Журналистер ән айтып жарысты

148

0

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында және БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық ҚХА жанындағы Журналистер клубының бастамасымен алғаш рет «TWO STARS» («Екі жұлдыз») атты ән-шоу байқауы өтті.

Шарада сөз алған облыстық қо­ғамдық даму басқармасының бас­шысы Руслан Каюпов байқаудың мә­ні мен маңызына тоқталды. Ол бұл байқауды шығармашыл жандар­дың ынтымағын айқындайтын жар­қын алаң ретінде сипаттап, журна­листердің тек ақпарат таратушы ғана емес, рухани байланыстың алтын көпірі екенін атап өтті. Сондай-ақ облыстық ҚХА жанынан құрылған Журналистер клубының жұмысына айрықша тоқталды.

Шығармашылық пен журналис­тиканы ұштастырған ерекше жобада өңірге танымал журналистер жұпта­сып, бір сахнада өнер көрсетті. Бай­­қау­дың басты мақсаты – этнос­ара­лық татулықты насихаттау, шы­ғар­­ма­шылық ынтымақтастықты да­мы­ту және мәдени байланыстарды нығайту.

Шоу екі кезеңнен тұрды. Шараға бес жұп қатысты. Алғашқы бөлімде қатысушы жұптар бірлік, достық, татулық тақырыбындағы әндерді орындап, арнайы бейнероликтер ар­қылы өз жобаларын таныстырды. Екінші кезеңде еркін тақырыптағы ән мен сахналық қойылымдар ұсын­ды.

Нәтижесінде бас жүлдені об­лыс­­тық «Qyzylorda» телеарна­сының жаңалықтар жүргізушісі Талант Айым­бетов пен бағдарламалар бөлі­мінің тілшісі әрі жүргізушісі Аружан Саруарбек жеңіп алса, жүлделі бі­рінші орын «Ақмешіт жастары» га­зетінің бас редакторы Абзал Жол­­терек пен «Qyzylorda-news.kz» агент­тігінің видео-контент ше­бе­­рі Қуа­ныш Мұстафаевқа бұйыр­ды. Ал екінші орын «Qyzylor­da» те­ле­ар­насының сарапшы редак­то­ры Дәу­летхан Ақайдаров пен жүр­гізу­ші редакторы Әйгерім Наж­ма­дин­қызы иеленді. Арнайы жүл­де – «Өңір­лік коммуникациялар қыз­­метінің» қыз­­меткерлері Динар Рахман мен Жания Төребековаға және «Кызыл­ординские вести» газетінің жауапты хатшысы Ерхан Ақынов пен тілші Альфия Гавычеваға табысталды.

Байқау барысында «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері де ән мен биден шашу шашып, шара көрігін қыздырды. 

Кеш соңында жеңімпаздарға дип­ломдар мен бағалы сыйлықтар та­быс­талды. Сондай-ақ қатысушы жұп­тар бірлесе «Екі жұлдыз» әнін орын­дап, Сыр аспанын әсем әнмен көмкерді. 

Мейрамгүл

ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»