірлі Христодулидис мырза осыдан 7 жыл бұрын Кипрдің Сыртқы істер министрі ретінде Астанаға арнайы келген болатын. Сол кезде ол Кипр Қазақстанның Еуропа Одағындағы мүддесін ілгерілетуге әрдайым дайын екенін айтқан еді. Содан бері көп жұмыс атқарылды. Екі мемлекеттің елшіліктері ашылды. Осылайша, өзара қарым-қатынасымыз жолға қойылды. Қадірлі Президент мырзаның Астанаға тұңғыш сапары екі ел арасындағы алғашқы тікелей әуе рейсінің ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның да символдық мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттер мазмұнды келіссөз жүргізіп, ықпалдастықты күшейтудің тың бағыттары туралы әңгімелескен. Онда сауда-саттық, логистика, қаржы, туризм, цифрлық технологиялар саласындағы өзара байланыстардың келешегі зор. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 30-ға жуығы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Бір сөзбен айтқанда, екі ел арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілетін болады.





