Бүгін жылу беріле бастады

584

0

Бүгін Қызылорда қаласына жылу беріле бастады. Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты шаһар басшысының шешімімен көпқабатты нысандар жылуға жылдағыдан бес күн бұрын қосылды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев брифингте мәлімдеді.

– Жылу маусымы арнайы қағидаға сәйкес бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа темпе­ратурасы +8̊С және одан төмен болған жағдайда басталуы тиіс. Әдетте бұл 15 қазанға тура ке­летін, – деді ол.

Зерттеу кезінде 35 көпқабатты үйде проблема анықталған еді. Нақты шаралардың жүргізілуі ар­қасында кемшілік дер кезінде жойылды.

Қалалық тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаевтың айтуынша, 17 басқару органы көп­қабатты тұрғын үйлердің ортақ мен­шігін күтіп-ұстаумен айна­лысады.

– Ал көпқабатты 642 үй үшін жауапты 13 пәтер иелері коо­перативі, 4 жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі бар. Үй іші бо­йынша жылыту жүйесінде ава­риялық жағдай туындаса, тұр­ғындар 109 нөміріне немесе өз аумағы бойынша басқару орган­дарына хабарласса болады, – деді бөлім басшысы.

Әйтсе де, кейбір үйлер мен әртүрлі нысан егелері комму­нал­дық ақыны төлеуге келгенде асығар емес. Қызылорда жылу электр орталығының директоры Наурыз Сатхановтың айтуынша, жылу бойынша дебиторлық бе­решек 216 млн теңгеден асып отыр. Қордаланған қарыз сала өкіл­дерінің жұмысына кедергі кел­тіретінін айтқан орталық бас­шысы қызылордалықтарды оны уақытылы төлеуге шақырды.

Спикерлер биыл көмір бағасы 14-15 мың теңге аралығында бо­латынын от жағатындардың қа­періне салды. Қатты отын тасы­малдаушы жеке кәсіпкерлер сұ­ранысты өтеу мақсатында көмір өн­діруші мекемелермен келісім жасасқан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<