Миллионер арбакеш

812

0

«Арбакеш те миллионер атана ма?» деп ойларыңыз анық. Білесіз бе, ең ғажабы осы бір қарапайым жанның құрметіне көзі тірісінде-ақ ескерткіш орнатылыпты. Ескерткіш Қазан қаласындағы Кремльдің тап іргесінде тұр. Ал осыдан 40 жыл бұрын қалалық райПо-ның арбакеші Асхат Галимзяновқа: «Саған арнап ескерткіш қояды, оны сен көретін боласың» десе бұған былайғы жұрт сенбес еді, тіпті оның өзі де иланбасы хақ. Тірі адамға көше атауы да берілмейді емес пе? Бірақ оған ескерткіш орнатылды. Асхат қарт қоладан құйылған өз мүсінін көру үшін орталыққа келіп, ескерткішті қолмен сипап тұрып, жастық шағын еске алар еді.

Асхат Галимзянов – Татарстандағы атақты адамдардың бірі. Қызығы, оның сырт келбеті миллионерге мүлдем ұқсамайды. Ол – жұмысшы, аяғында шаң басқан бәтеңке, басында жасанды теріден тігілген кепке. Ол өзіне су жаңа киім алуға ақша жұмсағанды жақтырмайды, «киімім жыртық болмаса болды» дейді. Есесіне қамқорлыққа зәру жетімдерге, қараусыз қалған қарттарға көмектеседі. Интернаттарға алып берген тұрмыстық заттардың өзіне қаншама мың сом жұмсағанын ешкім білмесе де, кейіпкеріміздің балалар үйіне әр жылдары 80 автобус сыйға бергенін бүкіл Татарстан біледі. Айталық, мұндай автобус сол кездегі бағаммен 500 мың рубль тұрады. Сонда автобус паркін сатып алуға қаншама қаражат жұмсалғанын бағамдай беріңіз. Орта білімі де жоқ райПо-нын арбакеші осыншама қаржыны қайдан алған? Кеңес өкіметі кезінде сол қоғам қалпынан тыс бұл адамға КГБ-де күдікпен қараған-ды.

…Көп жыл бұрын жас милиционер А.Галимязановты қоғамдық тәртіп сақшысына жат ісі үшін органнан шығарып жіберген болатын. Неге?  Ол көшеде кездескен мас адамды айықтырғышқа апарып, құжат толтырудың орнына, оларды қолтығынан демеп, үйіне жеткізіп салатын. Органнан шығып қалған Асхат райПО-ға арбакеш болып орналасып, азық-түлікті сауда нүктелеріне тасымалдады. Байлық көзін Асхат сауда орындарынан шығарып тастаған қарбыз-қауын, асқабақ пен картоп және өзге де шіри бастаған жеміс-жидектен тапты. Ол қолға қандай іс алса да табысқа жетемін деген сенімде болды.

Жұмыстан соң ол қалдықтарды тиеп алып, үйіндегі торайларына тасыды. Тегін жем! Бағымы күшті болған соң бақпа тез семірді. Союға жарағасын етін базар мен мекемелерге өткізді. Ақшасын жетім балалар үйіне аудара бастады. Алдымен көршілері «байып бара жатқан Галимзяновтың» үстінен арыз жазып, қырағылық танытты. Еңбексіз, дайын жеммен қала ортасында шошқа бағып отырғанын айтып, райкомға, СЭС-ке, ОБХСС-қа домалақ  арызды тоқтаусыз жөнелтіп отырды. Құзырлы органдар мұны тексергенімен ешқандай кінә таға алмады. Еңбекқор арбакеш шағын шошқа фермасын гараж астына жертөле қазып, соған орналастырған болатын. Түнде ел ұйқыға кеткенде шошқаның қиын арбаға тиеп, қала сыртына төкті. КСРО-дағы бейбітшілік қорына ақша аударғаны үшін комитет төрайымы Валентина Терешковадан алған Құрмет грамотасын көрсеткен соң көршілер аптығын басты.  

Арбакеш Асхаттың еңбегі билік басына М.Горбачев келіп, сауда-сатыққа жол ашылғанда бағаланды. Теміржол бойындағы қаңырап қалған шаруашылық қоймасын сатып алып, інісі мен баласы үшеуі ферма ашып, мал басын 300 өгізге жеткізіп, ет өндірумен айналысты. Малға шөпті кейде Қазан Кремль іргесіндегі өсіп кеткен шөпті орып та алатын (қала әкімшілігінің рұқсатымен). Осы тұста көршілері «бұл не деген сұмдық, астананың ортасын колхозға айналдырды»деп тағы да күңкілдей бастады. Дегенмен, нарық заманында Асхаттай адамдарға ешәрсе істей алмайтының білді. Өйткені, кәсіпкерлікті қолдайтын дәуір туған еді.

КСРО күйрегенде Асхаттың қаржысы «күйіп» кеткен жоқ, ол жиғанын ел қатарлы «Сберкнижкада» сақтамады. Ақшасы автобусқа жетсе болды көлік сатып алып, балалар үйіне жіберіп отырды. Өзінің отбасына тамақ пен киімге ғана жететін қаржы қалдырып, қалғанын кәсібін өркендетуге жұмсады. Бір жолы бала-шағасының айтуымен су жаңа «Волга» автокөлігін алғаны бар. Алайда, көп ұзамай оны да балалар үйіне өткізіп жіберді. Ал, «ГАЗ-53» жүк көлігін өз шаруашылығына пайдаланды. Інісі мен баласы қайтыс болған соң да Асхат сиыр мен шошқа фермасына бір өзі қарады.  

2010 жылы Татарстандағы балалар үйіне екі «ГАЗель» шағын автобусын сатып алып берді. Жасы 75-ке келгенде де үшінші табыс көзін тапты, теміржол мен базар аралығындағы жерді жалға алып, базарға келетін көліктер үшін автотұрақ ашты. «КамАЗ»-дағы картоптың ұрланбауына шынжырлап қойған төрт неміс овчаркасы жауап береді.

Қайырымдылықпен атағы шыққан Асхатты Татарстанның тұңғыш президенті Минтимер Шәймиев (12.06.1991-25.03.2010 жылдары президент, 2010 жылдан мемлекеттік кеңесші) ерекше құрмет тұтты. Ол 2008 жылдың 30 тамызында өз қаражатына Қазан қаласындағы Кремль іргесіне кәсіпкер Асхатқа ескерткіш орнатты. Президенттің өзі құрметтеген адамды, меценатты өзгелер де жақсы көруі керек емес пе? Олай болмай шықты. Асхат өзі дүниеге келген Бұлым ауылындағы жерлестерінің өтініші бойынша көшелерге асфальт төсеп, құрылысы аяқсыз қалған мешітті бітіріп, бірнеше скважина қазып, ауыз су құдықтарын ашып берген еді. Жергілікті билік басындағыларға мұның астарында «Кімнің күшті екендігін көрсеткісі келді» деп түсінді. Беймәлім біреулер түнде құдыққа улы тыңайтқыш төгіп, суды жарамсыз етсе де ол ешкімді кінәлаған жоқ. Адамдардың мұндай пендешілігі мен көреалмаушылығын талай рет басынан өткізген болатын.

Қарттық та жетті. Кәсіппен айналысуға шамасы келмегесін фермасы мен автотұрағын сатып, ақшасын Татарстан, Башқұртстан мен Чуваш елдеріндегі балалар үйіне аударды. Ресей Президенті В.Путиннен Алғыс хат та алды. Президент сыйға берген жайлы пәтерді Қазақстаннан келген оралмандарға беріп, өзінің ескі үйінде жалғыз тұрған қария 80 жасында дүниеден озды.

Бақытжан  ТҮМЕНБАЙ,

 тарих пәні мұғалімі

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз