Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы қоғамдық келісім және тілдер орталығының директоры Бақытжан Камаловтың айтуынша, «Достық үйінде» 38 қызметтік кабинет бар. Мұнда облыстағы этномәдени бірлестіктерге, қоғамдық ұйымдарға және бірқатар құрылымдарға арнайы орын берілген.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 30-ға жуық этнос өкілі тұрады. Өңірде 11 этномәдени бірлестік ресми тіркелген. Жаңа ғимаратта олардың өз тілін, мәдениетін, өнерін, дәстүрін дамытуына барлық жағдай жасалған. Кабинеттерден бөлек, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқытуға арналған бөлмелер, би залы, шығармашылық бағыттағы кеңістіктер қарастырылған.
‒ Жаңа ғимараттың басты ерекшелігі – мұнда тек этномәдени орталықтар ғана емес, қоғамдық құрылымдар да бір шаңырақ астында жұмыс істейді. Екінші қабатта Азаматтық альянс, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі орналасқан. Үшінші қабатта түрлі ұйымдар мен мекемелерге арналған кабинеттер бар. Өңірдегі қоғамдық келісім, азаматтық бастамалар мен мәдени байланыстар тоғысатын ортақ алаңға айналды, – дейді ол. – Жаңа нысан ашылғаннан кейін мұнда бірқатар ірі іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өтуі «Достық үйінің» қоғамдық маңызын арттыра түсті. Мұнда ел дамуына қатысты ұсыныстар айтылып, қоғамдық келісім, саяси жаңғыру, экономикалық даму, ұлттық бірегейлік мәселелері кеңінен талқыланды. Күнделікті жұмыс та жүйелі жолға қойылған. Этномәдени бірлестіктер мерекелік шаралармен ғана шектелмей, тіл үйрету, қайырымдылық, ардагерлерге құрмет көрсету бағытында белсенді жұмыс жүргізеді. Ассамблея жанындағы аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі, жастар қанаты, медиация орталығы, журналистер клубы сияқты құрылымдар да осы ортақ мақсатқа қызмет етеді.
Мәселен, корей этномәдени орталығы – жаңа ғимаратта белсенді жұмыс істеп келе жатқан ұйымдардың бірі. Орталық төрайымы Елена Анның айтуынша, Қызылорда облысында шамамен 8000 корей тұрады. Орталық арқылы жастардың Кореядағы білім беру бағдарламаларына қатысуына, колледждер мен университеттерге түсуіне, түрлі лагерьлерге баруына қолдау көрсетіледі. Корей тілін тегін үйренуге мүмкіндік бар. Сабақтар аптасына екі рет өткізіледі. Сонымен қатар, корей мәдениеті, биі, асханасы мен салт-дәстүріне қызығатындардың барлығына есік ашық.
‒ Орталық шетелдік қонақтарды да қабылдайды. Қызылордадағы корей халқы үшін тарихи маңызы бар мемориалдық кешенге де келушілер көп. Сондай-ақ Сольналь мерекесі, корей мәдениеті фестивалі, дәстүрлі тағамдар күні сияқты іс-шаралар арқылы орталық өз мәдениетін көпшілікке таныстыратын болады. Мұнда жастар, орта буын және ардагерлер бірге бас қосып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға мән береді, – деп атап өтті Е.Ан.
Қырғыз этномәдени орталығы да белсенді бірлестіктердің қатарында. Орталық төрағасының орынбасары Ғани Қасымовтың айтуынша, ұйым 2010 жылы құрылған. Қызылорда қаласында шамамен 100-ге жуық қырғыз отбасы бар. Орталық алдағы уақытта жастар қанатын құрып, спорттық және мәдени бағыттағы жұмысты жандандыруды жоспарлап отыр.
Қырғыз этномәдени орталығы Қырғызстан өнер ұжымдары мен, Қазақстанның 9 облысындағы қырғыз этномәдени бірлестіктерімен байланыс орнатқан. Жаңа ғимараттың кең әрі заманауи мүмкіндіктері бұл жұмысты одан әрі дамытуға жол ашып отыр. Ғ.Қасымов қазақ пен қырғыз халқының мәдениеті, тұрмыс-салты, ұлттық ойындары мен тілі өте ұқсас екенін атап өтті.
– Орталықта үлкен кісілерді аралап, хал-жағдайын сұрау, мерекелерде басқосу, Наурыз бен Құрбан айтты бірге атап өту дәстүрге айналған. Алдағы уақытта шахмат, волейбол және басқа да спорттық бағыттар бойынша жастарды тарту көзделіп отыр, – дейді ол.
Сыр өңірінің рухани-әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатын жаңа «Достық үйі» – бүгінгі күні тек этностар мәдениетін танытатын алаң ғана емес, қоғамдық келісім мен азаматтық бастамалардың тұғырлы орталығына айналған заманауи кешен. Сәулеті келіскен еңселі ғимарат Қызылорда қаласының көркін айшықтап қана қоймай, мазмұны жағынан да терең мәнге ие.
Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың өзара ықпалдастығын күшейтуге бағытталған кеңістік. Ғимарат ішіндегі әрбір кабинет нақты міндетке бейімделіп, түрлі бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне мүмкіндік береді.
Мәселен, этномәдени бірлестіктерге арналған арнайы кабинеттерде әр этностың салт-дәстүрі дәріптеліп, тілдік және мәдени жобалар жүзеге асады. Мұнда ұлттық мерекелерді ұйымдастыру, қолөнер көрмелерін өткізу, жастарға этникалық құндылықтарды насихаттау жолға қойылған. Облыстық және қалалық ардагерлер кеңесіне бөлінген жұмыс бөлмелері – өмір тәжірибесі мол буынның бас қосып, жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін, кездесулер мен ашық сұхбаттар өткізетін орны.
Азаматтық Альянс өкілдерінің кабинеттері қоғамдық бастамаларды үйлестіруге арналған. Бұл жерде үкіметтік емес ұйымдар өз жобаларын талқылап, әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларды жүзеге асыруға бағыт алады. Сонымен қатар медиация орталығы да осы ғимараттан орын тапқан. Мұнда кәсіби медиаторлар тұрғындар арасындағы дау-дамайларды бейбіт жолмен шешуге атсалысып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға үлес қосады.
Ғылыми-сарапшылық топтарға арналған кеңселерде сарапшылар қоғамдық үдерістерді талдап, этносаралық қатынастардың дамуына қатысты ұсыныстар әзірлейді. Ал музей бұрышы өңірдегі этностардың тарихы мен мәдени мұрасын насихаттап, келушілерге танымдық мағлұмат береді.
Жастарға арналған шығармашылық кабинеттер ерекше назар аударады. Домбыра сыныбында ұлттық өнердің қыр-сыры үйретілсе, ән үйірмесінде вокалдық қабілет шыңдалады. Би залында түрлі бағыттағы хореография сабақтары өткізіліп, жас таланттардың сахналық мәдениеті қалыптасады. Бұл бағыттар өскелең ұрпақтың рухани дамуына жол ашады.
Ғимараттағы 200 орындық концерт залы – ірі мәдени шаралардың ордасы. Мұнда фестивальдер, концерттер, форумдар ұйымдастырылып, өнер мен мәдениеттің кең тынысы сезіледі. Ал 50 орындық акт залы шағын форматтағы жиындар, кездесулер, семинарлар өткізуге ыңғайлы.
«Достық үйінің» қызметі тек мәдени шаралармен шектелмейді. Мұнда қоғамдық келісімді нығайту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қайырымдылық акцияларын өткізу, тарихи сананы жаңғырту бағыттары қатар өрбиді. Бірлік күні, Ұлы Жеңіс күні, Наурыз мейрамы, Құрбан айт секілді мерекелер кең көлемде аталып өтсе, «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер мен көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Аналар кеңесі әскери бөлімдермен тығыз байланыс орнатып, сарбаздарға рухани қолдау көрсетсе, Наурыз мерекесі кезінде ұлттық киімдер шеруі, қайырымдылық іс-шаралар мен тазалық науқандары өткізіледі. Ардагерлер кеңесі жастармен жүздесіп, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға үлес қосады. Ал жастар қанаты мәдени, спорттық және әлеуметтік жобаларға белсенді қатысып, жаңа идеялардың жүзеге асуына серпін береді.
Бүгінде «Достық үйі» – нақты мақсатқа қызмет ететін, қоғамның түрлі буынын бір арнаға тоғыстыратын бірегей орталық. Мұнда бір кабинетте тіл үйретсе, енді бірінде өнерге баулиды, тағы бірінде қоғамдық бастамаларға қолдау көрсетіледі.
Іргетасы Бірлік күні қаланып, жаңа жылдың алғашқы күндерінде ел игілігіне берілген бұл кешен атауына сай шынайы достық пен келісімнің мекеніне айналды. Сыр жұртшылығы үшін бұл – ортақ құндылықтарды ұлықтайтын, бірлік пен ынтымақты бекемдейтін қасиетті орда.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





