Диқандар амалға көшті

493

0

Қазалыдағы егінші қауым егістіктегі суды үнемдеуге тырысып-ақ жатыр. Бір ғана мысал, «РЗА-Агро» ЖШС жыл сайын 400-500 гектар жерді лазерлік МАРА агрегатымен тегістеп жүр. Мүндағы басты мақсат – күрішке келетін суды бір деңгейде әрі аз шамада ұстап тұру.

Иә, тоқсан күн бойы су ішінде өсетін күріш атызы тегіс болмаса қиын. Шаруаларды шаршататын мәселені шешкен серіктестік осыған дейін 3800 гектар жерді қалпына келтіріпті. Ал оған түрлі дақылдар еккен.

– Биыл 325 гектар жер тегістелді. Бұған күріш егілді. Қазір суға бастырып бол­дық, осының өзінде егін көгін алып тұр. Заманауи лазерлік агрегаттың арқа­сын­да жер бұрынғыдан әлдеқайда теп-тегіс. Бұрын атыздың  ойлы-қырлысы көп болатын. Суды да мөлшерінен көп жібе­ретінбіз. Ал мына тегістеуден соң су қалыпты келіп, атыз ішіне де біркелкі әрі тез жайылады. Былайынша айтқанда, бұрын­ғыдай күрішке көп су кетіп тұрған жоқ, – дейді серіктестікке қарасты «Ақдің­гек» учаскесінің бригадирі Алмас Алмағанбетов.

Биыл 325 гектарға егілген күрішті бұрынғыдай бірнеше күн бойы суармаған. Үш-ақ күн ішінде бастырылып бітіпті. Сондай-ақ шаруашылықта жыл сайын 20-30 шақырымға дейін күріштік каналдары тазаланып тұрады екен. Бұның да егін алқабына судың жылдам жетуіне себі мол.

Қазалы ауданында 17 мың 685 гектар жерге егін егу жоспарланған. Оның 6637 гектары – күріш. Бірақ су тапшылығына байланысты 50 гектар жерге дән себілмеді.

Ауданда су тапшылығының алдын алу мақсатында әртараптандыру шара­лары атқарылған. Мұндағы диқандар жаң­бырлатып және тамшылата суару әдісіне көбірек жүгінуде. Егілген дақылдардың арасында мал азығымен қатар, қауын, қарбыз, көкөніс түрлері де бар.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<