Бүгінде Қызылорда ақ күрішімен, қара алтынымен ғана емес, тәттілерімен де мақтана алатын аймаққа айналды.
Күн сайын көркейіп келе жатқан туған шаһарымызда тағы бір көрікті ғимараттың ашылу салтанаты болып өтті. Ол – үлкен сұранысқа айналған «Ainur,s сakes» кондитерлік өнімдерінің ордасы. Бұл қадам кәсіпкер Айнұр Баймаханова негізін қалаған қаламыздағы тәттілер әлемінің жаңа белеске шыққанын дәлелдегендей. 2016 жылы үй жағдайында алғашқы торттарын пісіре бастаған кәсіпкер 2018 жылы Астана қаласында шеберлік класына қатысып келген соң, кондитерлік цех пен дүкен ашу жоспары үшін жолдасы Қанат Байжановпен бірлесіп, күн-түні еңбек етті. Осы еңбектің нәтижесінде қазір қалада ассортиментке бай, тек десерттер ғана емес, дәмді тағамдар да дайындайтын жүзге тарта жұмысшы мамандары бар төрт дүкен іске қосылып отыр.
Енді міне, «Ainur,s сakes» қызылордалықтарға жаңа қасбетті, 1180 шаршы метр аумақты алатын заманауи кондитерлік цех пен «Croissant» кофейнясын тарту етті.
Кәсіпкер жаңа дәм сарайының ашылу салтанатында келушілерге тегін тәттілер үлестіріп, сонымен бірге бағалы сыйлықтар ұтып алуға мүмкіндік жасады.
Қала тұрғыны А.Берікжан былай дейді: «Мен Айнұрдың тәттілерін қазір әр үйдің дастарқанынан көріп жүрмін. «Ainur,s сakes» тұрақты сатып алушыларына да түрлі жеңілдіктер көрсетеді. Сонымен бірге үнемі тұтынушылармен байланыс орната біледі, қызметкерлеріне қаржылық қолдау көрсетеді».
Әрине, көп көңілінен шығу үшін еңбекпен бірге елшілдік қасиеттер де керек. Біз де жұртқа жақын болған жас кәсіпкерлерге адал еңбектің тәтті жемісін тілейміз.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





