Алты шақырымның азабы

366

0

Шиеліге қарасты Еңбекші ауылына баратын 6 шақырым жолдың жыры таусылмай тұр. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізімен түйісетін аудандық маңыздағы жолдың сапасы қалайша сын көтермейтін жағдайға жетті?

Иә, Еңбекші, одан әрі Қосүйеңкіге баратын жолмен жүру тым қиын. Ең басты себеп – мұнда ауыр жүк таситын көліктер қозғалысының көптігі. Қаратаудан қиыршық тас таситын ауыр жүк көліктері мен уран өндірісінің техникалары аудандық маңыздағы автожолдың әбден тозығын шығарған.

Бірнеше жыл бұрын тақтайдай тегіс күйдегі жол қазір мүжіліп, шаңы шығып жатыр. Толассыз жүрген жүк көліктерінің кесірінен оның сапасы уақыт өткен сайын нашарлауда.

«Тәулік бойы жүзден аса жүк көлігі осы жолмен тыным таппай қатынайды. Ал оларды бақылап, талаптардың сақталуын қадағалап отырған ешкім жоқ. Олар жолды ғана құртып қоймай, айналадағы табиғатқа да қаншама зияны тиіп жатыр ғой. Шаң-тозаң аралас, кейде үлкен «Камаздан» ұшқан тастар өзге көлікке ұшып жатады. Мына Шиелідегі цемент зауыты қалай ашылды, содан бері ауыр техниканың таудан тас тасуы көбейді. Осының бір шешімі болса», дейді Еңбекші ауылының тұрғындары.

Негізгі талап бойынша Еңбекшіге барар жолдың үстімен жүретін ауыр техникаларға 8 тоннадан артық тас тиелмеуі тиіс. Бірақ, бұл талапты жүре тыңдаған көлік иелері көп. Ал ауа температурасы 25 градус ыстықтан асқанда жүк машиналарының жүруіне шектеу қоятын құзырлы орындар бұған қол қусырып отырған сияқты көрінді бізге.

– Тау беткейде қиыршық тас пен уран өндірісінің компаниялары бар. Содан жүк тасымалдайтын жүк машиналарының кесірі бұл. Біз арнайы көлік инспекциясына хат та жолдадық. Аудандық ішкі істер бөлімімен бірлескен рейд те қосымша жүруде. Күндіз көлік аз болғанмен, түнде олардың қозғалысы жиі болып тұр. Негізінде Еңбекші ауылына дейінгі 6 шақырым жол «КазАтомПром» мекемесіне жалға берілген. Келешекте олар Еңбекші ауылына кіреберіс жолдан бөлек, оған қатарласа орналасқан жол салуға ниетті, – дейді аудандық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман.

Қаратаудың тасын үңгіп, бері қарай жөңкілген техникалар ауылдағы ағайынның жол азабын осылайша еселеп отыр. Еңбекшіліктердің талабы біреу-ақ. Ол – өндіріс компаниялары жай жатқан жұртқа зиянын тигізбей, өздеріне қосымша жол салынса дегені.

Сондай-ақ «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС «СКК-Шиелі» филиалының директоры Дәурен Досмағанбетовтың айтуынша, Еңбекшіге апарар 6 шақырым жол жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтіп тұр. Бірақ, күрделі жөндеу жалға алушылардың құзыретіне кірмейді екен.

– Біздің компанияның балансына жататын үлкен жолдан таудағы Тайқоңырға дейін 165 шақырым жол бар. Ал мына Еңбекшіге дейінгі жол бізге жалға берілген. Жалға алған соң оны күтіп ұстау, жыл сайын ағымдағы жөндеуді де жүргізіп отырмыз. Күрделі жөндеу жүргізбейміз. Қазір бұл жұмыстар басталып кетті. Шұқырлар бітеліп, арнайы жол белгілері толық жаңартылып жатыр, – дейді ол.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<