Мал жұтаса, ел қайтпек?

338

0

Қуаңшылық қос өкпеден қысты. Жаз басталмай төрт түлігі қолға қараған шаруаның қазіргі күйін елестетудің өзі қиын. Көтерем болған көп түлікке азық керек. Шығын аз емес. Онсыз да суы сарқылып, өзені өзек болып қалған Сырдарияның жайы да жығылғанға жұдырық болды. Әсіресе бұл Арал жұртына қиын соғуда.

Деректерге жүгінсек, Арал ауданында 931 шаруа қожалығы есепте бар. Олардың ішінде 700-ден астамы – төрт түлік өсіруге бейімделген құрылымдар. Демек, жайылымы жұтап, көлдері суала бастауы шаруа қауымына оңай соққы емес.

Қазіргі есепте аудан бойынша 104 мыңнан астам уақ мал, 54,2 мың мүйізді ірі қара, 43,5 мың жылқы, 32,4 мың бас түйе бар. Олардың 175 мыңнан астамы жеке тұрғындар қолында болса, қалғаны шаруа қожалықтарының үлесінде.

Тағы айтайық, табиғат жыл басынан бері қырын қабақ танытып тұр. Қыста қар, көктем айларында жауын-шашын аз түсті. Жайылымдық жерлер тақырға айналды. Осындай келеңсіздіктің салдарынан малдың қырылу қаупі төнді. Қазіргі күнге ресми деректе 481 бас мал өлген. Оның ішінде 321-і жылқы, 159-ы мүйізді ірі қара және түйе бар. Ал, тіркеуде жоқ түліктің өлім-жітімі туралы не деуге болады?

– Айта кетейік, өлген малда ешқандай жұқпалы ауру белгілері байқалған жоқ. Оны ветеринария мамандары анықтап, тиісті хат­та­масын жасады. Күрделі жағ­дай қатаң қадағалауға алынды. Кезекшілік ұйымдастыру қол­ға алынып отыр. Оған ауыл тұр­ғындары, еріктілер, жедел құтқару жасағы және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ма­мандары топтастырылған. Мал­ға арнайы бақташылар бекі­туге назар аударылды, – деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев күні кеше өткен брифингте.

Аудан әкімі Серік Сермаған­бетовтің төрағалығымен арнайы комиссия отырысы өткізілген. Онда қуаңшылық салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты тиісті іс-шаралар жоспары бекітіліп, мал азығын дайындау мәселесі пысықталған.

Е.Әбішевтің айтуынша, жем-шөп қорын жасақтауда көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы және өз өңіріміздегі аудандармен осы мәселеге байланысты келісім жасалуда. Қазірге дейін ауданға барлығы 116 тонна жоңышқа шөбі жеткізілді. Алдағы күндерге 518 тонна жоңышқаға тапсырыс беріліп отыр.

Тіркелсе, өтемақы төленеді

Жоғарыда атап өтке­ні­міздей, қуаңшылыққа қо­сымша болып тұрған түйткіл – дариядан келетін судың аздығы. Шабындық жерлерге су жетпей, көлдердің қүрделі күйге түсуі жағдайды қиын­датып жіберуде. Жайылымдық жерлердің суат­тардан қашықтығы 20-25 шақырымға жуық. Оған қоса, мамырдан бастап күннің күрт ысуы жайы­лымы жайсыз болып тұрған малды әлсіретіп жіберген.  

Мамандар жайылымдық жерлерді суландыру үшін бұ­рынғы су көздеріне түгендеу жүр­гізген. Алғашқы кезекте бас­ты 49 су ұңғымасының дере­гі нақ­тыланды. Құжаттандыру бойынша құзырлы мекемелер тарапынан тиісті шаралар қабылдануда. Негізгі мақсат – елді мекендердегі су ұңғымаларын қайта қазып, суландыру мәселесін шешу.

Қуаңшылыққа ұрынған шаруалардың бірқатары қол­дағы малын түгел қырып алмау­дың қамымен сатудың амалына көшіп отыр. Олардың қатарында Құланды, Беларан, Мергенсай ауылдарының тұр­ғын­дары бар. Жергілікті жұрт жылқы, сиыр және қой түлігін қазіргі нарықтан төмен ұсынуға мәжбүр. Аталған елді мекендерде құлынды бие 300-350 мың, қозылы қой 40-45 мың, бұзаулы сиыр 260-280 мың теңгеге бағалануда. 

– Ауданда мал басының азаюы өнім өндіру көрсеткішіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Тағы бір айта кетерлігі, қорегін таба алмаған мал тартылған көлшіктердің табанындағы балшыққа батып, шығын болып жатқаны да рас, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Мал шығынына өтемақы төлене ме? Бұған облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева былай түсініктеме берді:

– 2000 жылы шыққан «Сақтандыру қызметі туралы» заң бар. Аталған заңға сәйкес барлық заңды және жеке тұлғалар өз меншігіндегі мүлік­терді сақтандыруға құқылы. Арал ауданында малы шығын болған шаруалар осындай талаптарға сай жұмыс жасаған болса, олар сақтандыру компаниясынан өтемақы талап етуге құқылы. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан сол өңірдегі қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралуда. Аудандағы мал шаруашылығы саласын қиын жағдайда қалдырмау мақсатында тиісті мәселелер пысықталуда. Қазір Сырдария, Жалағаш аудандарында өн­дірілген жоңышқа шөбінің бірінші орымы Арал ауданына тасымалдана бастады. Алдағы уақытта оған көршілес аудан­дардан тасымалдау ар­қылы қажетті шөп қоры жасақтала береді, – деді А.Тілеулеева.

Басқарма басшысының тағы бір қосқаны, аудан орта­лығында әрбір сенбіде жем-шөп мәселесіне байланысты жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр. Мұның өзі қазіргі жағдайға сеп болуы керек.

Елдегілердің ертеңін ойласақ…

Облыстық мәслихат депу­таты Ибадулла Тілеп мынадай пікірімен бөлісті.

– Біз тығырықтан шығатын жолды іздеуіміз тиіс. Өзге өңірлерден шөп-жем тасы­малдау арқылы түйінді толық тарқата алмаймыз. Бұл бір сәттік мәселе емес. Оған жан-жақты қарауымыз қажет. Рас, облыстың көптеген ауданында малға қажетті жоңышқа өсі­ріледі. Дегенмен, аталған шөп­пен өзімізді толық қамти аламыз ба? Облыста өндірілген жоңышқаның еліміздің өзге өңірлеріне қымбат бағаға саты­лып жатқанын білеміз. Мәселен, Жаңақорған, Шиелі аудан­дарының шаруалары шөпті көршілес Түркістан облы­сына сатып жатыр. Сыр­дария, Жалағаш, Қармақшы аудандарында өндірілген жоңыш­қаға еліміздің өзге аймақтарынан сұраныс зор. Десе де, олардан жеткізілген жоңышқа Арал және Қазалы аудан­дарындағы қаншама бас малды азықтандыруға жете ме? Бұл – алдымызда тұрған үлкен мәселе, – дейді ол.

Облыстық мәслихат депу­таты жағдайдың өткірлігін су тапшылығымен де байла­ныстырып отыр.

– Экологиялық апат айма­ғында тұратын халықтың зоры жоқ, зары көп. Бұрын бер жағынан балық аулайтын еді. Судың жоқтығынан көлдер жүйесінің барлығы тартылып кетті. Көпшілік есігінің алдында көкөніс егіп, бақша ермек ететін. Оған тағы су жоқ. Ендігі қалғаны – қарап отырған мал болатын. Оның да ахуалы мынадай жағдайға келді. Осының бір жолын іздеу қажет. Қазіргі таңда Ақбасты, Ақеспе, Тастүбек, Құланды, одан бергі Сырдарияның құярлық аймағындағы Жаңақұрылыс, Қарашалаң, Шөміш елді мекендерінің малы көлдің ортасындағы құраққа барамын деп ұмсынып, батпаққа батып өліп жатқан жайы бар. Далада ештеңе жоқ, өсімдік шықпай қалған. Былтыр күзде жаңбыр болған жоқ. Қыста қардың өзі аз жауды. Биылғы көктемде қырсыққанда бір тамшы жаңбыр тамбай қалды. Қазір осы тұрғандағы қара шаруаның жағдайы катастрофа десек болады. Халық өте қиналып кетті. Қиналғанын мынадан-ақ байқауға болады. Аналығын сақтап қаламын деген мақсатта ерте туған құлынын 40-50 мың теңгеден сатып жатыр. Қайсыбір күні бір шаруа 20 бас жылқыны көлігіне тиеп шығады. Ол Аралдың төңірегіне келемін дегенше жалғыз айғырын жеткізіпті. Яғни, көтерем мал жолға да жарамай жатыр. Қазір халық құлынды байталдарын 200-250 мың теңгеден сатып жатыр. Оны сатып алатын адамдар 20-30 мың теңгенің жем-шөбін апарып, үш-төрт күн ана жылқыны бағып, содан кейін жолға тиеп алып кетеді. Арал аймағында жусан түбіртек болып шыққан да, көктемей қалған. Ірі қара жусанды жей­мін деп, құмды тістеп тартады. Ол малдың ішіне түседі. Соның кесірінен де өліп жатыр.

Сырдария өзені арқылы келетін судың деңгейін кө­термей, күрделі жағдайды оңалту қиын. Сол арқылы атал­ған аймақтарда шабындық, жайылым мәселесін қалпына келтіруге болар еді. Мынаған назар аударайық:  Арал және Қазалы аудандары тұрғын­дарының негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Қолдағы төрт түліктен көз жазып қалса, ертең олардың жағдайы қалай болады? Бұл – енді өте күрделі мәселе, – деді ендігі сөзінде Ибадулла Тілеп. 

Қазалы ауданында Арал­дағыдай болмағанымен, қуаң­шылықтың салдары байқал­майды емес. Жайылымның жағдайы төрт түліктің қоң жинауына қолай болмай тұр.

– Рас, бізде де бұған байланысты проблема бар. Одан шығатын жолды қарас­тырып жатырмыз. Қазіргі таңда жоңышқа өсіретін шаруа­­шылық басшыларымен келіс­сөз жасалуда. Мал азы­ғын дайындағанда алғашқы кезекте өзімізді қамтуға назар аударсаңыздар деген ұсыныс айттық. Ауданда шөпке орақ таяу уақытта түседі. Оған қоса өзге облыстардан жем алу мәселесі күн тәртібінде тұр. Әрине, шаруа қожалықтары тарапынан тиісті әрекет жасалуда, – деді Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков.  

Түйіндей айтқанда, мал баққан шаруаның тіршілігін тығырыққа тіреген бұл ахуал әзірге әрі-сәрі күйде тұр. Жаз болса жайлы қабақ танытпай, онсыз да қуарған даланы қуырып барады. Ендігі үміт  –Сырдың суында.

Тәжіктен түсер су туралап келсе игі

Жылымық жаңалықтың лебі бар. Сырдария өзеніндегі күрделі ахуал Тәжікістанда талқыланды. ҚР Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Душанбе қаласында Тәжік­стан­­ның Энергетика және су ресурстары министрі Д.Джу­мамен кездесіп, тәжіктің «Бахри Точик» су қоймасынан маусым-тамыз аралығында 315 млн текше метр суды қосымша жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Ал бұдан бір апта бұрын ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Қырғызстанның бірнеше ми­нистрлік басшылығымен кез­десіп, бірқатар келісімге келді. Осыған сәйкес «Тоқтағұл» су қоймасынан 330 млн текше метрден, яғни, жыл сайын маусым-тамыз айлары ара­лығында (2023 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда) қо­сымша су жіберуді жүзеге асыру белгіленді.

Демек, жоғарыдан келетін судың көлемі Түркістан және Қызылорда облыстарында веге­тациялық кезеңде су тап­шылығын төмендетуге мүм­кіндік береді.

Әрине, тегін дүние жоқ. Жоғарыда аталған келісімдерге сәйкес Қазақстан осы жылы Қырғызстанға 900 млн кВт/сағ электр энергиясын жеткізуді міндетіне алып отыр. Сол секілді Тәжікстанға «Бахри Точик» су қоймасының қосым­ша жұмыс істеуінің теріс салдары туындаған жағдайда материалдық-техникалық қол­дау көрсетеді.

Бәрін айт та бірін айт, келіссөз арқылы сұрап алған қосымша су «жолай әлдекімді жарылқамай» Қазақстан аумағына толық жете ме?

– Мәселе осында, – дейді «Қазсушар» РМК өн­ді­ріс­тік учаске басшысы Жора­бек Нұрымбетов бізбен әңгімесінде. – Тәжікстандағы «Бахри Точик» су қоймасы мен Қазақстан аралығында су қоймасы жоқ. Бірақ Өзбекстан территориясында су алатын каналдар аз емес. Сұрап алған суымыздың мұрты бұзыл­май толық жетуі үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі енді өзбек тарапымен жұмыс жүргізуді бастады. Нәтиже береді деп сенеміз.

Қысқасы, «Шардарадағы» су биылғы егінге жет­кіліксіз болғандықтан – Қыр­ғызстандағы «Тоқтағұл» және Тәжікстандағы «Бахри-Точик» су қоймасынан қосымша алуға мәжбүр болдық. Бұл енді вегетациялық кезеңге толығы­мен келіп жетуі тиіс.

Әділжан Үмбет,

Ыдырыс Тәжіұлы

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз