Кәсіби мерекедегі марапат

393

0

23 маусым – мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсіби мерекесі. Осыған орай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.

Оған облыс әкімі аппара­тының басшысы Ерлан Райғаниев қатысып, мемлекеттік қыз­метшілерді мерекемен құт­тықтады. Саланың үздігі атанған екі азаматқа «Үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісін және бес мемлекеттік қызметшіге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

– Облыста 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірі бәрінен қымбат. Билікке деген сенім қоғам талаптарына сай қызмет ететін мемлекеттік қызметшіден басталады. Аймақ­тағы барлық мемлекеттік қыз­метшілердің жұмысына жеміс, мақсатқа жетуде жігер, шешім қабылдауда парасаттылық пен еңбекте табыс тілеймін, – деді Ерлан Райғаниев.

Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас­шысы Рафхат Бисенов үш азаматқа алғаш рет «Мем­ле­кеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін және әр саладағы алты мем­ле­кеттік қызметшіге агенттік төр­ағасының грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар екі мемлекеттік қызметшіні «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ облыс­тық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынбаева марапаттады. Жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдады.

Бүгінгі таңда Сыр елінде 3500-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Оның қатарында 500-ге жуық жас, 1500-ден астам нәзікжандылар бар. «Басты міндет – елге қызмет» қағидасын қатаң ұс­тан­ғандарға халықтың артар сенімі мол. Оларға жүктелер міндет, қойылар талап та жоғары болып қала бермек.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<