Латуша – өз ісінің шебері

763

0

«Нағыз шебер ғой» десе де мән бермегенбіз. Бұл заманда өз ісіңе ыждағатты болмасаң, әп-сәтте шетке шығып қалуың ғажап емес. Сондықтан жұмысыңа пысықтық керек, жұрт талабына сай әрекет ете білсең ғана кәсібің өрге жүзер. Бұл да сондай таптырмас маманның бірі болар дегенбіз. Оуу, ондайлар көп емес пе еді?! Сөйттім-дағы да тілдесуге уақыт жо­ғалтқым келмеді. Бірақ «ол ауданда кім басшы болса, соның төбесін бірінші көретін адам» дегесін еріксіз бұрылдық. Қы­зық қой енді. Ше­неунік біткенге ұнап жүрген қай шаштараз бұл?!

Жаңақорған жеріндегі түрік азаматы ­Латуша Байсаловпен осылай жо­лы­ғысып қалдық.

– Кеңестік кезеңде осы ауданда бі­рінші хатшы бол­ған Ахметжан Жан­пейісовтің ша­­шын алғанмын. 1975 жылы еді. Содан бері қа­рай аудандағы бі­рінші хатшылар мен әкімдердің ша­шын алып ке­леміз. Тіпті, қа­зіргі бас­шының да шашын аламыз. Ал ауыл әкімдері мен бас­қа да жауапты қызметкерлердің шашын алу бізге үйреншікті жайт. Былайғы жұрттың шашын әсемдеу екібастан ғой, – дейді Латуша Байсалов.

Бозбала кү­нінде Фатима есімді шаштараздан өз бе­тінше үйренген ­Ла­­тушаның өмір жолы Жаңақор­ған­мен байланысты. Оның ата-анасы 1944 жылы сталиндік репрессияға ұшы­рап, осында тұ­рақтаған. Содан бері Жаңақор­ған­ның суын ішіп, құмында ойнаған Латуша қазақ арасында ер жеткен. Шеттен келсе де, шектеу көрмеген шаштараз «өзіміз тү­рік болғанмен, туған жерім қазақ арасы, сондықтан олар ма­ған ағайын-туған іс­петтес» дейді.

– Інімнің баласы Мәмедке үйреттім осы өнерді. Ол да бөлек бизнесін бастады. Иә, шаш – адам көркі. Бір қа­ра­ғанда оңай жұмыс болып көрінуі мүм­кін. Бірақ шын мәнінде өз қиын­дығы бар. Оның бүге-шүгесіне дейін мән береміз, тіпті клиентпен сөйлесіп, тілін табуда жылдар бойғы тәжірибеге сүйеніп келемін. Қан­ша шебер болға­ныңмен кел­­­ген адаммен жы­­лы сөйлесе ал­­масаң, өзіңе, жұ­­­мысыңның нә­­­тижесіне нұқ­­сан келеді. Шаш­­ты бүл­дір­мей, кісі кө­ңі­­лінен шы­ға­тындай етіп қиып беру – зор жауапкер­шілік. Әлгінде айттым ғой, бұрынғы бас­шылардан бү­гінгі әкімдерге дейін шаш алуға келгенде маған сенеді. Бәрі сол, ұқып­­­­ты­лыққа бай­­­ланысты шы­ғар. Осы кә­­сіп­пен ай­на­лыс­қа­ны­ма биыл 46 жыл болыпты. Былтыр ғана зейнетке шық­сам да, әлі қолымнан қай­шы-тарағым түс­кен жоқ, – деп күлді ол.

Латуша Бай­салов аудан бойынша былтырғы жыл­­дың қоры­тын­­дысы­мен «Халық қыз­­метшісі» номинация­сымен мара­патталды. Ла­йық­ты ғой. Расымен, ол осы жерден та­бан аудармай, жарты ғасыр жұртқа қызмет жасап келеді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<