Егін орағы енді қызады

824

0

Бұл күндері Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласына қарасты күріш алқаптарында ғана егін орағы бастала қойған жоқ. Облыста күрішке орақ салу жұмыстары 22 тамыз күні басталса, қазіргі кезде 3715 гектар алқапқа  орақ салынып, оның 1622 гектары бастырылған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде егін орағына байланысты өткен брифингте облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сейіл­бек Нұрымбетов осындай мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, күріш танаптарында бекітілген кестеге сай 89,2 мың гектардың суы байланған, ол барлық күріш егістігінің 99,7% құрайды. Шаруашылықтарда егін жинау және дала жұмыс­тарына қатысатын техникалар  толық дайын.

Операторлар дизель отынының әр литрін 165 теңгеден жеткізуде.

Басқарма басшысы қазіргі таңда күріштен басқа ерте егілетін дәнді дақылдар толығымен жиналып, майлы және малазықтық дақылдар мен картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жалпы егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей, толық аяқтау көзделіп отыр. Бүгінде күріштің әр гектарынан орташа 43 центнерден өнім алынуда. Мамандар болжамына сәйкес, биылғы жиналатын өнім өткен жылғы көлемнен (бастапқы салмақпен 530 мың тонна күріш салысы) кем болмайды. 

Брифингте БАҚ өкілдері естіген соңғы жаңалық – қыркүйектің 19-20 күндері Нұр-Сұлтан қаласында Қызылорда облысының ауылшар­уашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілетіндігі туралы болды. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі шарада елорда тұрғындарына негізінен күріш, балық, бақша, көкөніс өнімдері ұсынылатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<