Бақша егіп, берекеге кенелген…

1147

0

Бекарыстан би ауылының тұрғындарының негізгі кәсіптерінің бірі жер жыртып бақша егу. Елді мекеннің тұрғындары жыл сайын «Құлпыбай» учаскесіне бақша егіп, қауын-қарбыз өсіреді.

Әкеден балаға мұра болған ата кәсіпті жалғастырып келе жатқан жанның бірі Азамат Қожақов. Ол шамамен 1,5 гектардай аумаққа қауын-қарбыз тұқымын тастаған. Қазіргі таңда бақша өнімдерінің жемісі пісіп, базарға апарып сатуда.

Азамат Бөрібайұлы бақшалық жерге қауын-қарбыздан бөлек, көкөніс дақылдарын еккен. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын» жақсы білетін жанның жұбайы Жазира Әбілдаева да іске икемі бар екені байқалды. Бақша басында артылған қауын-қарбыздан қауын құрт дайындап, өнімін ауылдастарына сатып отыр.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Бекарыстан би ауылына сапары кезінде Азамат Қожақовтың бақшасына арнайы барып, еңбекқор жігіттің жұмысына оң бағасын берді. Сондай-ақ, қолына кетпен ұстаған ағайынға әрдайым қолдау көрсетуге әзір екендігін айтты.

Бекарыстан би ауылына іргелес орналасқан Ү.Түктібаев ауылының тұрғындары да жыл сайын елді мекеннің айналасына бақша егеді. Басқа ауылдарға қарағанда мұнда бақшалық жерлер өз аяғымен су ішеді.

Ү.Түктібаев ауылының тұрғыны Еркін Аймағамбетов мезгілінде Еуропа төрінде Қазалының атын шығарған қара күләбіеккен. Қазіргі таңда қауын пісіп, аудан орталығына шығарып сатуда. Шаруалар ерте көктемде басталған еңбек қайтты деп отыр.

– Бақшада – береке бар. Күн жылынғаннан отбасымызбен осындамыз. Таң атқаннан кеш батқанға дейін қолымызға кетпенімізді алып, бақша ішінен шықпаймыз. Соның арқасында қазір мол өнім алып отырмыз. Ата-бабаларымыз «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған ғой. Қазір қауынды аудан орталығына апарып сатып жатырмыз. Одан бөлек балаларымыз да тойып жеп жатыр, – дейді еңбекқор Еркін Аймағамбетов.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қазіргі таңдағы қиыншылықтарға қарамастан ата кәсіпті қолға алып, көпке үлгі болған азаматтарға алғысын айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<