Ауруханалар қысқа дайын

352

0

Қазалы ауданында қысқа дайындық шаралары қызу жүргізілуде. Бұл  маңызды мәселе күн тәртібіне тұрақты түрде қойылған.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кент  орталығындағы қос бірдей ауруханаға арнайы барып, қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.

Қазалы ауданаралық ауруханасында бас дәрігер Бақытгүл Әлішеваның айтуынша, аурухана қысқы жылу беру маусымына тастүйін дайын. Жылу қазандығы өткен жылы «көгілдір отынға» ауыстырылған. Қазір табиғи отынмен жылытылатын 3 бу қазандығы бар. Сондай-ақ, қосымша сұйық отынмен жылытылатын 1 бу қазандығы дайын тұр. Оған қажетті 10 тонна сұйық отын қоры да бар. Бақытгүл Әлмәмбетқызы Қазалы ауданаралық ауруханасына қарасты емдеу мекемелерінің жылу беру мау­сымына дайындық жұмыстары назарда тұрғанын жеткізді.

«Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС директоры Құбыл Ршымбетов аудан басшысына жақында ауруханада МРТ орталығы мен ПТР зертханасы іске қосылатынын,  қазір қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, мамандар қосымша курстан өткені туралы ақпаратты  бөлісті.

Ауданда ПТР зертханасының ашылуы – жағымды жаңалық. Айта кетерлігі,  бұған дейін тест сынамалары Қызылорда қаласы мен Арал ауданына жөнелтіліп келген. Енді оның қорытындысын Қазалыда анықтауға болады.

Жұмабек Табынбаев,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<