Бала саулығы бәрінен маңызды

844

0

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық білім басқармасы мен «Bilim foundation» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жасөс­пірім­дердің психикалық денсау­лығын нығайтуға бағытталған акция өтті. Жасөспірімдердің психо­логиялық саулығын сақтау жұмы­сын үйлестіру орталығында өткен акцияның алғашқы күні Facebook-тегі «BilimKZO» парақша­сында заңгер, дәрігер, психолог мамандармен тікелей эфир өтті.

Онда «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға дағ­дарыс орталығы тарапынан жаса­латын қолдау шараларын таныс­тырды. Сонымен қатар, «Bilim foundation» қоғамдық қорының психологы Сымбат Әбдірахманова баланың қалыптасуы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңызы туралы баяндады. Дәрігер-психиатр Марат Шаум­басов бала денсаулығына қатысты маңызды кеңестер, ата-аналардың сұрақтарына жауап берді.

Екінші күні облыстық жастар ресурстық орталығында жас­өспірімдерге арналған тимбилдинг ұйымдастырылды. Іс-шара бары­сында жасөспірімдер арасында спорт­тық сайыс түрлерінен коман­далық эстафеталық жарыстар өткі­зілді. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, қаты­су­шылар мере­келік концертті тама­шалады.

Акция Жасөспірімдердің психо­логиялық саулығын сақтау жұмысын үйлестіру орталығындағы ашық есік күнімен қорытындыланды. Оның аясында жасөспірімдерге арт-терапия, тренингтер, психологиялық ойын-жаттығулар, психологтың және психиатр дәрігердің қабылдауы өтті.

«Bilim foundation» қоғамдық қорының аймақтық өкілдігінің басшысы Жұмагүл Баянова кез келген ата-ана орталыққа келіп, өз балаларына қатысты кеңес алуына болатынын айтады.

– Әрбір ата-ана бала психикасы мақтадай жұмсақ, өте нәзік бола­тынын білуі керек. Балалар қоғам­дағы, отбасындағы кез келген қиын­дыққа өздерін кінәлай бастайды. Соның салдарынан эмоцианалды қиындықтар, психикалық бұзы­лыстар орын алады. Баланың жиі күрсінуі, пессимистік танытып, қайғылы әуендер тыңдай бастауы, тұйықталуы, оқшаулануы, әдеттен тыс көп ұйықтауы, ашуланшақ болып кетуі, өмір сүргісі келмейтінін білдіретін сөздерді жиі айта бастауы, осылардың барлығы – баланың психикасындағы бұзылыстардан хабар беретін дүниелер. Орталықтың мақсаты – бала психикасын қалыпқа келтіру, бұзылыстарының алдын алу, – дейді ол.

Айта кетейік, Жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтау жұмысын үйлестіру орталығы өткен жылдан бастап жұмыс жасауда. Орталық жеке және топтық психологиялық, дәрігерлік кеңес беру, психологиялық-психиатриялық көмек қызметтерін тегін көрсетеді.

Сондай-ақ, жасөспірімдердің өмірлік дағдыларын қалыптастыру, дәрігерлер мен психологтардың жас­өспірімдердің психикалық сау­лығы бойынша біліктіліктерін арттыру, мектеп қызметкерлерін, ата-аналарды бала психологиясы бойынша ақпараттандыру бағытында жұмыс жасайды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<