Тіл, сөз дегеніміз – ата-бабамыздан келе жатқан мәдени мұра. Бұл – дипломатиялық құрал, халықтың сана-парасатын, биіктігі мен тереңдігін паш ететін үлкен өнері. «Адамға екі нәрсе тірек тегі. Бірі тіл, бірі-ділің жүректегі» – деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, кез келген мемлекеттің, елдің ең негізі рәмізі де, ұраны да, ерекшелігі де сол елдің ана тілі болмақ.
Тіл ұлтымыздың – ұлы қазынасы, халқымыздың рухани қуатының негізі. Қазақ тілі, қазақ ұлты бәсекеге қабілетті болсын десек, біздің әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз ол мемлекеттік тілді білу.
«Тілге құрмет – елге құрмет, тіл тағдыры – ел тағдыры» деп бекер айтылмаған. Қызықты да, қиын салада тіл мәртебесін дәріптеуге, тіл қадірін түсінуге бір кісідей үлес қосып жүрген қызылордалық тәртіп сақшысы марапат төрінен көрінді.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы полиция майоры Соболев Виталий Қазақстан халқының бірлігі күніне байланысты ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі» атты республикалық іс-шараға белсенді қатысқаны үшін ҚР ІІМ орынбасары полиция генерал-майоры А.Сайтбековтың Алғыс хатымен марапатталды.
Сыр өңірінде халықтың қауіпсіздігі мен бостандығын қорғауды басты мақсат еткен полицей Виталий ұлты басқа болса да, жүрегі қазақ деп соғатын ол қазақ жерін, қазақ халқының тыныштығын сақтауда от пен суға түсіп, кіндік қаны тамған Отанының алдында перзенттік парызын өтеп келеді.
Өзінің ұлты – орыс болса да, оның отбасында қазақ тілі күнделікті қарым-қатынас тілі екендігін айтуда. «Мен және менің отбасы мүшелерім қазақ жерінде туып-өскен. Балаларым болашақта қазақ мектебінде білім алса екен деген тілегім де бар», – дейді Виталий Алексеевич.
Айта кетерлігі Сыр өңірінде халықтың қауіпсіздігі мен бостандығын қорғауды басты мақсат еткен Қызылорда облысының Полиция департаментінде 10 – нан астам өзге ұлт өкілі қызмет етеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<