Түрікменстанның Ашхабад қаласында Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) 44-пленарлық апталығы өтті. Іс-шараға ЕАТ-қа мүше мемлекеттердің делегациялары, FATF, халықаралық ұйымдар мен байқаушылар қатысты.
Пленарлық отырыс барысында жаһандық және өңірлік қатерлерге қарсы іс-қимылды күшейту, жасанды интеллект технологияларының ықпалы және 2026–2027 жылдарға арналған тәуекелдерді бағалау мәселелері талқыланды.
Қазақстан делегациясы ұлттық жылыстатуға қарсы жүйенің дамуы жөніндегі алғашқы прогресс есебін таныстырды. Нәтижесінде еліміздің FATF-тың төрт негізгі ұсынымы бойынша рейтингі «едәуір сәйкестік» деңгейіне дейін көтерілді.
Атап айтқанда, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырудың алдын алу, заңды тұлғалардың ашықтығын қамтамасыз ету және қаржы ұйымдарын қадағалау бағыттарындағы жұмыстар оң бағаланды.
Халықаралық сарапшылар Қазақстанның номиналды тұлғаларды заңсыз пайдалану тәуекелдерін төмендету және бенефициарлық меншік иелерінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы бастамаларын жоғары бағалады.
Қазіргі таңда елімізде FATF стандарттарына сәйкестендіру мақсатында ұлттық заңнамаға ауқымды өзгерістер енгізілген. Түзетулер алты кодекске, он заңға және өзге де нормативтік-құқықтық актілерге қамтылды.
Қазақстанның қорытынды прогресс есебі FATF стандарттарына сәйкестігі бойынша талдаудан өткеннен кейін ЕАТ-тың ресми сайтында жарияланады.
ЕАТ-тың келесі, 45-пленарлық апталығы 2026 жылғы қарашада Тәжікстан Республикасында өтеді.






