Аңыз ана, Батыр ана, Әз-Ана!

225

0

Сыр елінің атақты күрішшісі, қазақ халқының қайраткер, еңбекқор, аяулы қызы, ғасырдың Батыр анасы, Социалистік Еңбек Ері, дән падишасы, аңыз Ана Сәлима Жұмабекқызы Жұмабекова туралы сыр-толғау.

Халқымыздың мақтан тұтар аяулы қыздарының бірі – Сыр өңі­рінің мақтанышы, қармақшылық күріш өсіруші-диқан Сәлима Жұма­бекованың есімі республика жұрт­шылығына түгел танымал. Социа­листік Еңбек Ері, Батыр ана, өз заманында үлкен мәртебе саналатын Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Халық депутаты болған қайраткер анамыздың өмір жолы ұлтымызға өнеге, жас ұрпақ өкілдеріне тағылым мен тәрбие. Осындай ерен еңбек иелері – аға ұрпақтың еңбек дәстүрін жастардың санасына жеткізіп, оларды аянбай еңбек етуге тәрбиелеудің мәні өте зор. Еліміздің бастан кешкен тарихына зер салсақ, алдыңғы өткен аға буынның еңбек жолында қалыптасқан ізгі дәстүрлері халқымыздың жалпы ұлттық мұрасы, мақтанышы екеніне көз жеткіземіз. Себебі еңбек – өмір өзегі, бақыт кілті. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абайдың ұлағатты сөзі құнын ешқашан жойған емес, жоймайды да. Біздің еліміздің алға қойып отырған мақсаттарының бірі – қоғамның рухани даму жолында адал еңбек етудің адам үшін, қоғам үшін, ел үшін алатын орнын дәріптеу, жастардың санасына сіңіру, іспен үлгі болу. Сондықтан, жастарды еңбекке баулу арқылы аға ұрпақтың еңбек дәстүрлерінің лайықты ізбасарларын тәрбиелеп, жаңа буын тұлғаларды қалыптастыруға атсалысатынымыз анық.

Аңыз ана, Батыр ана, Әз-Ана!

Өнегелі іс өміршең келеді, ол қо­ғамның дамуымен үндесіп жа­тады. Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Осы орайда қазақтың белгілі жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалып­та­сады» деген мағыналы сөзін біз де құптаймыз. Сәлима Жұмабекқызы 1935 жылы Қармақшы ауданына карасты Дауылкөл ауылдық Кеңесінде дүниеге келген. Ол өзінің еңбек жолын 1952 жылы Қармақшы ауданындағы Ленин атындағы кеңшарда жұмысшы болудан бастаған. Сәлима апай 1962 жылға дейін құрылысшы болып істеп, бұл кәсіпті шебер меңгеріп, сылақшы, тас қалаушы өнерінің қыр-сырын игерген кәнігі маман болып қалыптасады. Бірде шаруашылық басшылары егін көлемінің ұлғаюына байланысты диқандар құрамын жастармен толықтыру үшін Сәлима апайды күріш өсіруге баруын өтініп сұрайды. «Сіздер, басшылар, солай ұйғарсаңыздар, мен қарсы болмаймын» деп, келісімін беріп, Сәлима Жұмабекова диқандыққа, күріш егу кәсібін меңгеруге батыл қадам жасайды. Бұл 1963 жылдың көктемі болатын. Сөйтіп, өзі күріш еккен екі-үш жыл ішінде жақсы көрсеткіштерге жетіп, диқандық шеберлігін шыңдай түседі. Оның бұл кәсіптегі үлгі тұтып, ақыл-кеңесіне сүйенген, күрішті баптап өсірудің қыр-сырына үйреткен ақылшы-ұстазы, тәжірибелі диқан Шәймерден Шегебаев болды. Еліміздің ырысына айналған Сыр күрішін өсіруге жан-тәнімен ден қойған Сәлима апай өзі күріш еккен 1963-1966 жылдары әр гектардан 40 центнердің үстінде өнім жинайды. Бұл сол кездегі тегістелмеген және инженерлік жүйеге келтірілмеген жерден алынып жүрген жоғары көрсеткіштердің бірі еді. Қайраты мен жігері ұштасқан, еңбектен жан рақатын тапқан, істі ұйымдастыра білетін қарым-қабілеті мол жан өндіріске жаңа ғана араласқан жастарға қамқоршы болып, еңбекке баулып, сол арқылы ауылдастары тарапынан әрдайым ризашылық пен құрметке бөленген сыйлы тұлға болғанын Батыр ананың өмір жолы туралы жазылған шығармалардан жақсы білеміз. Ауылдастары жас келіншектің бойында еңбекті қа­лай беріле атқарса, соншалықты ұйымдастырушылық қабілеті, адам жанын түсініп, тіл табыса білетін қасиеті бар екенін жақсы танып біледі.

1967 жылы Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланып, жергілікті кеңестің депутаты ре­тінде де шаруашылық, қоғамдық жұмыстардың қызу ортасында жүріп, ауыл мәдениетін көтеруге, көркейтуге мол үлес қосты, өзіне тән жігерімен қай қызметте де белсенділік танытты. Сәлима апай ауылдық кеңесте бес жыл қызмет атқарады. Дегенмен, жастайынан еңбек адамдарының арасында өс­кендіктен, өзін кеңседе отырғаннан гөрі әрдайым егін даласында, жай­қалған күріш арасында, қызу еңбеккерлер ортасында, қызыл қыр­ман басында еңбек көрігін қыздырып жүргенін көз алдына елестетіп, ойынан шығармағанын аңғарамыз. Сондықтан да, ол күріш кәсібін мұрат тұтты. 1973 жылы Ленин атындағы совхоздың күріш өсірушілер зве­носын басқаруға тілек білдіріп, өзі таңдаған диқандық еңбек жолын қайта жалғастырады. Звенодағы жұ­мысын оңтайлы ұйымдастырып, күріштің өнімділігін арттырады.

Өздеріңізге белгілі, Қызылорда облысы еліміздің ең ірі күріш өндіруші өлкесі, бірақ табиғаты қатал осындай жағдайда жұмыс істеу қайбір азаматқа да жеңіл болмасы белгілі. Ал күрішші Сәлима апай жаздыгүні 40-450С-тан асқан ыс­тық­та күріш алқабындағы маса, сона, шы­бын-шіркейлердің ішінде күндіз-түні жүріп еңбек етіп, өзінің төзімділігі мен жанқиярлық еңбеккерлігінің ар­қа­сында ең жоғары нәтижеге жетті. Кү­ріш­тен рекордтық өнім жинады. Сә­лима апайдың еңбектегі, өмірдегі же­ке ерлігі ел есінде аңызға айналып, зве­но­­сының күріш егудегі тәжірибесі, жо­ғары өнім көрсеткіштері, ұсыныстары, адам­гер­шілік ізгі істері Сыр өңірінің еңбеккерлеріне, әсіресе жастарға үлгі, өнеге болып, ел игілігіне айналды. Өне­гелі істердің шебері, ең озат күріш зве­носының жетекшісі, Батыр ана Сәли­ма Жұмабекова 1979 жылы Кеңес Со­циа­листік Республикалар Одағының Жо­ғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. Адал еңбегінің арқасында Батыр ана ел сеніміне лайықты ие болды.

Депутаттық кызметінде мемлекеттік, қоғамдық тұрғыдан әрбір сөзі орынды, қандай мәселеде де өз пікірі, өз көзқарасы, өз ұстанымы бар халық қалаулысы ретінде өзін таныта білді. Депутаттық міндеттің, ел сенімінің жауапкершілігін сезіне білумен қатар, туған өлкенің перзенті, азаматы ретінде елдік істердің басынан табылды. Еңбектің де, тұрмыстың да бар қиындығымен қатар, тағдырдың да ауыр азабын ерлікпен көтере білген, Батыр ана аналық махаббатын, бар күш-жігерін ұрпақтарының бақытты өмір сүруіне арнап, сол жолда тапжылмай тер төкті. Ауыр жұмыста жүріп, бес қыз, бес ұлды қатарынан қалдырмай, жақсы тәрбиелеп өсірді. Жүрек жылуын, көңіл мейірімін төге жүріп бес ұлын ұяға, бес қызын қияға қондырған ардақты да асыл Ана атанды.

Аңыз ана, Батыр ана, Әз-Ана!

Сәлима апайдың бейнесі арқылы өрлік, төзімділік пен шыдамдылық, адал­дық пен тазалық, даналық пен кең­пейілдік, еңбеққорлық, қарапайым­ды­лықпен өрілген қайсар қазақ әйелінің жарқын келбетін танимыз. Тағдырдың талқысына жасымады, жүнжімеді. Қай­ратына қайрат, жігеріне жігер қосып, қиындыққа өршелене қарсы тұрып, кеудесін тік көтеріп, сындарлы шақтарда езілмей, егілмей, өзін де, өзгелерді де үлгілі істерімен жани түскен Батыр анаға қалай тәнті болмасқа, қалай риза болмасқа?! Сәлима апайдың болмысына қарап, «Міне, біздің қазақ аналары, міне біздің еңбеккер қазақ әйелдері» деп тебірене де, тамсана да айтуымыз әбден орынды! Парасатты әйелдің бар қасиетін бойына жинаған, намыс­ты ту қылып ұстаған ана, отбасының ғана емес, елінің де мерейін тасытты, абыройын асқақтатты. Отбасының да, ортасының да берекелі бірлігін еңбектен тапты, еңбекпен көрсетті. Адал еңбек, өнегелі өмір тәжірибесі оны биік абыройға, мәртебелі зор атаққа жеткізді. Еңбектегі ерен жетістіктері үшін бесжылдықтың қорытындысы бо­йынша Сәлима Жұмабековаға 1980 жы­лы Социалистік Еңбек Ері атағы бе­рілді. Бүкіл өмір жолы Қызылорда облы­сының өсіп-өркендеуімен, оның әлеу­меттік-экономикалық дамуымен тіке­лей байланысты. Бар ғұмыры Сыр өңірінің тарихындағы ауыр кезеңдермен де қатар жүрді. Сыр өзенінің суы азайып, Арал теңізінің тартылуына байланысты қалыптасқан экологиялық ауыр жағдайда Сәлима апайдың сындарлы ұсыныстары республика басшыларының көзқарастарын көп өзгерткені облыс жұртшылығының есінде, жақсы біледі. Биыл еліміз Тәуелсіздігіміздің 34 жыл­дығын атап өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ха­лыққа Жолдауында биылғы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, «Осы уақыт ішінде техни­калық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұ­мыс­шы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек!» деді. Олай болса Сәлима апамыздай аңыз адамның өмір жолын, еңбек жолын кейінгілерге үлгі етіп, еңбектің қадір-қасиетін дәріптеудің, еңбек арқылы құрметке бөленген өнегелі өмір иелерін ұлықтаудың маңызы зор. Мұны «Әлемнің әміршісі – еңбек!» деген қанатты сөздің мән-маңызын жаңарған әлемде жастар жадына құя берудің зор мүмкіндігі деуге болады. Он балалы отбасының тыныс-тіршілігі өз алдына, аптап ыстық пен аңызақ желдің өтінде жүріп, шаң-тозаңы бұрқыраған дала төсінде күріш егіп, одан мол өнім жинаған еңбеккер Ана бейнесін дәл қазір біздің қоғамға саф алтындай жарқырата көрсету қажет-ақ. Қазақта қайсар қыздар аз болған жоқ! Біз Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымыздың ерлігін жақсы білеміз. Роза Бағланова апамыздың да Мәскеу трибунасында Арал тағдыры туралы қасқая тұрып, қаймықпай айтқан сөзін де интернет бетінен көріп, естіп жүрміз. Қазақ халқының ерлермен бірдей жауға шапқан, билермен бірдей дауға басу айтқан шешен де өжет, батыл да өр қыздары, өзінің жұртын ғана емес, өзгені де батырлығымен мойындатқан Тұмар, Зарина, Айбике, Гауһар, Ақби­кеш, Сапура, әулиелігімен, көреген-кө­сем­дігімен елді таңғалдырып, таңдай қаққызған Домалақ ана, Бегім, Қоңыр аналар, қазақ әдебиетінің жауһарларына айналған – Бопай, Ұлпан, Зере, Ұлжан, Айғанымдардың есімін мақтанышпен, зор құрметпен атаймыз. Осындай абзал арулардың ізін жалғаған, ерлермен бір­дей түн ұйқысын төрт бөліп, ел игі­лігі үшін жанын шүберекке түйген, еш­қашан «Маған үкімет не береді?» деп емес, «Мен еліме не беремін?» деген санамен ғана өмір сүрген Сәлима Жұма­бекқызының ерен еңбегін қазақ халқы ешқашан ұмытпайды.

Сәлима апай өзінің ұстазы, атақты күрішші, дала академигі, екі мәрте Со­циалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың мына сөзін жиі қайталауды ұмытпайтын: «Егінші – мәрт, жер – жомарт! Жердің құй­қасын танып, қойнауын ашып, қа­зынасын ала білген әрдайым дәулетті болмақшы. Бақ та басында, атақ та соның төңірегінде. Жалқау – өзіне жау. Тек ерінбей еңбек етсең болғаны!» дейтін.

«Күріш – ең көп еңбекті қажет ететін дақыл. Оны өсірудің тәсілін үлкен тө­зім­ділікпен жалықпай үйрену керек. Егер шын диқан болғың келсе, егін өсі­рудің сан алуан тәсілін ғалымдармен ақыл­даса, сырласа отырып үйренуге бо­лады». Бұл – атақты күрішші Сәлима апай­дың шәкіртіне айтқан сөзі. Сәлима апайдың тағы бір көрегендігі, егін суару кезінде: «Күріш – адам сияқты таза суды тілейді, ескірген судан егін де ауырады!» – деуші еді. Екінші сөзінде: «Жас күріштің сабағы ешкінің түбіті сияқты нәзік келеді, сондықтан, оны тек тамырымен суырып аласың, жер дымқыл болса, күріш өнімді болады. Күріш өсіруге әдіс керек. Оған ізденсең ғана жетесің. Ізденуден жалықпа!» дейтін. Сәлима апа­мыздың бұл сөздері бүгінде жас ұрпақтың зердесінде. Зейнет демалысына шықса да, әйгілі диқан апамыз еңбектен қол үзген жоқ. Өмір бойы жиған-терген тәжірибесін жастарға өсиет ретінде ұсынды. 80 жылдығына орай Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институтының Құрманбек Бәкірұлы бас­таған селекционер-ғалымдары жаңадан шығарған күріш сортына Сәлима апамыздың есімін берді. Елдің Сәлима Жұмабекқызына де­ген риясыз көңілі, аппақ алғысы мен батасы көл-көсір бол­ды. Ол сонымен көгерді, өсіп-өнді. «Мұндай атақ-даңққа ие болуым өзімнің еңбексүйгіштігім, адал маңдай терімнің жемісі болар. Со­нымен бірге қасиетті Тұрмағамбет ауы­лының киелі топырағы, елдің бірлігі, сыйластықтары, ірі тұлғалар бастап кеткен жолының шапағаты деп білемін», – деп ағынан жарылатын еді.

Сәлима апамыздың аналық, еңбеккер­лік ерлігі, даналық қасиеттерін қалай дәріптесек те лайықты деп ойлаймын. Осындай аналарымыздың өмірін арқау еткен көркем фильм шығып, сахналық шығарма – спектакль қойылып жатса, қандай ғанибет! Ұрпағымызға жақсы үлгі етуге тұратын қажетті де лайықты іс орындалып, рухани жаңғыруымызға қо­сылған зор үлес болар еді.

2000 жылы «Ғасырдың батыр анасы» атағын алған кейуанаға бұл бақ пен абырой оңайлықпен келген жоқ. Ол өз сөзінде: «Алапат ашаршылықтың артын алып келген сәбилік күндеріміз, «халық жауын» өз ішімізден іздеген қанқұйлы кезеңмен тұспа-тұс балалық дәуреніміз, Ұлы Отан соғысының миллиондарды жалмаған сұрапыл жылдарындағы ес жиып, есейген шақтарымыз, қайта қалпына келтіру қарбаласымен астасып жатқан бойжеткен күндеріміз, міне, бұлардың барлығы да біздің қатар құрбылардың басынан кешірген толқымалы замана белестері» дегенінің өзінен уақыттың сарынын әрі қатал сынағын тануға болады. Ана қашанда ақ тілегін ұрпағынан, елінен аямайтыны анық, сол үшін де ананың тұғыры биік, шұғыласы шуақты! Сәлима апа бір естелігінде аналық мейірбан жүрегімен: «Аллаға мың қайта шүкіршілік етеміз. Қиын күндерден кейін жарқын заман туды. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Дініміз де оралды, діліміз де тазаруда. Ендігі арманымыз келешек ұрпақтың бейбіт өмір аясында бақытты ғұмыр кешуі. Иманды болып, отанын, отбасын шексіз сүйіп, құрметтеуі. Біздіңше барлық Аналардың тілеуі осы!» – деп тілеген екен.

Ақ тілегіңіз қабыл болсын, асыл Ана! Сіздің кеңпейіл, аппақ көңіліңізден шыққан ізгі ниетіңіз ұрпақтарыңызға ша­рапатын төгіп, қолдап-қорғап жүрсін. Сіз бізге биіктен қарап, жақсымызға жа­ды­­­рап, жаманымызға тұнжырап тұрған­дай көрінесіз. Біз де Сіздің аналық кең құ­ша­ғы­ңызды, мейірім төккен жүзіңіз­ді, нұрлы бейнеңізді әрдайым есте сақтаймыз.

Бүгінде республика және облыс көле­мінде өткізіліп жатқан ғылыми-таным­дық конференциялар, семинар, жиын, іс-ша­­ралар ұрпақтың еңбекке, Батыр ана­ға деген өшпес құрметінің белгісі деп білеміз!

 Қылышбай БИСЕНОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық

ғылым академиясының академигі,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<