Бизнесте даму бар, ширықтыратын шаруа да аз емес

693

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен шағын және орта бизнестің даму барысы жөнінде кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға тиісті сала басшылары және селекторлық режимде Қызылорда қаласы, аудан әкімдері қатысты. Күн тәртібінде осы  жылдың төрт ай қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің даму барысы, ауылдық елді мекен кәсіпкерлерін  несиелендіру нәтижесі  алдағы жоспар, бизнес субъектілерін қаржыландыру барысы талқыланды.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтің ай­туынша, биыл кәсіпкерлік сала­сындағы бірқатар көрсеткіштерде оң динамикалық өсім байқалады. Атап айтқанда, тіркелген кәсіп­керлік субъектілер санының өсу қарқыны бойынша облыс республикада 1-орынға шықты. Сондай-ақ, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандар саны бо­йынша 2-орында.

Осы жылдың 1 мамырында облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 7,7 процентке ұлғайып, 55498 бірлікті құраған. Ал жұмыс жасап тұрғандардың саны 7,5 процентке артып, 49 434 бірлікке жетті.

Бөлшек сауда айналымы 94,2 млрд теңге,  2020 жылдың сәйкес кезеңіне 100,1%. Көтерме сауда айналымы 56,9 млрд теңгеге жетіп, 102,5%-ті құрады. Жалпы соңғы бесжылдықта өңірде шағын және орта бизнестің өңірлік өнімдегі үлесі 3,5 процентке дейін ұлғайды.

Биыл да бизнесті жеңілдікпен несиелендіру өз жалғасын тапты. Жыл басынан бері облыста банктермен шағын және орта бизнеске берілген кредиттер портфелі 11 млрд теңгені құраған. Несиенің 52%-і саудаға, 9,6%-і кө­лік және қоймалау, ауыл шаруа­шылығы салаларына, 3,3%-і құрылысқа және 2,5%-і өнер­кәсіпке, қалған 32,1%-і өндірістік емес салаға бағытталды. Облыс бағдарлама аясында жобаларды субсидиялау бойынша өңірлер арасында алғашқы бестікке енген.

«Қарапайым заттар эконо­микасы» бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап жалпы 9,6 млрд теңгеге 119 жоба, оның ішінде биылғы жылы 300 млн теңгеге 10 жоба қаржыландырылды.

Бұдан өзге, қаржы ұйымдары арқылы «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында жыл басынан бері 120 адам 521 млн теңге шағын несиемен қам­тамасыз етілген. Ауыл кәсіпкерлерінің үлкен сұранысына ие болған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының жұмысы да жалғасуда. Орталық арқылы микрокредит беруге жалпы 800 млн теңге, оның ішінде облыстық бюджеттен 300 млн теңге қарастырылған.

– Қала және аудан әкімдеріне Ұлттық статистика бюросы және салық органымен бірлесе оты­рып, макроэкономикалық көр­­­сет­кіш­тердің өсімін қамта­масыз ету бағытында тиісті шараларды қабылдауды тап­сыра­мын. Мемлекеттік кірістер де­партаменті облыс көлемінде салық органдарының базасында жалпылама қызмет көрсету түрі­мен тіркеліп, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бағытында жұмыс жасап жатқан кәсіпорындардың санын анықтап, тізімін шығаруы керек. Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, анықталған тізім бойынша нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдасын. Тек бұл ғана емес, жыл қорытындысымен кәсіпкерлік саласының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика қалыптастыруды қатаң бақылауда ұстау қажет, – деді облыс әкімі.

Ауыл кәсіпкерлерін несие­лендіру нәтижесі және алдағы жоспар туралы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ» ЖШС-ның директоры Самат Ерниязов баяндады.

Қазіргі кезде, орталықтың жобаларды қаржыландыру процес­сі орта есеппен 10 күннен 15 күн ішінде жүргізілуде.

Жалпы 2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін орталық арқылы жалпы құны 8 млрд 267 млн теңгені құрайтын 1 928 кәсіпкердің жобалары қаржыландырылып, со­ның арқа­сында шамамен 2 320 жұмыс орны құрылған.

Оның ішінде, ауылдық елді мекендердегі жобалардың саны – 1830, қаржыландыру көлемі – 7 млрд 116 млн теңге. Яғни, барлық қаржыландырылған жоба­лар бойынша несие құнының 90 проценті ауылдық елді мекен­дердегі жобаларға тиесілі болды.

Күн тәртібіндегі және бір мәселе бойынша «Даму» КДҚ» АҚ облыс бойынша аймақтық филиал директоры Ерлан Түктібаев айтты.

Облыс әкімі мемлекеттік бағдар­ламаларды тиімді пайда­лана отырып, өндірістік, өңдеу өнеркәсібі бағытындағы жобаларды іске асыруға басымдық беруді және инвестиция көлемін ұлғайтуды жүктеді. Сондай-ақ, биыл Экономикалық дамыту Картасы аясындағы  және өзге де  жобаларды сүйемелдеуге алып, қолдау шараларын көрсету қажет екенін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<