Өңірде «Таза Қазақстан», құрылыс, цифрландыру бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Әсіресе, көркейту-көгалдандыру шараларына баса мән беріліп, әрбір іс-әрекет қатаң бақылауға алынған. Осы ретте облыс әкімі Мұрат Ергешбаев сенбі, жексенбі күндері бірқатар нысандарда болып, жұмыс барысын електен өткізді.
Ботаникалық саябақта өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы кең көлемді тазалық акциясына зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма, департамент және инспекция басшылары, «AMANAT» партиясының өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары мен экобелсенділер қатысты.
ТАЗАЛЫҚ – ТӘРБИЕ КӨЗІ
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы», – деген болатын.
Қоршаған ортаны қорғау, оны күтіп ұстау тек мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың міндеті және қоғамның ортақ негізгі құндылықтардың бірі болуы тиіс, – деді аймақ басшысы осындағы сөзінде. Сондай-ақ, өңірде санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар қарқынды жүріп жатқанын айтты.
– Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері, бүгінгі шарамыз өтіп жатқан Ботаникалық саябақ қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Өңірімізде дизайн код бекітіліп, облыс орталығынан бастап барлық елді мекендер бірегей архитектуралық талаптарға сәйкестендірілді. Облыс орталығындағы 80-нен аса ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельмен қапталды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, қосымша 21 тұрғын үй жаңғыртудан өтуде, – деді облыс басшысы.
Іс-шарада қоршаған ортаны қорғауға және тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізуге үлес қосқан 100 қызметкер марапатталды. Экологиялық инфрақұрылымды нығайту мақсатында салалық мекемелерге 26 арнайы техника табысталды. Оның ішінде қалдық тасымалдаушы көліктер, өрт сөндіру техникалары, тракторлар және кіші өрт сөндіру кешендері бар.
Ботаникалық саябақ аумағы көгалдандырылып, 500 түп қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Бұл жұмыстар өңірді жасыл желекке бөлеуге, ауа сапасын жақсартуға және қала тұрғындары үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталған.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде облыстың барлық елді мекенінде бір мезгілде ауқымды сенбілік және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Облыс әкімі Ботаникалық бақ аумағында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бастамасымен қолға алынған көкөніс өсіретін жылыжай жұмысымен танысып, оқытушылармен пікір алмасты.
Жыл басынан бері өңірдегі экологиялық шараларға 121992 адам, яғни еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласының және кәсіпорын қызметкерлері белсене қатысты. Осы уақыт аралығында 3030 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, 3367 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, 669 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 210 су объектісі және 5383 көше бойы тазартылған. Бұл жұмыстарға 548 арнайы техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, жыл басынан бері облыс аумағына жергілікті климатқа бейімделген 88 567 түп ағаш көшеті отырғызылды. Олардың қатарында қарағаш, терек, Сыр талы және басқа да көшет түрлері бар.
Бұл акция – өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға, табиғатты қорғауды жүйелі жолға қоюға және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Ауқымды акцияға облыс бойынша 17694 адам қатысты.
КІТАПХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ
Мемлекет басшысы өткен жылы аймаққа жұмыс сапарымен келгенде Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылорда қаласында ашылатынын айтқан болатын. Қазір нысан құрылысы қарқын алды. Облыс әкімі мұндағы жұмысты пысықтады.
Заманауи, көпфункционалды кітапхана салуға инвестор есебінен 20 млрд теңге бөлінген. Жоба еліміздегі кітапхана инфрақұрылымын дамытуға, оқырман қолжетімділігін арттыруға және өңірлерде ақпараттық мәдениет деңгейін көтеруге бағытталған.
Жалпы 13000 шаршы метр аумақта 1 миллионнан астам кітап қорын сақтау, жыл сайын 250-300 мың оқырманға қызмет көрсету жоспарланған. Кітапханада ашық форматтағы оқу залдары, 50 адамдық цифрлық ресурстармен жұмыс істеуге арналған электронды бөлме, инновациялық медиа-лаб пен подкаст студиясы болады.
ЖҮЙЕНІҢ МІНДЕТІ – ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТ
Қызылорда қаласында шұғыл жағдайлар мен коммуналдық мәселелерге қатысты өңір халқынан келіп түсетін өтініштерді жедел қабылдап, өңдеумен айналысатын Жедел әрекет ету орталығы бар.
Облыс әкімі орталық қызметімен танысып, маңызды деген мәселелерді сүзгіден өткізді. 2019 жылы құрылған мекеме құрамына 112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі мен 109 – Бірыңғай байланыс орталығы біріктірілген. 75 қызметкер жұмыс істейді.
Мұнда «Көмек-112» және «Көмек-109» жүйелері толық іске қосылып, шұғыл қызметтер мен мемлекеттік деректер базалары біріктірілген. Соның нәтижесінде 101, 102, 103 және 112 нөмірлеріне түскен қоңыраулар бір орталықта қабылданып өңделеді. Жыл басынан бері «Көмек-112» жүйесіне 103 мыңнан астам хабарлама тіркелген.
112 қызметі төтенше жағдайларға байланысты қоңырауларды қабылдап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйе жаңғыртылып жатыр. Бұл жаңарту арқылы қоңыраулар тезірек өңделіп, қателіктер азаяды. Сонымен қатар GPS арқылы оқиға орнына ең жақын құтқару қызметі немесе полиция экипажы автоматты түрде бағытталып, жұмыс тиімді үйлестіріледі.
109 байланыс орталығы тұрғындардың коммуналдық және күнделікті мәселелерге қатысты өтініштерін қабылдайды. Азаматтар бір ғана 109 нөміріне хабарласып, түрлі қызметтер бойынша ақпарат алып, өтініш қалдыра алады. Жыл басынан бері бұл жүйеге 91 мыңнан астам өтініш түскен.
Алдағы уақытта жүйеге жасанды интеллект технологиялары енгізіліп, өтініштерді автоматты түрде өңдеу, жүктемені азайту және қызмет көрсету сапасын арттыру жоспарланған.
ЦИФРЛЫҚ БАҚЫЛАУ: ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МАҢЫЗДЫ
Облыс әкімі жедел басқару орталығының жұмысын да назардан тыс қалдырмады. Қазір өңірде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқықбұзушылықтың алдын алуда заманауи цифрлық жобалар жүзеге асырылуда. 2006-2016 жылдар аралығында Қызылорда қаласына 272 бейнебақылау камерасы орнатылып, тұрақты жұмыс істеп тұр.
2024 жылы аудан орталықтарында да Жедел басқару орталықтары құрылып, аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімшелеріндегі ақпаратты қабылдау, тіркеу жұмысы автоматтандырылды. Жоба аясында 539 бейнебақылау камерасы мен 49 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы іске қосылды.
Өткен жылы осы жүйе көмегімен 65 қылмыс, 74 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 807 млн теңге көлемінде айыппұл, осы жылдың алғашқы төрт айында 27 қылмыс, 16 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, 161 млн теңге айыппұл салынған.
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуде былтыр Қызылорда қаласына қосымша 1400 бейнебақылау камерасы, 20 мекенжайға зияткерлік қиылыс жүйесі және 58 мекенжайға стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы қойылды. Сонымен қатар жасанды интеллект функциясы бар бейнеаналитикалық жүйе енгізіліп, Жедел басқару орталығы толық жаңғыртудан өткен.
Былтыр облыс көлеміндегі бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшегіш құрылғылар арқылы 371 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 4,7 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған.
Биыл қала орталығына 10 «Sunqar» кешені орнатылды. Жаңа кешендер қауіпсіздік белдігін тақпау, жылдамдықты асыру, көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу секілді құқықбұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді.
Осы құрылғылар арқылы өткен төрт айда 26 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған.
Өңірде 23 «Ekin Patrol G2» мобильді жылдамдық өлшегіш құрылғысы бар. Олардың көмегімен өткен жылы 43 мыңнан астам құқықбұзушылық белгілі болған. Полиция департаменті 12 дрон құрылғысын пайдалануда. Биылғы төрт ай ішінде дрондар көмегімен республикалық маңызы бар автожолдардың қауіпті учаскелерінде 48 құқықбұзушылық тіркелген. Бұдан бөлек, «Қазақтелеком» АҚ жүзеге асырып жатқан «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» жобасы аясында 6 ұшқышсыз ұшу аппараты пилоттық режимде іске қосылған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы цифрлық жобалар кезең-кезеңімен жалғаса береді.
ҚҰРАМА ҮЗДІК ҮШТІКТЕ
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Ұлттық баскетбол федерациясының президенті Абай Алпамысовпен кездесуінде саланы қолдаудағы ауқымды жобалар талқыланды.
– Мемлекет басшысының аймақтарда спорт инфрақұрылымын, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион іске қосылды. УЕФА-ның IV санатты сертификатын алған жаңа стадион былтыр қазан айында Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды. Мұнда ірі спорттық шараларды өткізуге барлық мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ былтыр балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы салынып, пайдалануға берілді.
Осындай облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі – «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы денешынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты жоғары білікті спортшылар және резерв әзірлеу бағытында 33 мекеме жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 38 спорт түрінен 646 жаттықтырушы-оқытушы 22 мыңнан астам спортшыны кәсіби бағытта тәрбиелеуде. Салаға көрсетілген қолдаудың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы «Жылдың үздік спорт өңірі» атанды, – деді аймақ басшысы кездесу сәтінде.
Ал өңірде баскетболмен 46 мыңға жуық адам шұғылданады. Облыстың құрама командасы ел чемпионаттарында үздік үштік қатарынан көрініп жүр. Қазірде 6 спортшы Қазақстан құрама командасының сапына енген. Сондай-ақ Тоғжан Нұрғалиева мен Аяжан Төребекқызы 19 қыркүйек – 4 қазан аралығында Нагоя қаласында (Жапония) өтетін ХХ Жазғы Азия ойындарына қатысуға үміткерлер қатарында.
КӨРКЕЙТУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ТАЛАБЫ КҮШТІ
«Қызылорда қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандыру» жобасының көтерер жүгі салмақты.
Деректер бойынша өткен жылы 46100 түп ағаш көшеті отырғызылған. Сонымен қатар, «KazStroyCapital» ЖШС «Қорқыт ата әуежайы» аумағына, орталық көшелер мен саябақтарға 779 мың біржылдық және 33,8 мың көпжылдық гүл көшетін егіп, 73,5 мың шаршы метр гүлді көгал түзілген.
«Hunter» технологиясына негізделген автоматты суару жүйесі, 45 шақырымнан астам құбыр тартылса, биыл 51900 түп көшет отырғызу және суару жүйесін кеңейту жоспарланған. Қазір қаладағы 27 субұрқақ іске қосылды.
Ал Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда қазір Н.Назарбаев даңғылы, А.Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш.Есенов көшелерінде жұмыс қарқынды. Жоба аясында 5,5 шақырым жол қайта жаңғыртылып, жаяу жүргіншілер жолы, лотоктар мен жарықшамдар орнатылуда. Сонымен қатар, Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғыртылуда, 2,1 шақырымнан асатын көше бойында жаяу жүргінші жолы мен жарықтандыру жүйелері қарастырылған.
Облыс әкімі осы нысандардағы жұмысты тағы да ширата түсуді тапсырды. Бұл ретте «Қызылжарма» каналын науамен жабдықтау, «Бәйтерек» шағын ауданындағы Оңтүстік магистралды каналы арқылы өтетін көпір құрылысы да қаперден қағыс қалмады. Мұнда да инфрақұрылымды жаңғырту, жаяу жүргіншілер көпірлерін салу және жарықтандыру жүйелерін орнату қарекеті жасалып жатыр.





