Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы бас консулы Эрик Майермен кездесті.
Аймақ басшысы алдымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастарды нығайтудың ерекше маңыздылығын, келесі жылы екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыс орнағанына отыз жыл болатынын айтты.
– Біз екі ел арасындағы 29 жыл бойы дипломатиялық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын мақтан тұтамыз. Осы жылдар ішінде екі мемлекет басшылары тиімді әріптестік және халықаралық қоғамдастықтың сенімді мүшелері қағидаттары негізінде кезең-кезеңімен жақсы қарым-қатынас құра алды. Осының арқасында бүгінде Қазақстан мен АҚШ әскери-саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық және басқа да екіжақты ынтымақтастықтың көптеген салаларында ашық және сенімді стратегиялық әріптестер болып табылады. Әлемде қалыптасқан күрделі саяси және экономикалық жағдайда екі елдің өзара іс-қимылы аса маңызды, – деді облыс әкімі.
Осы уақытқа дейін екі ел көптеген салада сенімді ынтымақтастық байланыс орнатты. Іскерлік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бағытында биыл қаңтар-қыркүйек айларында Қызылорда облысының ҚР мен АҚШ арасындағы тауар айналымындағы үлесі 660,7 мың АҚШ долларын құрады. Айта кету керек, Америка Құрама Штаттары Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасына қаржылық қолдау көрсеткен Дүниежүзілік Банктің ірі инвесторы болып табылады.
Кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды.
АҚШ-тың Бас консулы шағын және орта бизнес саласында жүзеге асырылып жатқан жобаларға қызығушылық танытып, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту және Арал тұрғындарының денсаулығы туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен тығыз ынтымақтастық байланыс орнатылғанын, оқушылар мен студенттердің ағылшын тілін үйрену бағдарламалары жүзеге асырылғанын баса айтты. Экономикалық ынтымақтастықты нығайту, өңірге инвестиция тарту жұмыстары туралы да атап өтті.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасының жүзеге асырылуы, индустрияландыру бағытындағы ауқымды жобалар мен өндіріс орындары туралы айтып, экономикалық тиімді бастамаларды қарастыруға дайын екенін жеткізді. Бүгінде күрделі кезеңге қарамастан облыстың экономикасын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасқанын, шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілгенін атап өтті. Сондай-ақ, облыста күріш өсіру бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіліп, ауылшаруашылық саласында қайта өңдеу жобаларына баса мән берілуде.
Облыс әкімі коронавирустық инфекцияға байланысты жағдай бақылауда екенін, пандемияның болжамды екінші толқынына дайындық барысында дәрі-дәрмек қоры толықтырылып, керекті медициналық құрал-жабдықтар көлемі артқанын да жеткізді.
Өз кезегінде Эрик Майер көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, аймақтың экономикалық және әлеуметтік даму мәселелерін шешуде одан әрі бірлескен ынтымақтастыққа дайын екендігін айтты.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<